Медицина • 13 Қараша, 2017

Тұрғындарды толғандырған түйткіл

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шу ауданының орталығы Төле би ауылын көгілдір отынмен қам­тамасыз етудегі баға тұрақсыздығы тұрғындар үшін басты мәселеге айналып отыр. Уақыт сайын құбыла түскен баға тұрғындар көкейіндегі күмәнді ұлғайтып келеді. Ал халықтың әлеуметтік жағдайының бірдей емес екенін ескерсек, олардың бұл шағымы шындықтың ауылынан алыс кете қоймайды. Ауданға барған сапарымызда да халықтың басты мұңы осы екенін байқадық.  

Тұрғындарды толғандырған түйткіл

Бұл күнде 20 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығында аталған мәселе күн өткен сайын күрделеніп, шешімін табуы қиындап барады. Жекелеген тұрғын үйлерге газ жеткізу халық үшін арман десе де болғандай. Мердігер «Париев» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі 2014 жылы Төле би ауылына газ құбырларын тарту үшін тұрғындармен кездесу өткізіпті. Арнайы хаттама негізінде газ құбырларын 420 мың теңгеден орнатуға келіскен. Алай­да ауыл халқының айтуы бойынша, өзге ауылдарда газ құбырын тарту құны 300-350 мың теңгенің көлемінде екен. Ауданның құр­метті азаматы Мәкен Уақтегі «Париев» ЖШС-нің басшылары халық­тың жағдайына қарамай, бағаны шарық­татып жібергеніне наразы­лық білдірді. «Мұндай қаражат жұрттың бәрінің бірдей қолында бола бермейді. Сонда да «Париев» басшылары халықтың жағдайын көре тұра бағаны ша­рық­татып жібергені халықтың нара­зылығын тудыруда. Мәселен, атал­мыш мер­дігердің Төле би ауы­лын­да жұмыс бастағанына 3 жыл­дан асты. Бірақ әлі күнге дейін оң нәтиже көріп отырған жоқпыз», дейді ол.

Араға біраз уақыт салып аталмыш мердігер бағаны тағы да 570 мың теңгеге көтеріп жіберген. Ал 420 мың теңгенің өзін қымбат деген тұрғындар бұл шешіммен мүлде келіспейтіндіктерін жет­кізді. «Қарапайым халықтың 570 мың теңгені төлеуге шамасы жет­пей­тіні белгілі ғой. Сондай-ақ газ құ­бы­­рын жер астымен емес, жер үсті­мен жүргізу қымбатқа түсе­ді. Және Шу қаласындағы жер асты­мен жүргізілген құбырлардың өл­шемі біркелкі болса, Төле би ауы­лын­да әртүрлі. Сол себепті кей­бір тұрғындарға газ мөлшері аз көлем­де беріліп, бұл олардың да нара­зы­лығын тудырып отыр. Сондықтан мердігердің бағаны қайта-қайта құбылта беруіне қарсымыз», дейді ауыл тұрғыны Нұрлыхан Бердиев.

Қарапайым халық аталған бағаны несие алып болса да төле­ген күннің өзінде, көгілдір отын­ның пешін, тағы да басқа қажетті дүниелерін алу керек. Мұның бәрін есептейтін болсақ, тіпті газ кіргізу 800 мың теңгеге дейін кетіп қалады дейді тұрғындар. Ал «Париев» ЖШС директорының орынбасары Нұрхожа Дүйсен­бековпен сөйлескенімізде, ол бұл мәселені нарықтағы баға­ның көтеріліп кетуімен байланыс­тырды. «Расында да баға 570 мың теңгеге дейін өскен. Алайда бүгінде ол 475 мың теңгеге түсіп отыр. Себебі Үкімет Шу қаласы мен Төле би ауылына дейінгі газ жүретін магистральды жолды сатып алды. Бұл халыққа жеңілдік болып отыр. Енді Үкімет тағы да Төле би ауылындағы газ жүретін магистральды жолды сатып алатын болса, тұрғындар 120 мың теңге ғана төлейді», дейді ол.

Баға 120 мың теңгеге түсе ме, түспей ме, ол жағы белгісіз. Бүгінде Шу ауданының көптеген ауылдары көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бірақ аудан орталығындағы осы бір күрделі жағдай тұрғындар үшін әлі де түйткілді. «Бұл мәселе бойынша біз халықпен жиналыс өткіздік. Қазір Төле би ауылына көгілдір отын тартудағы осы мәселелерді Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қарау үстінде. Бүгінгі таңда 250 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Тағы 250 үй газ кіргізу үшін келісімге отырды. Сондай-ақ халықтың жағдайын ескеріп, біз «Париев» ЖШС-на тұрғындардың әрқайсысынан әуелі 100 мың теңгеден ғана алуды ұсынып отырмыз. Қалғанын несие есебінде ай сайын бөліп төлеуді де қарастырудамыз», дейді әкімнің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев. 

Енді әкім орынбасарының дегені болатын болса, бұл да халық үшін үлкен жеңілдік. Бірақ оны ай сайын төлеп тұру да тұрғын­дарға оңай соқпайтыны анық. Бір қызы­ғы, осы уақытқа дейін Шу қала­сы мен Көкқайнар, Ескі-Шу, Жаңажол, Бірлік, Жаңақоғам ауыл­­дық округтері мен Қонаев ауы­­лына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының мердігерлері газ құбырын 310 мен 350 мың теңгенің аралығында орнатып беріпті. Ал төлебиліктерге келгенде баға шарықтаған үстіне шарықтап кете берген.

Халықтың әлі де бағаның тұрақтануына сенімі мол. Егер аталған мәселе шешімін табатын болса, аудан орталығы да көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Бірақ неше жылға созылып келе жатқан көгілдір отын мәселесімен төлебиліктер әлі де талай уақыт арпалысамыз ба деген пікірде.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы