Солардың іріктелгендерінің негізінде 1934 жылы Құрманғазы оркестрін құрды. Тұңғыш ректоры өзі болған Құрманғазы атындағы консерватория да Ахаңның перзенті. 1946 жылы Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР-інің Ғылым академиясын ашқанда, Ахаң академик болып сайланды. «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты теңдесі жоқ қос монографиялық еңбегі үшін «Өнертану ғылымдарының докторы» атанды. Мұхтар Әуезов Абай әлемін ашса, Ахмет Жұбанов Құрманғазы құдыретін танытты. Осыған қарап Ахаң қазақ халқының музыка мәдениетінің негізін салған сарабдал сардары екенін айқын аңғарамыз. Ендеше егемен еліміздің оқу-ағарту жүйесі, өз бағдарламасына пән ретінде оқытатын академик жұбановтану ілімін енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Құрманғазының «Сарыарқа» күйі ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналды. Кезінде Ахаңның дирижерлігімен орындалған нұсқасының кинотаспасы мемлекеттік мұрағат қорында сақтаулы. Сол құндылықты арагідік теледидардан көріп қалғанда, қазақ болып туғаныңа мақтанасың.
Құрманғазы оркестрінің тізгінін Ахаң сүйікті шәкірті Шамғон Қажығалиевке сеніп тапсырды. Бухаресте өткен жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік фестивалінде «Сарыарқа» Ахаңның үлгісімен орындалып, оркестр алтын медаль алды.
Алпысыншы жылдардың бас кезінде «Симфониялық оркестр дирижері боламын» деп Шамғон Ленинград консерваториясына оқуға кетті. Ойдағыдай бітірген соң, Шәкең елге оралып, бұрынғы қызметіне кірісті. Міне, «Сарыарқаның» реформаға ұшырау науқаны осы тұстан басталды. Тыңдаған құлаққа түрпідей тиетін шектен шыққан шапшаңдық. Міндетке айналған бұл стереотип ұзақ мерзімге созылды.
«Ел болып ер туғызбай тұра алмайды» демекші, Құрманғазы оркестрінің қазіргі бас дирижері Мағжан ақынның отты жырындай жалындап жанып тұрған, 31 жастағы Арман Жүйдебаевтың суреткерлік феномені сол таптаурын, күйсүйер қауымды әбден мезі қылған, келеңсіз канонға түбегейлі төтеп бере білді. Өршіл өзен өзінің байырғы табиғи арнасымен ағатын болды. Сөйтіп «Сарыарқа» өз арнасына түсті. «Күш атасын танымас» деген, міне, осы.
10 қазан шын мәнінде тарихи күн болды. Құрманғазы оркестрінің іргетасын Ахаңмен бірге қаласқан, домбырашылар тобының тұңғыш концертмейстері болған, Қазақстанның халық әртісі, дүлдүл күйші Қали Жантілеуовтің 115 жылдығына орай тағзым концерті өткен күн. Сонымен қатар «Сарыарқаның» қайта түлеген күні болды.
Жарықтық Қалес (Жантілеуовті Ахаң осылай атайтын) ешкімге ұқсамайтын қазына кеуде күйші еді. Оркестр музыкантты өзгеге құлақ түре білуге тәрбиелейтін сындарлы орта. Осындай бір-бірімен жіпсіз жымдасқан нөпірлі жиынмен Қалес, өзінің мүйізі қарағайдай, айбынды күй серкесі екенін сақтай жүре, керемет үндестік тауып, кейінгі күйшілерге табандылық үлгісін көрсетті.
Қазақ дирижерлік өнерінің алыптары Фуат Мансуров, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Қали Жантілеуовтен күй үйреніп, оның туа біткен педагогикалық тәсіліне тәнті болды.
Елбасының «Рухани жаңғыруында» көрсетілген «Ұлттық кодты» тілін тауып, тиімді аша білген, көп уақытқа дейін ән, күйсүйер әлеуметтің есінен шықпайтын кемелді концерт болды.
Шәміл ӘБІЛТАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор