10 Қараша, 2017

Діни ахуалды жетілдіру – маңызды міндет

1127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Діни ахуалға талдау жасағанда, дін саласындағы күрделі мәселелер қазіргі заманауи қоғамдағы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндердің арасынан маңызды орын алатыны байқалады. Бұған әлемнің түкпір-түкпіріндегі діни экстремизмнің шиеленісуінен туындаған қайғылы оқиғалар айғақ болады. Қоғам тарапынан қауіп-қатерді жете бағалап, діни мәселелерге жүйелі назар аударылмаса, бұл мәселе әлеуметтік кеңістікте алдыңғы орынға шығып кетуі мүмкін. 

Діни ахуалды жетілдіру – маңызды міндет

Алдын алу және болдырмау шаралары

Бірқатар елдердің тәжі­рибесі көрсеткендей, қоғамға жат діни-саяси идеологияларды ашық түрде таратуға талпыну барысында қандай қауіптің жасырынып жат­қанына көрнекті дәлел болатын бұл оқиғалар экстремис­тер мен террористер үшін қолайлы жағдайға жол береді. Сондай-ақ бұл оқиғалар бел­гілі дәрежеде қоғамның бір бөлігінің, әсіресе жастардың исламның және басқа да діндердің мәнін түсінудегі діни сауатсыздығының салдары. Бұған жергілікті орындардағы дәстүрлі діндердің кейбір өкілдерінің білім деңгейінің төмен болуы, діни сауатсыз­дықтың салдарынан ислам доктринасын бұрмалау жә­не діни көзқарастардың кер­тартпалығы едәуір деңгейде әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, осын­дай факторлар дінге се­нушілердің радикалдануына, соның ішінде діни экс­тремизмнің пайда болуына қо­лайлы жағдай туғызады. Бұл мәселелердің біршама дәрежеде біздің қоғамға да әсер еткені көпшілікке мәлім. 

Осы орайда Қазақстан Пре­зидентінің 2017 жылғы маусым айындағы Жарлығымен діни саладағы ахуалға байланысты қабылдаған мемлекеттік саяси тұжырымдамасы дер кезінде және маңызды құжат ретінде танылуда. 

Бүгінгі таңда біздің ға­лым­дар мен сарапшылар, мем­лекеттік басқару органдары, діни бірлестік өкілдері осы са­ладағы нақты жағдайды ес­кере отырып, аталмыш құбы­лыстардың алдын алу мен бол­дырмау үшін ғылыми негіз­делген ұсыныстар мен салауатты баға берулерін тереңдетуі өте маңызды. Діни экстремизм секілді құбылысқа қарсы кү­ресте тек әкімшілік шараларды қол­дану жеткіліксіз болатыны түсінікті. Бұл – дінімізбен қа­тар ділімізді дамытатын сала, сана кеңістігі. Сондықтан мә­селе бұл құбылыстың мә­нін терең түсініп, шығу се­бептерін, болмысын және әлеуметтік негізін анықтауға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ осындай қауіптерді болдырмау үшін жақсы ойластырылған шаралар жүйесін әзірлеуге дағдыланған жөн.

Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының IV съезін­де, төзімділік пен се­німділікті насихаттайтын ар­найы интернет-ресурс­ты құ­ру қажеттігі туралы бас­­та­масы өзекті және дер ке­зінде көтерілгені анық. «Адам­­­гершілік – өнегелік құн­­дылықтардың жаһандық дағдарысы артып келеді. Көптеген қоғамдағы «жалған бостандықтың» насихатталуы мен таралуын көрмеу мүмкін емес. Адами қарым-қатынастың табиғи сипаты жөнінде бұрмаланған көзқарастар қазіргі қоғамның қалыпты сапасы ретінде ұсынылып, адал еңбекке деген ұмтылысты кез келген тәсілмен пайда табуға ал­мастырмақ. Мұндай адам­гершілікке қарсылық талай жер­де абсолюттік деңгейге көтеріледі», деп атап өтті Мем­лекет басшысы.

Қазақстандағы қазіргі ді­ни ахуал мен жүріп жатқан үр­дістер білім беру мен діни тәрбие жөнінде ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаны шұғыл түрде жасауды талап етеді. Біздің көзқарасымыз бойынша, ұлттардың рухани дәстүрлері мен мәдениеттеріне негізделген, психологиясы мен ерекшеліктері қамтылған бағдарламалар жасақталса, осы бағдарламаның өзегінде біздің халқымыздың ділі мен діни ерекшеліктері болуы тиіс. 

Отандық және шетелдік көптеген ғалымдардың, сон­дай-ақ діни қайраткерлердің пікірі бойынша, мемлекет пен қоғам діндарлардың бо­йын­да берік иммунитет пен аг­рессияға төзбеушілікті сенім не­гізінде қалыптастыруы қажет. Мұндай індеттердің алдын алудың оңтайлы тәсілі – халықты рухани тұрғыдан ағарту. Сондықтан да бүгінгі күні әлемдік діндердің дү­ние­танымдық, рухани-адам­гершілік, әлеуметтік және ғы­лыми негіздерін сауатты ді­ни білім беру арқылы та­ны­тудың маңызы зор. Осы­лайша, еліміздегі жастар арасында экстремистердің немесе террористердің пайда бо­лу мүмкіндігінің түп-тамы­рын жоюға шешуші қадам жа­салмақ.

Ділі мықтылар жігін алдырмайды

Қазақстанда тыйым салын­ған экстремистік әрі террорлық ұйымдардың, радикалды және тіркелмеген діни ағымдардың жақ­таушылары бар екені анық­талды. Осы орайда әлгін­дей әрекеттер байқалған жағ­дай­да түрлі қоғамдық ұйым­дар мен бірлестіктердің аран­да­тушылық әрекеттерге жол бер­­­меу мақсатында бірігіп, қы­­­рағылық пен ұйымшылдық та­ныта отырып тойтарыс беруі ма­ңызды шара. 

Діни қажеттіліктер көбі­не­се қоғамдық қарым-қаты­настардың күрт өзгеріске ұшы­раған немесе түбегейлі жаңа­шыл бағыт ұстанған қиын-қыстау өтпелі кезеңдерінде өте маңызды болары сөзсіз, өйткені дәл сондай шақтарда жеке тұлғаның болашаққа деген үміті жоғалып, өзіне деген сенімінің азаятындығы белгілі. Сондықтан болар ке­ңестік жүйенің ыдырауы, яғни «коммунистік бақытты болашақтың» жүзеге аспай қа­­лу­ының нәтижесінде адам­дардың көпшілігі әртүрлі діни конфессияларға, бірлестіктерге бет бұрды.

Көптеген экстремистік ілім­дердің жастарды қызықтыруы, олардың көптеген дәстүрлі діндерден айырмашылығы соғысқұмарлық, агрессивті үндеу жүргізу екенін есте ұстау маңызды. Дәстүрлі діндерден та­ғы бір айырмашылығы, олар адамдар арасындағы сый­лас­тық, келісім мен төзімділіктің қажеттілігі жайлы сөз қоз­ға­майды, махаббат пен жана­шырлыққа шақырмайды, Құ­дай­дың қалауына көнбейді. Кері­сінше, олар батыл әрі табанды әрекеттер жасап, адамдарды күшпен және қарумен қорқытып, өзінің немесе рухани басшысының пікіріне ғана сүйеніп, құрылымды өзгер­туге, тартып алуға немесе қол жеткізуге шақырады. 

Бұл секталардың ұйым­дастырушылары қатарларына тарту мен ізбасарларын үйрету барысында дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар сананы мани­пуляциялаудың заманауи әдіс­терін кеңінен қолданулары әбден мүмкін. Әдетте, олардың жақтаушыларына салауатты ойға құрылған дәлелдер де, оңтайлы әрі қисынды дәйектер де әсер етпейді. Өйткені санасы барынша уланғанын байқаймыз. 

Қазіргі жастарға ислам мен христиан секілді барлық ұлы діндер қоғам бірлігінің рухани негізі екенін тыңғылықты әрі дәлелді түрде ашып тү­сін­діру міндетті және өте ма­ңызды. Демек, ендігі жерде діни бірлестіктер қызметіне қатысты жаңа заң жобасына өзгертулерді енгізу қажет. Заң жобасында қамтылмаған кей мәселелер әлі де көпші­ліктің көкейін күпті етіп, алаң­даушылығын туғызғандай. Бұл тұрғыда теріс пиғылды діни ағым­дар мен ұйымдардың белсенділігін шектеудің алдын алу бағытында кейбір көршілес елдердің іс-тәжірибесін назарда ұстаған қажет пе деп қаласың. Оларда қазір қауға са­қалдылар да, беті-басын тұмшалап алған, хиджаб киіп етегіне сүрінгендер, түрлі күмәнді діни кітаптар таратып, ғаламтор арқылы уағыздарға сеніп, ессіз елтігендер атымен жоқ. Бізде де сондай ке­леңсіз жайттарға жол бермей, әр аймақ, өңірлер мен елді мекен­дерге, қалаларға келген іс-әрекеті күмәнді бейтаныс адамдардың жүруін, олардың түрлі діни кітаптарды таратуын қатаң бақылауға алу назардан тыс қалмауы тиіс. 

Жақында Алматыдағы Дос­тық үйінде өткен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасына толық­тырулар мен өзгерістер енгі­зуге орай ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысқан дөң­гелек үстел талқылауында жұрт­шылықтың көкейіне қо­нымды бірқатар ұсыныстар ортаға салынды. Атап айт­қанда олар: кәмелет жасына толмаған балаларды ата-ана­сының рұқсатынсыз діни іс-шараларға қатыстыруға тыйым салу, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісі­мінсіз жастарды шетелге діни білім алуға жібермеу, діни ұйым­­дарға түскен қаржыны әлеумет тарапынан ашық түрде қадағалауды қамтамасыз ету, медициналық мекемелердегі бала денсаулығы үшін қа­жет­ті міндетті екпеден ата-ана­лар­дың діни сенім себебімен қашуына жол бермеу, «талақ» сияқты діни ғұрыптар мен басқа да біздің қоғамға және жалпы адамзаттық нормалар мен дәстүрлерге жат амалдардан әйелдердің құқығын заңнамалық деңгейде қорғауды қамтамасыз ету секілді толық­тырулар.

Осындай өзгерістер мен толықтырулар уақыт талабына сай екенін және Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани­ жаңғыру» мақаласында қойған міндеттерге толығымен сәй­кес келетінін атап өткен жөн.­ Бұл біздің қоғамның ді­ни мәселелерге қатысты көп­те­ген түйткілдерін шешіп қа­на қоймай, еліміздегі руха­ни бірлік пен әлеуметтік тұ­рақтылыққа да септігін ти­гізеді. 
 

Ақан БИЖАНОВ, 
Білім және ғылым министрлігі Философия, 
саясаттану және дінтану институтының 
директоры, саяси ғылымдардың 
докторы, профессор