Бизнес • 09 Қараша, 2017

Шағын және орта бизнес: бүгінгі ахуалға баға

2613 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан халқына арналған былтырғы Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі не бары 26 %  екенін, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 %-ға көтеру керектігін айтқан болатын. 

Шағын және орта бизнес: бүгінгі ахуалға баға

Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы маңызы қаншалықты зор екендігін осылай меңзесе керек. Соған орай оқырман назарына ғылыми зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша осы саланың бүгінгі сипатын баяндағанды жөн көрдік.

Еліміздегі ШОБ-тың ахуа­лын талдау үшін біз 10 эконо­микалық көрсеткіш қолданамыз, олар қарастырылып отырған саланы толық сипаттай алады. Бі­рінші көрсеткіш – елдегі 1000 тұр­ғынға шаққандағы шағын және орта кәсіпорындар саны. Біз­­дегі бұл көрсеткіш 13,7 болса, әлем­дегі дамыған елдерде 1000 тұр­ғынға 30-50 шағын кә­­сіп­­орын­нан келеді. Ендеше әлі де 3 есе­ден астам ұлғайту қа­жет.

Екінші көрсеткіш – ШОБ-та жұмыс істейтіндердің барша еңбекпен қам­тылғандар санына қатысты үлесі. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 53 %-ды, Жа­по­нияда – 71,7%-ды құраса, Қазақстанда бар болғаны – 31%.

Үшіншіден, шағын кәсіп­орын­дардың шығарған өнім­дерінің ІЖӨ-нің құ­ра­мындағы үлесі назарға алынды. Сөз ба­сын­да Елбасына сілтеме жасай оты­рып, бұл көрсеткіш елімізде 26 % деген едік. Ал Францияда – 50%-ға, Гер­ма­нияда 57%-ға тең. Яғни бұл Елбасының тап­сыр­масының өзектілігін аңғар­тады.

Төртінші – шағын және орта кәсіп­орындардағы еңбек өнімділігі. Біздің есебіміз он­дай кә­сіп­орындардағы еңбек өнім­ділігі ұлттық экономика­мыз­дағы орташа көрсеткіштен 1,6 есе, ал алдыңғы қа­тар­лы елдердегі осы саладағы еңбек өнім­ділігінен 8 есе төмен. Осы орайда Қазақ­станда барлық кәсіпорындардың 7-ақ пайызын құрайтын ірі кәсіпорындар ІЖӨ-нің 70%-ын өндіретінін айта кету керек.

Бесінші көрсеткіш – шағын және орта кәсіпорындардың еліміздегі барша кәсіпорындар санындағы алатын үлесі. Ол 93%-ды құрап отыр. Де­рек­тер бұл саланың әлі де болса осал еке­нін, отандық экономиканы әрта­рап­тан­дырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, өйткені жоғарда ай­тылған ірі кәсіпорындардың бәрі дерлік тек шикізат өндіруші кен салаларында екені белгілі.

Алтыншы өлшем – мем­лекеттік тіркеуден өткен шағын және орта кәсіпорындар мен белсенді әрекет етіп отырған кәсіпорындардың ара салмағы. Бұл көрсеткіш 90%-дан сәл жоғары. 

Жетінші – шағын және орта кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық құрылымдарының ара­салмағы. Жеке кәсіпкер­лік­тердің үлесі жылдан жылға ұлғайып, 72%-дан асып жы­ғылса, ал фермерлік шаруа­шылық үлгісіндегі кәсіпорын­дар соңғы 10 жыл ішінде 2 есе қыс­қарып, 14%-ды, заңды тұлға тү­ріндегі кәсіпорындар бар бол­ғаны 15%-ды құрап отыр. Де­мек, ұсақ жеке кәсіпкер­ліктің заңды тұлға құрайтын ірі­леу кәсіп­орындардан басым­дығы шағын және орта бизнес­тің тиім­ділігінде ғой деп ойлаймыз.

Сегізінші көрсеткіш – ШОБ субъек­­тіле­рінің ұлттық эко­номиканың түрлі салалар­ындағы үлесі. Бүгнгі күні ШОБ субъек­тілерінің 42 %-ға жуы­ғы бөлшек сауда саласында. Ауыл шаруа­шы­лығында 

18%-ы, құрылыста 2,7%-ы, көлік пен байланыста 7,6%-ы, қызмет көрсету саласында 26%-ы, ал өнеркә­сіпте бар болғаны 2,9 пайызы ғана әрекет етуде. Осы шағын және орта бизнес саласында өндірілетін жалпы өнімнің саудадағы үлесі – 23%, ауыл ша­руашылындағы үлесі – 12%, құры­лыстағы үлесі – 20%, көлік пен байла­ныста – 9%, қызмет көрсету саласын­да – 20%, ал өнеркәсіпте – 16%. Яғни Елба­сының тапсырмасын орындау үшін ШОБ су­бъек­тілері өнеркәсіп пен құ­ры­лыс салаларына ойысуын қам­та­масыз ету қажет екені түсі­нікті.

Тоғызыншыдан, ШОБ-тың инно­ва­циялық белсенділігінің деңгейі де өтең маңызды екенін ескерген жөн. Ұлттық экономика министрлігінің Ста­тис­тика комитетінің сауалнамасына жүгінсек, сауалнама жүргізілген 19 356 шағын кәсіпорынның тек қана 1007-де инновациялық қадамдар бай­қалған, бұл бар болғаны 5,2 пайызы деген сөз. Инновациялық белсенді кә­сіп­орындардың санатына нәтиже берсе де, бермесе де, әйтеуір талпыныс жаса­ған­дарды жатқызады. Оның ішінде өнім­нің жаңа түрлерін шығару немесе жаңа технология енгізу, өндірісті ұйым­дастырудың жаңа әдістерін енгізу айтылады. 

Оныншы көрсеткіш кәсіп­­орындардың ірі бизнеспен өзара тығыз байланыс­та, коо­перация, интеграция жә­не кластерлеу арқылы әрекеттесу дәрежесі болып табылады. Шетелдің озық тәжі­ри­бесіне сүйенсек, ШОБ ірі кәсіп­орындардың аясында, олармен тығыз байланыста, тіпті олардың қамқорлығының арқасында өркендеп отыр. Бір ғана мысал, атақты жапониялық «Toyota Motor Corporation» корпорациясының тапсырысымен автомобильдің құрамдас бөлшектерін шығаратын 30 мыңға тарта шағын кәсіпорын өзара әрекеттесіп жұмыс жүргі­зеді, өйткені көп жағдайда ірі кә­сіпорынға ұсақ бөлшектер өндіру мүлдем тиімді емес. Оған қосымша шығынданғанша ша­ғын бизнестің көмегіне жүгін­гені тиімдірек. Яғни ірі кә­сіпорын мен шағын кәсіп­орындардың бірін-бірі толық­ты­рып әрекеттесуі ШОБ-ты дамытудың негізгі шарты деуге болады. Өкінішке қарай КСРО-дан мұраға қалған өндірістік дәстүр бойынша біздің елдегі ірі кәсіпорындар шағын кәсіпорындармен бірлескісі келмейді, олар кішігірім өз бөлімшелерін ашуға тырысып бағады. Шағын кәсіпкерлерге сенімсіздікпен қарайды. Тіпті ірі ұлттық ком­па­ниялардың өздері де небір ква­зимемлекеттік кәсіпорындарға сенім артып, тиімсіз өндірістік құрылымдарға жол беріп отырғаны сынға ілігіп жатады. 

Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні, бүгінгі Қазақстан­дағы шағын және орта кәсіп­керлік күні бүгінге дейін ел экономикасының біріктіруші, қалыптастырушы және тұрақ­тандырушы күшіне айналған жоқ. Ол экономикамызда саны бар, ал сапасы төмен құры­лым ретінде орын алуда. Бұл саланың өркендеуіне септігі тиетін шаралардың легі аз емес. ШОБ-қа мемлекет тарапынан қолдау көрсету әркезде де бас­ты орында тұруы тиіс. Бұл мәселе келесі әңгімеміздің арқауы болмақ...

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ, 
экономика ғылымдарының кандидаты