Отырыста Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексінің жобасын (бірінші оқылым) ілеспе түзетулерімен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.
Министрдің мәлімдеуінше Кодекс жобасы – жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысында кездесетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халықаралық стандарттарға өтуге және инвестициялық климатты жақсартып, салаға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға бағытталған. Бүгінгі таңда 104 елдің ішінде Қазақстан геология саласын мемлекеттік реттеу бойынша тек 74-ші орында тұр. Ал, жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 45-ші орында. Бұл реформа әлемде болып жатқан дағдарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланысты бәсекелестіктің артуынан туындап отыр.
Ұлт жоспары бағдарламасының қадамдарын іске асыру мақсатында әзірленген осы Кодекс жобасы бойынша депутаттардан, тұрақты Комитеттерден және Мәжілістің заңнама бөлімінен келіп түскен 600-ден астам ескертулер мен ұсыныстар қаралып, талқыланған.