10 Қараша, 2017

«Батпандап кірген мысқалдап шығады»

1557 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бүгінгі жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағ­да­­йында атқарып отырған жұ­мыстарының өзектілігі ерекше. Мем­лекет басшысының өзі «Қазіргі жағ­дайда министрліктің жұмысы еліміз үшін аса маңызды», деп аталған ведомство көтерген жүктің ауырлығы мен жауапкершілігіне айрықша мән-мағына берген болатын. 

«Батпандап кірген мысқалдап шығады»

Айтса айтқандай, қазіргі таңда аталған министрліктің алдына зор міндеттер қойылған. Тамырын терең жайып үлгерген бүлдіргі діннің зардабымен күрес мол күш-жігерді талап етеді. Әсіресе, әсіредіншіл уағызшылардың арбауына түскен өрімдей жастардың бетін қайтару оңайға түспей отыр. Іркіліссіз, үздіксіз түрде санаға сіңі­ріліп жатқан теріс уағыздардың уы­ты қазірдің өзінде қоғамдық, тіпті мем­лекеттік қауіпсіздікке қатер төндіре бас­тағандай. Өйткені бүгінгі күнде теріс ағым серкелері өздерінің жымысқы мақсаттарын іске асыру үшін ақпараттық технологияны барынша тиімді пайланауға ұмтылуда.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, биылғы жылы іс-әрекеті мен саясаты қолданыстағы заңдарымызға қайшы келетін 2,5 мың интернет-ресурс анықталған. Сонымен қатар атал­ған ведомствоның мамандары ға­ламтордағы 5527 ақпарат ресурсына зерттеу жүргізіп, 2487 заңсыз материалды тапқан. Заңбұзушылықтар анықталған сайттар бойынша жасалған сараптамалық қорытындылар Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне аталған сайттарды бұғаттау және тиісті техникалық шаралары қабылдау үшін жіберілген.

Бүлдіргі дін серкелері ұялы телефон арқылы да арам пиғылдарын іске асыруға әбден әккіленіп алғанға ұқсайды. Жасыратыны жоқ, қазір ірі-ірі қалалардағы ұялы телефон сатумен айналысатындардың көбі біз үшін дәстүрлі емес дін өкілдері. Бір қуанарлығы, бүгінде тәртіп сақшылары бұл бағыттағы заң бұзушылықтарды әшкерелеу барысында барынша батыл қимылдауда. Бұған мысал ретін­де осыдан біраз бұрын Шымкент қала­сында мобильдік құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазып, сатқандардың құрықталғанын айтсақ та болады.

Міне, қарап тұрсаңыз, теріс  пиғыл­ды ағым өкілдері  өздерінің идеологиясын тықпалау үшін ақпараттық құралдың қандайынан болса да бас тартар емес. Ілгеріде діни әдебиеттерге иек артушы еді, қазір интернет-ресурсты, ұялы байланыс түрлері секілді кез келген ақпарат көзін асқан қомағайлықпен пайдалануда. 

Бүлдіргі ағымның бүгінгі идеологтары адам санасына шабуыл жасауды кәсіби тұрғыда меңгерген. Теріс ілімнің танымал деген өкілдері тәжірибесі аз, пікірсайыстан хабары жоқ өз құрбандарымен сөз таласына түскенде ислам постулаттарын өз мүдделеріне сай, өзгешелеу етіп түсіндірудің шебері болып алған. Соның салдарынан, түптің түбінде санасы уланатын адамдар жал­ған ұстаздардың әлгі «өзгешелеу» тұжырымдарын жалғандағы жалғыз ғана ақиқат ретінде қабылдап жатады.    

Өкініштісі сол, теріс ағымдағылар­дың идеологиясы мемлекет пен қо­ғамдағы өскелең ұрпақты нысана етіп алады. Ал мұндай жағдайда жетекте кет­­­­кен жастар аталған идеологияны жал­ғастырушы ғана емес, оның мақсат-мүд­десін жүзеге асырушыға да айналып шыға келеді. Олар, тіпті зайырлы мемлекеттердің саяси билігімен қарулы қақтығыстарға барудан да тайынбайды. Міне, қауіптің көзі қайда жатыр!

Жалпы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін материалдар анықталған жағдайда діни сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес, оны республика аумағында пайдалануға және таратуға рұқсат етілмейді. Бұл істі күшейте түсу үшін, әрине  қолданыстағы заңдарымыздың заман талабына сай сапасы мен әлеуетін таразыға тағы бір мәрте салып алғанымыз абзал. Не­гізі, бұл бағытта министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар көңілге сенім ұялатады. Мысалы, қа­зіргі уақытта діни қызметті реттейтін заңнамаға түзетулер енгізу жөніндегі құ­жаттар әзірлену үстінде. Оның не­гізінде 9 заңға және 2 кодекске жалпы саны 52 түзету енгізу қарастырылған екен.

Иә, «Ауру батпандап кіріп, мыс­қалдап шығады» дейді қазақ. Санаға сіңгенді безді алғандай сылып тас­таудың әуре-сарсаңы мол болса да, бұл бағыттағы ымырасыз күрес үзіліссіз һәм үздіксіз жүргізіле беруі тиіс. Әйтпеген күнде сан соғып, опық жеп қалуымыз да әбден мүмкін.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»