Аталған Заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар саласындағы өзгерістер бірнеше бағыттарға арналған. Оларды атап айтсақ,
Біріншіден, ақпарат саласында азаматтардың құқықтарын:
- субтитрлеуді немесе сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қолжетімділігіне құқықтарды пайдалану мүмкіндігін кеңейту;
- «баланың жасына сәйкес келетін ақпарат» деген ұғымды заңнамалық тұрғыдан бекіту;
- баланың бейнесін және дербес деректерін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз пайдалануды шектеу жөніндегі нормаларды енгізу жолымен қамтамасыз ету.
2) БАҚ қызметі үшін:
- болмашы бұзушылықтар бойынша БАҚ қызметін тоқтата тұру және таралымды тәркілеу түрінде әкімшілік жазалау шараларын алып тастау;
- олардың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша БАҚ ақпарат ұсыну процесін ретке келтіру;
- БАҚ-пен жұмыс істеуді жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функцияларын айқындау;
- баспасөз басылымдарының уәкілетті органға міндетті дананы электрондық түрде ғана ұсынуы жолымен жағдай жасау.
3) Отандық телевизия және жарнама нарықтарын:
- ступтниктік телерадио хабарларын тарату операторларының қабылдағыш қондырғыларын таратумен айналысатын тұлғаларды телерадио хабарларын тарату субъектілері ретінде заңнамалық тұрғыдан айқындау;
- мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жария түрде көрсету үшін тек қана отандық теле-, радиоарналарын тарату жөніндегі талаптарды енгізу;
- мемлекеттік тілдегі жарнаманы тең мөлшерде бөлу жөніндегі нормаларды нақтылау жолымен дамыту.
4) Коммуникацияны:
- мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімін жетілдіру арқылы ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша көрсетілетін қызметтерді алу;
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қойылатын талаптарды қайта қарау, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке міндетті сынақ рәсіміне жататын объектілерді анықтау жолымен дамыту.
Мәжіліс депутаттары осы отырыста Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның жобасын ілеспе түзетурлерімен жұмысқа алып, бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі.
Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары орталық мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар А. Жамалов, Ж.Ахметбеков, А. Перуашев.