Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Журналистика факультеттерін жабу керек пе?

1438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Медиа Альянс» қоғамдық ұйымы құрылтайшыларының бірі Арман Шораев журналистерді әзірлейтін оқу орындарын қатаң сынға алып, ҚазҰУ-дан басқасының бәріндегі журналис­тика факультеттерін жабу керектігін айтты. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түс­кен бұл тақырыптың қозғалғаны бүгін емес. БАҚ қызметкерлерін университет қабырғасында әзірлеудің қажеті қанша деген сұрақ бұрыннан қойылып келеді. Баспасөз саласында жұмыс іс­тейтіндіктен, бұл мәселе біз­ді де бейжай қалдырмайды. Сол себепті осы та­қырып төңірегінде ой өрбітуді жөн көр­дік. 

Журналистика факультеттерін жабу керек пе?

2000-жылдардың басына дейін БАҚ-тың қай түрінде болсын негізінен журналистиканы университетте оқыған немесе қолға қалам ұстауға бір табан жақын мамандық иелері жұмыс істеді. Кейіннен түрлі факторлардың жиынтық әсерінен отандық телеарналарда өзге кәсіптің мамандары қызмет ете бастады. Он жыл бұ­рын елімізге онлайн медиа келгенде жур­налистерге деген сұраныс күрт артып, қандай да шараға барып, жаңалық әзірлей алатынның бәрі тілші атану мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне қоғам өмірі күрделеніп, салалық тақырыптар тереңдей түсті де, классикалық журналистика мектебінің өкілдері ол мәселелерді қажетті деңгейде қамтуға әрдайым дайын бола бермей, сол саланың мамандарын тілшілікке бейімдеу қажеттігі туды. Өзге саладан келгендер БАҚ-та жап-жақсы карьера жасап, жаңа кәсіптегі сенімділігі артқан соң, журналистиканы арнайы оқытудың қажеттілігі жоқ деген пікір білдіре бастады. 

Осы орайда журналистика факультет­терінде оқу сапасының төмендеуін, екінің бірі тілші атана алатын жағдайдың пайда болуын және журналистиканы университет қабырғасында оқыту-оқытпаудың үш бөлек мәселе екенін атап өткіміз келеді. Егер де журналис­тика факультетін бітіргендер жұмыс беру­шілердің көңілінен шықпаса, мәселе оқу орнының білікті маман әзірлеудегі әлсіздігінде. Ал егер әрбір мамандық иесі оп-оңай тілші  бола алады десек, бұл еліміздегі журналистиканың төмен деңгейін не болмаса біздің журналистика туралы түсінігіміздің дұрыс еместігін білдірсе керек.  

Әлемдік деңгейде журналистика­ мектептері әлі дүркіреп тұр және олар­­ға оқуға түсудің талаптары өзге маман­дықтарға қарағанда өте жоғары. АҚШ-тағы журналистика мектептерінің оқы­тушылық құрамын қарайтын болсаңыз, профессорларының көпшілігі New York Times, Washington Post секілді газеттерге тұрақты мақала жазып, редактор жұмысын қатар алып жүреді. Олардың қатарында әлемге әйгілі Пулицер премия­сын жеңіп алғандар да аз емес.  

Ал біздегі жағдай қалай? Университет бекіткен жалақы мен оқу бағдарламасы медианың белді мамандарын қызықтыра алмайды. БАҚ саласында қызмет ету­дің қаржылай табысы ұстаздықтан жоғары тұрғанда, оқытушылық құрам­ның «қалдықты принцип» бойынша қалыптасатыны белгілі. Сондай-ақ жалақысы онсыз да аз оқытушыға әкім­шілік жұмыстарды жегіп, отандық білім жүйесіне тән қағазбастылықпен «көміп» тастайды. 

Журналистиканы университет қа­быр­ғасында оқудың маңызды неде? Журналистика пәленше түгеншені ұрды немесе пәлен мекеме бір шара өткізді деп хабарлама берумен шектелмейді. Жасанды интеллект дамыған заманда мұндай жұмысты роботтың өзі де атқара алады. Экран алдында суфлердегі мәтінді оқитын дикторлар да журналистиканың үздік көрінісі емес. Нағыз журналист елде және жаһанда болып жатқан оқиғаларды оқырман мен көрерменге мәселенің мәнін ашып, ха­лыққа мәлім де беймәлім өзекті тақы­рыптарды көтереді. Ондай мамандар сөз бостандығы мен журналистік эти­каның арасалмағын, журналистика жанрларын, ақпараттың рас-өтірігін тексеру жолдарын біліп, мазмұнды әрі ұғынықты мәтін жаза алуы қажет. Осының бәрін меңгеріп, журналистиканы концептуалды деңгейде оқыған адам ғана журналис­тиканы дамыта алады. Ал өзге саладан келген мамандардың көбі шаблоннан шыға алмай, журналистикаға төнген зама­науи қауіп-қатерлерді жоя алмай, саланы дамытуға қауқарсыз келеді. 

Оқу орындарының сапасыз жұмысы үшін мамандықты оқытудың қажеті жоқ дейтін болсақ, жалғыз журналистика емес, көптеген мамандықты түбегейлі жабу керек болады. «Экономика» маман­дығын оқып, бірден мықты экономист, «заңды» оқып, дереу сұранысқа ие заңгер атанғанды көрдіңіз бе? Олар жылдарға созылған тәжірибе барысында пісіп-жетіледі. Ендеше оқу орнын бітіре сала керемет маман болмағаны үшін экономика немесе заң факультеттерін жабу керек деген ұсынысты неге айтпаймыз?! Журналистиканың өзге мамандықтан айырмашылығы – оның әрдайым жұрттың назарында болуы. Егер «төртінші билік» мамандарын университеттік деңгейде оқытпасақ, журналистикаға қойылатын жаңа міндеттерді орындай алмай, онсыз да жағдайы нашар баспасөзді аяқасты етуіміз әбден мүмкін. Отандық журналистикада бірқатар мәселелер бар және оларды журналистика факультеттерін жабу арқылы шеше алмаймыз. Керісінше, баспасөз мамандарын әзірлеу жұмыстарын қайтсек күшейтеміз деген сұрақ қойған абзал. 

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»