Қазақстан • 08 Қараша, 2017

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі аяқталды

651 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отырған байқауға еліміздің бүкіл өңірлерінен және алыс-жақын бірнеше елден 500-ден аса үміткер қатысты. Дарынды жасқа қанат бітіріп, өнерінің ұштала түсуіне мүмкіндік беретін бұл байқауда биыл жастар өнердің алты түрлі саласы бойынша бәсекеге түсті, бір-бірінің шама-шарықтарын байқап көрді, жетістіктері мен кемшіліктерінің ара жігін ажыратты,  дуалы ауыз қазылардың ой-пікірлерімен санасты.

 

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі аяқталды

Қайсыбірі елорданың мәдени ошақтарында тұңғыш рет үлкен сахнадан өнер көрсетіп, соның өзінен рухани ләззат алды. Әсіресе, бар өнерін көрерменнің алдына жайып салып, онымен тікелей қарым-қатынас орнататын, көрерменнің рухани әлеміне өзгеше өрнек салуды мақсат ететін  ән, цирк, театр әлемінің жас өнерпаздары үлкен сахнаның қыры мен сырына, қадір-қасиетіне қанықты. Қазылар алқасының құрамындағы танымал өнер қайраткерлерінің кеңесін тыңдап, олардың шеберліктерін тамашалады.

Мәселен, биыл «Классикалық музыка» аталымы бойынша қазы­лар алқасының құрамына шақырыл­ған музыкалық аспаптардың шебер орындаушылары, Ресей халық әртісі, Н.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының ректоры Рубин Абдуллин мен Санкт-Петербург консерваториясының профессоры Алексей Людевиг шеберлік дәрістерін өткізді. Сондай-ақ дәл осы аталым бойынша қазылар алқасының мүшесі, Иорданиядан келген қонақ, Король Хусейн Қорының Ұлттық музыка консерваториясының директоры Мұхаммед Сыдык елордалық академиялық филармониямен бірге Бетховеннің 5-ші концертін орындады.

Шеберлік демекші, «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша «Шабытқа» келген жас суретшілер өз еліміздің аты аңызға айналған тұлғаларын шын өмірде көріп, олардың шеберлік сыныптарына қатысты. Белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков жас дарындардың алдында қыздың мүсінін жасап, мүсіннің әрбір деталін жасаудың құпиясын түсіндіріп берді. Бұл аталым бойынша қолданбалы өнердің майталман­дары қатарындағы  Құттыбек Жақыпов, Бәтима Зәуірбекова да жас­тарға өнер­дің қыр-сырын ұқтырды.

Жалпы айтар болсақ, биыл жиырмасыншы рет өткізілген байқауда жас өнер иелеріне қойылған талап  жоғары деңгейде деуге негіз бар. Өйткені бар­лық шығармалар мұқият іріктеліп, сұрыпталып, лайықты бір деңгейге жауап беретіндері ғана екінші кезеңге өткізілген. Бұл туралы «Шабыт» бастала қалғанда Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, ақын, «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша қазылар алқасы­ның жетекшісі Несіпбек Айтұлы, «Бейнелеу өнері», «Классикалық музыка» аталымдары бойынша қазы­лар алқасының жетекшілері белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков пен профессор Раиса Мұсақожаева да айтқан болатын. Сөйтсе де байқау болған соң оның бір нүктесі, қорытындысы болады десек, кеше елордадағы «Астана» концерт залында өткен Гала концертте жеңімпаздардың, яғни, әр аталым бойынша Гран-при иегерлері мен Президент Кубогі иегерінің аты-жөні жарияланып, тиісті сыйлықтарына қол жеткізді. 

Сонымен «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша жас жазушы Қанат Әбілқайыр, «Бейнелеу өнері» аталымында Әнел Әлібай, «Актерлік шеберлік» бойынша Ұлан Қабыл, «Цирк өнерінде» «Астаналық  цирк­тің» «Встречные качели» Север­ные сияние» командасы байқау­дың Гран-при жүлдесін иеленді. Ал «Халық музыкасы» аталымы бойын­ша «Домбыра» санатында Ұлан Бәкі­жанов, «Домбырамен ән айту» санатында Мұқият Асқар, халық аспап­тары ансамбльдерінің арасында «Қорқыт» ансамблі, «Классикалық музыка» аталымы бойынша «Академиялық ән айту» санатында Ұлпан Әбдікерімова, «Альт, виолончель, контрабас» санатында Эльдар Айтбеков және скрипкашылар арасында Жібек Мүсірғалиева Гран-при жүлдесін еншіледі. Фестивальдің Президент Кубогі де осы жас скрипкашы, бірнеше байқаулардың лауреаты болып үлгерген Жібек Мүсірғалиеваға бұйырды. 

Айгүл СЕЙІЛ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»