Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Жастардың киберәлеуметтенуінің өзекті мәселелері

2195 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жастардың әлеуметтенуі мәселесі әрдайым адамзат қауымы үшін өзекті саналады. Әсіресе, бұл мәселе заманауи ақпараттық қоғамда күшейіп бара жатқандығын баршамыз білеміз. 

Жастардың киберәлеуметтенуінің өзекті мәселелері

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы, Интернет жүйесінің кеңеюі, виртуалдық кеңістікте тұлға әлеуетінің өзгерістері орын алған ақпараттық қоғамға өту үдерістеріне жастар жылдам және белсенді түрде енді деуімізге негіз бар. Дегенмен, жастардың жаңа электронды қоғамдағы бірлесу үдерістерінің жүру барысын зерттеу маңызды саналады.

Бүгінде тұлғаның ғаламтор кеңістігіндегі, оның ішінде әлеуметтік желілердегі әлеуметтенуі мәселелері шет елдік ғалымдардың ғылыми-зерттеу қызығушылығын туындатуда. Әйтседе, мұндай зерттеулерді отандық ғалымдар аз жүргізіп жатқандығын мойындауымыз қажет. Зерттеулердің басым бөлігі Батыс және Ресей ғалымдарына тиесілі екендігін де айтқанымыз жөн.

Тұлғаның ғаламтор ортасындағы киберкеңістіктегі тұлғаның әлеуметтенуі үдерісін зерттеу барысында Ресей ғалымы В.А. Плешаков ғылыми айналымға «адамның киберәлеуметтенуі» ұғымын енгізді. Оның пікірінше, киберәлеуметтену Интернет киберкеңістігіндегі адам әлеуметтенуінің нәтижесінде оның ресурстары мен байланыс құралдарын пайдалану арқылы тұлға құрылымының сапалық өзгерістерінің шеңберінен аспайтын үдеріс болып табылады.

Ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын байланыстардың мынадай ерекшеліктерін атап өтуімізге болады: ғаламтор өзінің қолжетімділігіне байланысты түрлі адамдар арасындағы байланыс құралы болып табылады; ғаламтор тәулігіне 24 сағат жұмыс жасағандықтан қажетті ақпаратты кез келген уақытта алуға болады; ғаламтордың әмбебаптылығына байланысты түрлі ақпараттарды жинауға, алмасуға және таратуға мүмкіндік мол; өзге техникалық құралдармен салыстырғандағы өзіндік құнының төмендігіне байланысты тұрғындардың кеңінен қолжетімділігі қамтамасыз етіледі; техникалық құралдардың ұдайы түрде жетілдірілуі ғаламтор мүмкіншіліктерін кеңейтеді.

2014 жылы Астана қаласында өткен Еуразия медиа форумында Д. Назарбаева қазір әлеуметтік желілер арқылы «жалған ақпарат тарату жиілеп» отырғанын айтып, қоғамды оның «теріс ықпалынан қорғау» қажет деп санайтындығын мәлімдеген болатын. Ал, 2016 жылы Үкімет Үйінде Д. Назарбаеваның төрағалығымен мемлекеттік ақпараттық саясат және ұлттық және аймақтық брендтерді қалыптастыру бойынша Ведомствоаралық комиссия отырысында премьер-министр орынбасары: «Әр мемлекеттік орган мемлекеттің ақпараттық-идеологиялық жұмысында заманауи әдіс-тәсілдерді және ақпарат берудің жаңа форматтарын қолдануы тиіс. Біз қазір басқа қоғамда өмір сүреміз - ештеңені жасыру мүмкін емес. Интернет, әлеуметтік желілер ресми билік органдарына қарағанда әлдеқайда жылдам назар аударады. Бүгінде біз осындай бәсекелі күресте ұтылып келеміз. Сондықтан барлығы әлеуметтік желілер мен Интернетте жұмыс істеуді үйренуі тиіс», - деді.

2016 жылдың жазында Internet Live Stats ұйымының сарапшылары әлемдегі 201 елдің ғаламтор пайдаланушыларының саны мен енуіне байланысты жаңа мәліметтер ұсынды. Интернет пайдаланушылар көрсеткіші бойынша Қазақстан 9,9 млн. адамға жетті және 1,8 пайыз өсіммен 43 орын иеленді. 2016 жылдың бірінші жартысындағы қорытындыға сәйкес еліміздегі ғаламтордың енуі 55,8 пайызды құрады. Ену көрсеткіштерінің пайыздық өлшемдері бойынша тізімде еліміз 89 орында тұр.

«Медиа-Систем» агенттігі Brand Analytics жүйесінің көмегімен әзірленген есебіне сәйкес еліміздегі әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылар саны 3,3 миллион адамды құрады. 1, 945 миллион қолданушылары бар «ВКонтакте» отандастарымыз арасындағы ең танымал әлеуметтік желі болып табылады. Олар айына 45 миллион хабарлама жариялайды. Қолданушылардың 53,8 пайызы ер адамдар болса, 46,2 пайызды әйел адамдар құрайды. Желі пайдаланушыларының басым бөлігі 18 жасқа дейінгі азаматтар. Аздаған қолданушылар 18-24 жас аралығында болса, ширектен аз 25 жастан жоғарғылар болып табылады.

Елімізде Instagram танымалдылығы артып келе жатқандығын айта кеткеніміз жөн. Қызмет көрсетудің бұл түрін 1,336 миллион жерлесіміз пайдаланады. Бұл желі тұрғындардың әйел қауымы арасында танымал - 71,9 пайыз. Сәйкесінше, 28,1 пайыз ерлер қолданады. Жас ерекшеліктері туралы мәліметтер жоқ.

155,3 мың қазақстандық қолданатын «Мой мир» келесі орынға ие. Бұлардың арасында 59,5 пайыз әйелдер болса, 40,5 пайыз ерлер қауымы қолданады. Мұндағы негізгі жас дәрежесі - 25-тен 34-ке дейін. Сонымен қатар, 35 пен 44 жас аралығындағы едәуір қолданушылар бар. Жалпы қолданушылардың 20 пайызынан көбі жастар қауымын құрайды.

Елімізде Facebook әлеуметтік желісін 125,8 мың адам пайдаланады, оның ішіндегі басым бөлігі әйелдер - 60,3 пайыз. Ең қызығы, мұнда 18 жастан төмен жастағылар мүлдем жоқ деп айтуға болады (олар 0,1 пайызды құрайды). Қолданушылардың негізгі өкілдері 25 жастан 34 жасқа дейін (45,4 %). Сонымен қатар, қолданушылар арасындағы 55 жастан жоғарылар 5 пайызға жеткен.

«Одноклассники» әлеуметтік желісін еліміздің 69,3 мың тұрғындары қолданады және олардың басым бөлігі 25 жастан жоғары. Сонымен бірге, әрбір бесінші қолданушы 55 жастан асады. Әлеуметтік желі қатысушылары арасында 74 пайызды әйелдер, 26 пайызды ерлер құрайды.

Танымалдылық жөнінен ең соңғы орынды Twitter иеленді. Бұл желінің қызметін белсенді түрде 16,6 мың автор пайдаланады. Қолданушылар арасында ерлер қауымы басымырақ - 52 пайыз. Қолданушылар арасындағы жастар ерекшеліктері бойынша мәліметтер жоқ.

Тұлғаның қалыптасуына киберәлеуметтенудің жағымды ықпалы мыналар деп ойлаймыз: шынайы өмірдегі араласу қиындықтарына тап болған жастар ғаламтордағы әлеуметтік желілер, пабликтер, форумдар, чаттар, мессенджерлер құралдарын қолдану арқылы виртуалды әлемдегі тұтынушылармен жеңіл байланысқа шығады, ғаламтор қауымдастығы тарапынан мақұлданады. Сондықтан бұл кеңістік жастардың өзін-өзі көрсетуіне, әлеуметтік байланыстардың кеңеюіне, байланыс жетіспеушіліктерінің орнын толтыруға септігін тигізеді; ғаламтордағы ақпараттардың жан-жақтылығы және электронды кеңістікке қолжетімділік мүмкіндіктері түрлі үдерістерді талқылау арқылы жастардың ақпараттануын жетілдіреді; ауыр өмірлік жағдайларға ұшыраған жандарға қолдау білдіру мақсатында материалдық көмек беруге шақыруға мүмкіндік беріледі; түрлі қоғамдағы өмірлік жағдайларға сәйкес орын алған оқиғаларға көмек беретін еріктілер тобын құруға, қылмыскерлерді табуға ықпал жасау мүмкіндіктері; әлеуметтік желілердегі салауатты өмір салтын қалыптастыру және қабілеттілікті дамытуға арналған қауымдастықтар оң көзқарастар қалыптастыруға негіз болып табылады.

Киберәлеуметтенудің жағымсыз жақтары мыналар: ғаламторға бағыныштылық қатері; девиантты қауымдастықтардың кеңінен таралу қаупі; қоғамға жат құндылықтардың кеңінен таралуы және оның толықтай бақылауға алынбауы; діни-экстремистік, порнографиялық және т.б. сайттардың, әлеуметтік желілерде жыныстық қызмет көрсету қауымдастықтарының көптігі; фейк парақшалардың көптігі пайдаланушылар арасында түсініспеушілік тудырады; желіде кибералаяқтықтың орын алуы және алдын алу жолдары тетіктерінің болмауы.

Адамзат әлі де болса жаңа кеңістіктегі әлеуметтену үдерістерін басқарудың тәжірибелік дағдыларын игермегендігін мойындауымыз қажет. Салауатты өмір салтын насихаттайтын және девиантты көзқарастарға негізделген қауымдастықтарда әлеуметтік өзара байланыстар мүмкіндіктері шексіз екендігін айта кеткеніміз жөн.

Жоғарыда атап өтілген ғаламторға бағыныштылық түсінігін бірінші рет 1996 жылы А. Голдберг енгізген еді. Ұғымға сәйкес адам Интернетті пайдалануды еңсерілмейтін, кемістік ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Бұл кемістіктің өлшемдері: компьютер пайдалану дистресске әкеледі; компьютер пайдалану тұлғаның физикалық, психологиялық, тұлғааралық, отбасылық, экономикалық, әлеуметтік мәртебесіне нұқсан келтіреді.

Қорыта айтқанда, әлеуметтік желілер заманауи жастардың әлеуметтенуі үдерістеріне ықпал жасап, ғаламтор кеңістігіндегі қазіргі заман жастарының киберәлеуметтенуін айқындайды. Бұл үдерістердің екі қыры барын ұмытпағанымыз жөн. Бірінші қыры - әлеуметтік желілер жастардың әлемнің әр бұрышындағы азаматтармен байланысу арқылы тілдесуге мүмкіндік береді. Екінші қыры - әлеуметтік желілердің жастар өмірінде кеңінен таралуы олардың әлеуметтік институтарының өзгерістеріне әкеледі және олар ойлап тапқан заңдар мен ережелерге сүйенген виртуалды әлем құрылады.

Мұрат НАСИМОВ,
Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының директоры