Қазір қандай техникалық мамандықтар қажет екендігі жалпы кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздықтың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы анықталуда. Бүгінде газбен және электрмен дәнекерлеушілер мен автоэлектриктер аса қажет. Республикалық бюджеттен осы мамандықтарға қайта оқыту үшін 300 миллион теңге бөлінген. Мәселен, қала тұрғыны Анатолий Губковтың мамандығы – құрылысшы. Ол өз мамандығына сай жұмыс таба алмай, үш ай бойы аяғынан таусылады. Сөйтіп қала әкімдігіне қарасты бөлім арқылы қысқа мерзімді курста оқып шығуға болатындығын естиді. Міне, ол бірнеше апта бойы газ электрмен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде.
– Құрылыс – маусымдық жұмыс. Біздің өңірде қыста құрылыс тоқтап қалады. Сондықтан осы оқып жатқан мамандығым тиімді деп ойлаймын. Үйретушілеріміз өте жақсы. Стипендия береді, – дейді ол.
Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында қайта оқыту курстарынан 1500 адам өтпек. Оқыту курстары жыл соңына дейін аяқталады. Қаладағы 16 колледж бойынша 33 мамандықта оқуға мүмкіндік бар. Қаладағы жұмыспен қамту орталығындағы кәсіби оқыту бөлімінің бастығы А.Бураханованың айтуынша, бағдарлама бойынша оқитындар тегін білім алады. Айына 16759 теңге стипендия беріледі. Ал қала сыртынан келушілер қосымша пәтерақыларына төлеу үшін 11345 теңге алады.
– Қазір ТЖО-да автоэлектрик болып жұмыс істеймін, дейді Женя Лыткин, – жаңа мамандығым көңілімнен шықты. Тағы да білімімді жетілдіргім келеді.
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің де тапсырыстарын іздеп отыр. Газ электр дәнекерлеуші, автоэлектриктерден бөлек ет бөлуші кәсібін меңгергендерге сұраныс бар. Елбасы Жолдауында кәсіптік білім беру бағыттарына ерекше тоқталған. Кәсіптік-техникалық білімді жастар жақсы меңгеру үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануы тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуіміз керек. Біздің басты мақсат – 2050 жылы мықты мемлекет, дамыған экономика және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деген еді. Халыққа тегін кәсіптік-техникалық білім беру бүгінде нарық сұранысына сай жүргізілуде.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ