Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге арналған іс-шараға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді.
– Латын графикасы негізіндегі қазақтың ұлттық әліпбиін түзу, қалыптастыру және қолданысқа енгізу – өскелең өмір мен өзгермелі уақыттың талабы. Ел тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап ауық-ауық көтеріліп келе жатқан бұл мәселе, міне, бүгінде жан-жақты талқылану арқылы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болып, ең жоғары ресми деңгейде шешім қабылданды. Бұл қабылданған тарихи әрі прагматикалық шешімді – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 26 қазандағы №569 Жарлығын қазақ тілінің барша жанашырлары – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері толық қолдайды, – деді академик Өмірзақ Айтбайұлы жиында.
Шара барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан және А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек әліпби ауыстыру барысындағы зиялы қауым мен қоғам пікірінің бір арнада тоғысып отырғандығын айта келіп, қабылданған шешімді халық көптен күткен тарихи таңдау деп бағалады. Осылайша, тілдік реформаға жол ашып отырған жаңа ұлттық әліпбиге көшу үрдісі елдігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ететін тарихи маңызды қадам деп санайтын академиктер тобы барша жұртшылықты бұл істі қолдауға шақырып, арнайы үндеу қабылдады.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,академик, ҰҒА президенті:
– «Мен латын әліпбиіне өтуді 1994 жылдан бастап кеттім» десем әріптестерім қалжыңға сүйейтін шығар. Шындығында, Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінде қызмет еткен жылдарымда осы мәселені егжей-тегжейлі зерттедім. Оқытушылардың көбі кирилл жазуын оқи алмады. Әрі жаңа компютерлік технологияға негізделген, жұмысты жеңілдететін, барлығына түсінікті қарым-қатынас орнататын жазба тілін таңдадық. Ол латын еді. Сол уақыттан бері латын әліпбиі арқылы ғылым мен инновацияның тілі – ағылшын тілін де үйрену оңай болатынына көзім жетті. Елбасының жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшуді міндеттеген Жарлығын ұзақ күткен адамның бірі ретінде әрі қазақ ғалымдарының басын қосатын қара шаңырақ – Ғылым академиясының басшысы ретінде ендігі күш-жігерімізді осы бағытқа жұмсайтынымызды айтқым келеді.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
– Латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін пайдасы зор ұлттық жоба.
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында маңыз берілген бағыттың бірі жаңа қазақ әліпбиін жасау болатын. Бұл күнге де қазақтың қолы жетті. Түрлі тарихи жағдайларды басымыздан өткердік. Қанатымыз қатайды, буынымыз бекіді. Жаңа әліпби – тәуелсіздіктің нығайып, жаңа кезеңдегі дамуға өткеніміздің айғағы. Бұл жаңа әліпби тарихқа ұлттық әліпбиіміз болып енетін болды. Мұның алдындағы Үкіметке ұсынылған әліпбидің алғашқы нұсқасы екі әріппен бір дыбысты беруге бағытталған еді. Біз мұны аса қабылдамадық. Жазушылар өз пікірін білдірген болатын. Диграфтардан жасалған әліпби көпшіліктен қолдау таппады. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, елдің пікіріне құлақ асқан Елбасы бір дыбыс, бір таңбаға негізделген әліпбиді кезең-кезеңімен енгізуді жарлықпен бекітті. Ендігі жұмыс мамандардікі. Сәттілік!
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
– Бұл бастама ана тілімізге қатысты бірнеше мәселені шешуге жол ашады. Қазіргі қолданыстағы «Тіл туралы» заңды қайта қараудың реті келіп тұр. Бұл қазақ тілінің мәртебесін айқындауға, тілдің қоғамдық орта мен іс-қағаздарындағы қолданылуын реттейтін мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалады. Кірме сөздерді шет тілінде қалай айтылса, солай дыбыстап жүрдік. Әлемнің ешбір тілінде ондай ереже жоқ. Біздің грамматикамыздың ережелері орыс тілінен көшірілді. Демек, біз қазақ тіліне негізделген латын қарпін енгізіп қана қоймай, сөзжасам, фонетикалық, морфологиялық ережелердің бәрін қайта қарастыратын боламыз. Тетік іске қосылды. Енді тек алға қарауымыз керек. Барлық тіл мамандары, жанашырлары осыған жұмылып жұмыс жасауға міндеттіміз.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ