Медицина • 09 Қараша, 2017

Тұрақтылықтың негізі – ұлттық бірегейлік

12854 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген біздің санамызды өз­­гер­туге тиісті алты басты бағыттың ішіне ұлттық бірегейлікті сақтау да кіреді. 

Тұрақтылықтың негізі – ұлттық бірегейлік

Расында да бүгінгі әлемдегі орын алып отырған көптеген оқиғалар мен қалыптасқан жағдайларды этникалық, азаматтық және ұлттық бірегейлік, ұлттық сана-сезім, ұлттардың қай­та өрлеуі, жаппай этносаяси жұмыл­дыру, этносаяси шиеленістер мен қақ­тығыстар сияқты факторларды ескермейінше түсіну мүмкін емес. Жалпы, ғалымдардың пайымдауынша ұлтаралық қатынастарға тікелей және жанама түрде әсер ететін фак­торлар қатарына әлеуметтік-эконо­микалық тұрақсыздық, саяси, геосаяси, жұмыссыздық, адам құқығын қорғау, этностың іс жүзіндегі статусы, жеке ұлт ішіндегі татулық, қоғамдағы мәдениет пен әдет-ғұрып деңгейі, тіл саясаты, ұлттар мен ұлыстардың ұлттық санасының өсуі, миграция мен демографиялық және т.б. үрдістерді жатқызуға болады. 

Осының барлығын ескере отырып Елбасы «алдымен экономика, со­дан кейін саясат» деген ұстанымы – «қазақ­стандық жол» мен Н.Ә.Назарбаев­тың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік, ұлтаралық және дінаралық қатынастардың қазақстандық моделі бей­бітшілік пен келісімнің берік іргетасын қалады. Мемлекеттің жүргіз­ген сауатты ұлттық саясаты өз аза­мат­тарының мүдделерін үйлестіре білді, әу бастан-ақ олардың құқықтарын қорғап, этномәдени дамуларына бар­лық жағдайларды жасап отырды. Қазақ жерінде тұрып жатқан халық­тардың этностық емес, азаматтық қа­уымдастығын қалыптастыруға басым­дық берілді. Елдегі жағдай ушық­ты­рылмай, қалыпты даму үстінде болды.

Елбасы мәселені тарихи және саяси тұрғыдан зерделей келе «Қазақстан, сөздің толық мағанасында, көпұлтты мемлекет екенін ұмытуға болмайды. Бұл жария етілген тұжырым емес, бұл – шындық... Қазақстан әрқа­шан да көп­этносты мемлекет болады және еш­кім, ешқашан қандайда бір­ұлт­тық тазар­туды жүргізбейді, біздің көп­этнос­тығымыз – орасан зор мәдени, эконо­микалық және саяси ресурс», сон­­­дықтан біз осы қарапайым екі ақи­­қат­­ты ұғынып, келесі ұрпаққа жет­­кі­­зуге тиіспіз», деген қорытынды жа­сады. 

Сондықтан кез келген көпұлтты мемлекеттің ұлттық саясатының ең басты бағыт-бағдары – ұлттық және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру болуы керек. Оған алып баратын төте жол – мемлекеттің жан-жақ­ты ой­ластырылған этносаясаты мен қоғамды демократияландыру процесіндегі жетістіктері. 

Н.Ә.Назарбаев қоғамда кездесетін ішкі қарама-қайшылықтарға терең бойлап, олардың алдын алу үшін күрделі сая­си шешімдерге бара білді. Олай болса, ондай халқына деген рия­сыз махаббат, табандылық, ерік-жігер мен шешімділік, дәйектілік, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің түйткіл тұстарын ой елегінен өткізіп, толыққанды түсініп, игеру, олардың басымдықтарын анықтау және айтқан сөзі мен халыққа берген уәдесін жерге тастамайтын Елбасы сияқты саясаты сабақтастық пен бірізділікке негізделген бірегей саяси қайраткер, сарабдал тұлғаның ғана қолынан келетін іс еді. 

Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті ретінде ұлттық бірегейліктің нақты үлгісін табуды, қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзінің негізгі міндеті деп санады. 

Сондықтан да Елбасы ұлтаралық қатынастар саласы «...сондайлық нәзік, оның жүрек қылы сондайлық сезімтал болғандықтан, қоғамның көңіл-күйін барынша мұқият зерттемеу, оған дер кезінде құлақ аспау – кешірілмес жайт», – деп бағалағаны да кездейсоқ емес шығар. 

Айта кету керек, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының ұлттық сана-се­зімінің өсуі мен Қазақстанның этноде­мо­графиялық, діни және т.б. ерекше­ліктерін ескере отырып, ұлтты бірегей­лендіру мәселесін қарас­тыра келе, Қазақстандағы ұлттық біре­гей­ліктің нәсілдік өлшемін бірден ысырып тастап, біздің ел жағдайында оны орынсыз деп тапты. 

Президент ұлт мәселесін шешуде көп еңбекті және тынымсыз жұмысты талап ететін, бірақ соның ішіндегі ең сенімді жолын таңдады: «Бұл – түйі­су нүктелерін іздеу, халықтар ара­сын­дағы келісім мен сенім аймақ­тарын кеңейту». Келісім саясаты мен па­ра­сатты ұлттық стратегиясыз еш­қан­дай міндеттерді шешу мүмкін емес еді. 

Тәуелсіз Қазақстанның көпэт­ностық, көпконфессиялық құрамы мен тарихи және тағы басқа ерекшеліктерін Елбасы еліміздегі ұлт саясатының альфасы мен омегасы деп қарастырды. Сөйтіп бұл мәселенің қаншалықты өзекті және маңызды екендігіне көңіл аударады да оған деген өзінің екі деңгейлі тұжырымдамалық көзқарасын білдіреді. Бұл ұстанымда, негізінен, біртұтас этникалық қауымдастықтың қалыптасуы мен азаматтық қауым­дас­тықтың қалыптасуының ара-жігі нақты ашылған, осы екі көзқарастың арасындағы айырмашылықтарға ерекше көңіл бөлінген. Тоталитарлық жүйе­нің мемлекеттік идеологиясы мен ұлттық-мемлекеттік идеяның айырма­шылығы – оның біріншісі, жоғарыдан күштеп таңылса, екіншісі, керісінше, өмірден, қоғамның нақты дамуынан туындайды. «Ал бұл ұлттық-мемлекеттік идея басты саяси құндылық ретінде – қай ұлтқа жататынына қарамастан күл­лі қазақстандықтардың Отаны болып табылатын – бірыңғай, аумағы тұтас, тәуелсіз Қазақстан төңірегінде қа­лып­­тасады», – дейді Мемлекет басшысы. 

Президент сонымен бірге тарихи таяу болашақта жұрттың бәрін этни­калық, діни, мәдени алуан­ды­лығына байланысты бір ғана қазақ­стан­дық ұлтқа айналдыру­дың мүмкін емес­тігін, тіптен ондай мін­деттің күн тәр­тібінде тұрмағандығын ескертеді. Ендігі мақсат – қазақ­стандықтар­дың бойында бар біртұтас саяси құн­ды­лықтарды тәуелсіз Қа­зақстан хал­қының азаматтық сана­сындағы бас­ты да басым тетікке айналдыру қа­жет­тігіне назар аударады. Демек, біре­гей­лендірудің бірінші деңгейінің немесе Қазақстан халқының қалып­та­суының мәні – өзіміздің азаматтық жә­не сая­си тағдырымызды барша азамат­тардың тағдырымен бірдей дәрежеде қор­­ғайтын тәуелсіз Қазақ­стан мемле­ке­тімен тығыз ұштасты­руы­мызда жа­тыр екен. Яғни, бұл жерде әңгіме супер­этнос қалыптастыруда емес, ке­рісін­ше, тұп-тура халықтың, Қазақстан хал­қының қалыптасуында болып отыр. 

Ал екінші деңгейі – қазақтардың өздерінің ұлттық бірегейлігіне, оның төл қазақтық этникалық санасының ұшталып, нығаюына тікелей байланыс­ты. Жалпы алғанда бірінші деңгейдің шеңберінде біртұтас азаматтық және саяси қауымдастық ретінде Қазақстан халқының қалыптасуы барысында екінші деңгейдің мәселелері де өз шешімін табары сөзсіз. Өйткені бұлар бір-бірімен етене тығыз байланысты, сабақтас дүниелер. Осы қос деңгейлі процестің барысында қазақ халқы елдің иесі ретінде мемлекет құраушы ұлт деңгейіне көтеріледі. 

Осының негізінде ғана жаңа сая­си және азаматтық қауымдастық ретін­де біртұтас Қазақстан халқы, бола­шағы ортақ, бәсекелестікке қабілетті бір­тұтас қазақстандық ұлт қалыптаса алады. Бұл жерде Қазақстан халқы жаңа бір этностық қауымдастық емес, түрлі ұлттар азаматтарының қауым­дас­тығы ретінде құралатынын дұрыстап түсініп, ескерген жөн болар. 

Көріп отырғанымыздай, тәуел­сіз Қа­зақстанда этносаралық қаты­нас­тардың қазақстандық моделін қалып­тастыру – бұл тың көзқарас еді. Жи­нақталған тәжірибе де жоқ, дайын үлгі де болмады, ендеше оны іс жүзіне асыру да оңай шаруа болмай шықты. Елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалдың түбегейлі өзгеріп, олардың этносаралық қаты­нас­тарға өз әсерін тигізіп, оны реттеуді принципті түрде өзгерткен жаңа жағ­дайда Елбасы тағы да тарихи тәжіри­беге сүйене отырып, ашық қоғам құ­рып жатқанымызды ескере келе, этнос­аралық қатынастарды жабық қоғам­ның рецептерімен реттеуге болмай­тындығын шегелеп тұрып айтты: «Демократия, бостандық, пікірлер алуан­дығы, адам құқығы, азаматтық қоғам идеялары жалпыұлттық идеялармен үйлескенде жаңа бірегейлікті жасау табысты болмақшы. Бұл, менің кәміл сенімім бойынша, екі үлкен идеологиялық тақырыптың – Қазақ­станның саяси тәуелсіздігі мен іштейгі демократияландырудың ұштасуында ғана мүмкін нәрсе». Президенттің осы ұстанымдарының негізінде Қазақстандағы ұлт сая­са­тының негізгі принциптері дүниеге келді.

Қарасаңыз, ұлттық немесе қазақ­стандық бірегейлік мәселесінің ең бір жанды буынын Елбасының 90-шы жылдардың соңында-ақ дөп басқанын байқау қиын емес. Бұл жерде Президенттің стратегиялық және тактикалық ойлау қабілеті, терең зерделенген ұстанымдары мен саяси көрегендігі таңғалдырады. Сондықтан Н.Ә.Назарбаевтың сол кездегі қара­пайым да айқын ұстанымдарының ма­ңызы арада жиырма жылдай уақыт өтсе де қазіргідей әлдеқайда еңселі де елеулі болып отыр. Мәселен, қа­зақ тілі мен бірегей этникалық сана туралы айтқандарының бүгінгі күн­мен, еліміздің рухани жаңғыру мәсе­лелерімен тығыз ұштасып жат­қан­дығын айта кеткен артық болмас.

Елбасы бір бастаған тақырыбын ешқашан аяқсыз қалдырмай, ойлары мен идеяларын үнемі жадында ұстап, әрі қарай дамытып отырады. Мәселен, қазақ халқының мәртебесіне қатысты Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы өз ойын былай қорытындылайды: «Қазақтардың ұлттық мәртебесі мен ұлттық өзін-өзі бағалау деңгейі мемлекет құраушы ұлт мәртебесіне сай келді». 

Араға 7 жыл салып Елбасы нелік­тен осындай күрделі де маңызды қоры­тынды жасады екен? Өйткені тәуелсіз Қазақстан мемлекеті, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев, өзі атап көрсеткендей, қоғам алдында тұрған екі бірдей міндетті сауатты түрде шеше алды. Біріншіден, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтардың құқықтары іске асырылса, екіншіден, Қазақстанның барлық азаматтарының ұлттық белгілері бойынша құқықтарын шектеуге жол берілмеді. 

Жоғарыда айтылғандарды қоры­тар болсақ, ұлттық бірегейлік мәсе­лесі рухани жаңғыру процесінің өзегі іспеттес. Өйткені саяси тұрақ­ты­лықтың да, экономикалық серпіліс пен мәдениеттің жай-күйі де ұлттық және азаматтық бірегейлікке қол жет­кі­зуге байланыс­ты болмақ. Екінші сөз­бен айтқанда, ғаламданған заманда, тез өзгеріп жатқан дүниеде әр халық өзіне төніп тұрған қауіп-қатерлерді лайықты еңсеріп, өзін аман сақтап қалу үшін бірегейлігін жоғалтпай, керісінше, оны нығайтуы шарт. Тек қана «саналуандықтағы бірлік» саяси формуласы негізінде ғана бейбітшілік, татулық пен келісімді және тұрақтылықты сақтап, нығайтсақ болашаққа деген зор сеніммен қарап, стратегиялық жоспарлар құрып, оны іске асыратын бәсекелестікке қабі­летті қазақстандық ұлт болып қалыпта­самыз, біртұтас халыққа айналамыз. Ол этносаралық қатынастардың қазақ­­стан­дық бірегей моделінің негізі ретін­де этникалық, конфессиялы, мәдени, тілдік саналуандылықты қамтиды. 

Елбасы 2011 жылдың 8 сәуірін­де Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің қызметіне кірісуіне байланысты салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ХХІ ғасырдағы Қа­зақстан табысының кілті ретінде атаған 4 тағдыршешті ұғымның ішін­де жаңғыруды бірінші орынға қойып, «Жаңғыру – менің мемлекеттік саяса­тымның басты өзегі», – деген еді.

Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік саясаттың табандылықпен, жүйелі де қарқынды жүргізіліп жатқандығының тағы бір нақты айғағы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көруі. Рухани жаңғыру – біздің ұлттық болмысымызды нығайтудың, хал­қымыздың ұлттық рухы мен ұлттық санасын өрлетіп, өркендетудің қайнар көзі және ұйытқысы, жаhандану заманының тәуекелдерін еңсерудің кілті болмақ. 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ұйымдастырушылық жұмыс қызметінің басшысы,
 саяси ғылымдар докторы