Аймақтар • 09 Қараша, 2017

Ақтөбедегі тасқын су қоймасының мүшкілдігінен болды

987 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы көктемде Ақтөбе қаласының іргесіндегі ауылдарда тасқын судың басы су қоймаларының сол кездегі мүшкіл жай-күйінен туындады десек, шындықтан алшақ кете қоймаспыз. 

Ақтөбедегі тасқын су қоймасының мүшкілдігінен болды

Судан қорғану және көктемгі тасқын су ағыны басып қалуы ықти­мал аумақтарда еліміздің Су кодексі талаптарына сәйкес құры­лыс нысандарын салуға ты­йым салынған. Су ресурстарын пай­далануға қатысты басқа құқық­тық-нормативтік құжат­тар­да да бұл мәселелер тайға таң­ба басқандай айқын көрсетілген. 

Соған қарамастан бүгінгі күні қала сыртындағы саяжай аумақтарында орналасқан бас­па­налардың бірқатары тиісті заңдылықтарды белден басып салынғаны белгілі болып отыр. Сонда бұған рұқсат беруге тиіс­ті мем­лекеттік құрылыс-сәулет бақылау ор­гандары мен жер­гілікті атқарушы билік өкілдері қайда қараған деген заңды сауал көлденеңдей береді. Сірә биылғы көктемде Ақтөбе қаласын­­да орын алған тасқын судың зарда­бы­нан алынатын ащы сабақтың бірі де осы болса керек. Сондай-ақ бау-бақ­ша ұжымдары мен серіктестік­тері­нің тиісті мемлекеттік мекемелер­­мен келі­сімдер түзу тәртібінде де біраз қай­шылықтар кездескен. 

Өткенді қайталай бергеннен ешкім де ұтыспайды. Алдымызда тағы да қыс бар, көктем бар, жаз бар дегендей, биылғы көктемде орын алған табиғат апаты тағы да қайталанып жүрмесіне кепілдік бере аламыз ба? Бұл сауал газет тілшісі тарапынан «ҚазСуШаруашылығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Бекжан Нәметовке қойылды. Ол сауал төркініне орай Ақтөбе қаласы маңындағы тасқын судың беті кейін қайтқан соң іле-шала жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып берді. Соған сәйкес, су қоймасының көлемі 1,5 миллион текше метрге дейін ұлғайған. Сонымен бірге су қоймаларына қосым­ша арнайы өлшеу аппараттары мен бейне­бақылау қондырғылары орна­тыл­­ған. Бұған қоса оқыс, суыт хабарларды тұрғындарға шұғыл түрде хабарлау жүйелері құрылған. 

Бұл іс-шаралар бірінші кезекте Ақтөбе су қоймасы аумағында жүргізіліпті. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені аталған гидроинженерлік нысан өңірдегі Қарғалыдан кейінгі екінші ірі су қоймасы болып табылады. Нақтырақ айтқанда, мұнда су деңгейін автоматты түрде қадаға­лау, бөгеттің жай-күйін көзден таса қылмау секілді мақсатты түрдегі жұмыстар атқарылған. Бұл үшін табаны күректей 147 миллион теңге қаражат жұмсалған екен. Аталған нысандағы хабар тарату жүйесі БҰҰ-ның Даму бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржыға орнатылғаны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Жоғарыда аталған республикалық мем­­лекет­тік кәсіпорыннан алынған деректер Ақтөбе және Қарғалы су қой­ма­ларындағы қазіргі су мөлшері оның тұтас сыйымды­лығы­ның 45-50 пайы­зы көлемін­де екенін көрсетеді. Ал Сазды су қоймасындағы көрсеткіш 33 пайыз деңгейінде екен. Жер­гі­лікті инженер-гидротехник ма­ман­­дардың мәлімдеуінше, мұн­дай көр­сеткіш көктемгі су­дың барынша мол мөл­шерін түгел­дей қабылдауға мүмкіндік береді. Әрі мұның өзі өңірдегі су қой­ма­ла­рының алдағы көктемгі кезең­ге әзір екенінен де хабар береді.

Бір сөзбен айтқанда, тасқын су де­гені­міз қауіп-қатер хабар­шы­­сы емес, болашақ ырыс көзі, ыл­ғал қоры емес пе?! Дер уа­қы­тында оң­тай­лы гид­роинженерлік шешім­дер қабыл­данған жағдайда көктемгі қар­ғын су ешкімге зиянын тигізбей, су қой­ма­ларындағы жоғарыда көрсетілген пайыздық көр­сеткіштерді толықтыра алады. 

Ойдан ой туады. Осы орай­да, өңірде су қоймалары сыйым­ды­лығын одан әрі көтеру және тұр­ғындар мен өндірістік кәсіп­орындарды түгелдей Ақтөбе аймағына қажетті техникалық сумен толықтай қамту қажеттілігі де бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып келеді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы