Альберт Рау:
– Кодекс туралы жасалған баяндамада жобаның біздің елге қандай пайда әкелетіндігі туралы жан-жақты айтылды. Оның жеті жыл бойы дайындалуының күрделілігі сонда, бұрын біз қатты, сұйық және басқа да жер қойнауы байлығына бірдей көзқараспен қарағанымызда болып отыр. Екінші маңызды мәселе, жер асты байлығына қолжетімділік. Баяндамада айтылған аустралиялық тәсіл арқылы инвесторлардың қолжетімділігі жеңілдеген. Әрине, барлық барлау жұмыстарын мемлекеттің өзі ғана жүргізуі үлкен шығындарға ұрындырады. Сондықтан мемлекет барлаудың бастапқы қадамын ғана жасап, одан әрі инвестор тартуы керек. Жер байлығын пайдаланушының өкілетті органмен келісімдерінің азайтылуы да заң жобасының артықшылығын көрсетіп тұр.
Ұсынылып отырған кодексте жер қойнауы байлығын пайдаланушы экология мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке ғана жауап береді делінген. Бұл инвестор тартудағы тиімділікті арттырады. Сонымен қатар заң жобасында 30 шақырымдық аумақтағы жерді пайдаланушыға беру туралы норманың енгізілуі біршама сұрақтар тудырады. Бұл 2840 шаршы шақырым деген сөз. Мысал үшін айтатын болсақ, Рудный қаласының маңында үш кеніш бар. Осылардың әрқайсына 2840 шаршы шақырымнан жер берілсе қаланың дамуына не қалады? Тіпті бір моноқаланың түбінен бір ғана жер берілгеннің өзінде барлық елдің ауқымында бұл шамамен 170 мың шаршы шақырымды құрайды деген сөз. Бұл қазіргі Ақмола облысының аумағына барабар. Әрине, қаланы құраушы кәсіпорындар шикізаттық базасынан айрылмауы керек. Бірақ әрбір моноқалаға қатысты мәселені жеке-жеке қарау керек қой. Өйткені бәрінің мәселесі бір емес. Мәселен, Арқалық қаласында боксит қоры әрі кетсе алты жылға жететін көлемде ғана қалды. Алайда ондағы кәсіпорынға да 30 шақырымдық аумақ бөлу туралы аустралиялық тәсіл қолданылады. Бұл жердегі мәселені де нақты қарау керек. Жалпы айтқанда, қала құраушы кәсіпорындар жер қойнауын пайдалану бағдарламасына кірісер алдында министрлікпен бірлесіп өзіне қаншалықты аумақ керектігін анықтап, нақты белгілеп алулары керек деп санаймын.
Галина Баймаханова:
– Мен геолог ретінде көптен күткен осы кодекстің қаралып жатқанына қуаныштымын. Біз оны ұзақ күткен едік. Кодекс Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуында жер қойнауы байлықтарының қаншалықты рөл атқаратынын айқындайды. Соңғы екі жылда ол түрлі алаңдарда талқыланды. Қоғам мүшелерінің түрлі ұсыныстары мен пікірлерін заң жобасын әзірлеушілер назарға алған. Құқылық нормалар жетілдіріліп, жақсартылғаны да көрініп тұр. Әсіресе нақтылық мәселесі арттырылған. Кодекс жер қойнауы байлығына қолжетімділікті де әжептәуір жеңілдеткен. Сонымен бірге жер қойнауы байлығын зерттеу мен есеп беру тетіктерін жетілдірген. Енді осы кодекс өзінің ең негізгі мақсаты – жер қойнауы байлығын игеруде инвестициялық қолайлы ахуал тудырар деген үміт бар. Сөйтіп елдің тұрақты дамуына қажетті минералды-шикізаттық базаның артуына жәрдемдеседі деп ойлаймыз.
Заң жобасын әзірлеушілер әлемнің ең үздік тәжірибелерін қолданғаны көрініп тұр. Әрине, Қазақстанның өзінің де осы саладағы бай тәжірибесі ескерілген. Сөйтіп жер қойнауы байлығын игеру жөніндегі қазақстандық ұлттық жаңа стандарттары халықаралық үлгілерге сәйкестендірілген. Әсіресе, жер қойнауы байлығын зерттеу, олардың ресурсы мен қорын анықтау бойынша шынайы ақпаратқа қол жеткізуде кодекстің маңызы зор болмақшы. Әрине, жақсы стандарттар мен үлгілер өздігінен жұмыс істемейді, оларды нақты мазмұнды істермен толықтыруымыз керек.