Бірінші ой
Әлем таңғалған құбылыс
Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқсыз ба? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет!
Альфред Курелла
Көлеміне ұшқыр қиял болмаса көз жетпейтін көкала мұхит тебіренген бір сәттерде қуатты толқын алдында көпіршіген көбік толқындар жүгіріп өтпей ме? Шымыр шығарманың қан тамыры болып таралатын ой, сезім, сурет деген де сондай толқындар тәрізді емес пе? Алмас қылыш жүзіндей ақ қағазбен бетпе-бет келіп, ой мен сезім құшағында оңаша қалған суреткер көкірегінде жылдар бойы жаралап, көз алдына сан сурет болып көлбеңдеген сол бір сәтте бәрін ақыл мен талғам таразысына тарта алса қандай ғанибет! Әйтсе де, сондай тар жол, тайғақ кешуде тұңғиық, тылсым сырларды, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі азапты арпалыстарын, шарпысқан сезімдерін, тұңғиық тылсым сырларды майдан қыл суырғандай суреттеу, әр шығарма, ол ол ма, әр кейіпкер сайын жаңалық ашу жазушы атаулының бәріне бірдей қона бермейтін бақ. Інжу-маржан тайызда емес, асау толқынын аспанға атқан теңіздің терең түбінде жатады. Сондай тұңғиыққа тұншықпай сүңги білген сұңғыла суреткер сөз өнеріндегі ірі көркемдік құбылысқа айналады. Кең тынысты, кемел ойлы кемеңгер Мұхтар Омарханұлы Әуезов дертпен тең сөз өнеріндегі әлем таңдай қаға тамсанып, таңғалған таңғажайып құбылыс!
Мұхтар Әуезов әлем әдебиетіне үлкен олжа салды деу аз, ол оны жаңа биікке көтерді, көркемсөз бен көсемсөздің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетті, мұхит ойдың тереңінен жауһар жинап, адамзат ақыл-ойының, парасат-пайымының көсегесін көгертті.
Теккерей: «Романист көп білуі керек» десе, Бульвер: «Романист философ болуы керек» депті. Ал Белинский «Тарихи романның авторы жақсы тарихшы болу керек» деген талап қояды жазушыға. Мұхтар Әуезовтің төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясының әр кітабынан ғана емес, шығарманың өн бойынан мұндай тілек, талаптың үдесінен шыққан сан қырлы саңлақ талантты тану қиын емес.
Ең бастысы, қазақ халқының жарты ғасырлық өмірі жан-жақты суреттеліп, Абай өмір сүрген уақыт пен қоғамның қайшылықтары табиғи зор талантпен бедерлі бейнеленіп, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қатпар-қатпар қалтарыстар, терең ойлар, тебіренген сезімдер, шытырман оқиғалар шырмауындағы адам психологиясы, құбылыстар мен оқиғалар фонында Абай төңірегінде жарқырай көрініп, тұтас бір дәуірдің жанды картинасының жасалуында. Эпопеяда кейіпкерлер қатары қалың, оқиғалар да, эпизодтар да көп. Сол көптің бәрі шығарманың ұзақ сюжеттік желісімен жымы білінбей жымдасып, барлық оқиға бас кейіпкер – Абай образын ажарлы ашып, мінсіз мүсіндеп тұр.
Адам жанының ішкі иірімдерін, кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі жан дүниесін, жүрек лүпілін тамыршыдай тап басып, анық та қанық суреттейтін Әуезов шеберлігі эпопеяның жібек жіппен тартылған алтын арқауы.
Абай мен Тоғжан алғаш кездескен сәттегі кейіпкер жанының тереңін суреттеген сәт қандай ғажап! Сол шағын ғана көркем көріністе көп қырлы суреткер Әуезовтің екі қыры аңғарылып тұр. Оның бірі – жоғарыда айтылған кейіпкердің жан дүниесін жарқырата ашқан шеберлік, бірі – қысқа да қызулы диалогтар, кейіпкерлердің жүректен шығып, жүрекке жеткен тіл қатысулар арқылы мінсіз мүсінделген образ. Эпопеяның: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды» деп басталған алғашқы тарауындағы Абай мен Қодарды өлтіретін бөліктегі Абай ойы, сезімі кейіпкер бейнесін сәтті сомдаудың үздік үлгісі.
Көркем шығарманың көркін келтіретін диалог, кейіпкер портреті, табиғат суреттері, көсем ой, көркем тіл жайлы айтсақ, көз алдыңа «Абай жолының» ақбас шыңдары асқақтап шыға келеді.
Кезінде Мұхтар Әуезов: «Үлкен романсыз үлкен әдебиет жоқ» деп жазып еді. Кемеңгер Әуезов үлкен роман ғана жазып қойған жоқ, әдебиет әлеміндегі үлкен құбылыс болды!
Он бес жылға созылған жанкешті еңбек пен аса сирек кездесетін құдіретті талант өз жемісін берді. 1956 жылы атақты роман-эпопея – «Абай жолы» аяқталып, ұлы Абай әлемді аралап кетті. Сол сәттен бастап Лев Толстойша характер тұңғиығына бойлау, Федор Достоевскийше ойлау, Михаил Шолоховша шарықтау, Николай Тихоновша тебірену, Александр Фадеевше қарыштау, Оноре де Бальзакша мүсіндеу, Стендальмен достасқан стилист болудың озық үлгісі және сол алыптардың көлеңкесінде қалып қоймай өз ойы, өз бойымен көрінген құдіретті талант деген пікірлерді жарыса жазды Луи Арагон, Бенжамин Матип, Константин Федин, Ғабит Мүсірепов, Андре Стиль, Альфред Курелла, Берді Кербабаев, Олесь Гончар, Шыңғыс Айтматов... сынды әлемге әйгілі сөз зергерлері.
Не айтатыны бар, Мұхтар Әуезов – әлем таңғалған таңғажайып құбылыс!
Екінші ой
Ұлылық ұлағаты
Ол ұлттық драма өнерінің өркендеуіне көп көмектесті. Мұндай энциклопедиялық тек уақыт рухына ғана емес, оның характеріне тән қасиет еді.
Николай Тихонов
Ұлылықтың бір өлшемі – аспан. Бұл дүниеде одан биік, одан кең не бар?! Ұша білген қанатқа дүние кең дейтініміз де содан. Әйтсе де биікке аңсары ауған құштарлар қаншалық көп болса, сол биікке шырқап шыққан қырандар соншалық аз. Ол заңды да. Биіктік таланттар мен қанаттылардың ғана мекені. Құр қызығу мен құрғақ құштарлық құшағына сыймайды ол. Өмірдің осы бір қатал, әділ заңы өнерге де тиесілі. Содан да болар, қаламгерлер көп болғанмен, қанаты талмас қыран тектес талант алтындай аз, жарқыраған жақұттай қат.
Өмірдегі сияқты, өнерде де оңай бақыт болмайды. Қымбаттың бәрі қиынға түседі. Жазушы жолы – шың мен шыңыраудың екі аралығында қиын асуға өрмелеген таудың тар жол, тайғақ кешуі тәрізді. Сондай қиын жол, қиян асуда қарсы алдыңнан адастырмас жұлдызың боп жанатын кемеңгердің бірі емес, бірегейі Мұхтар Әуезов! Ол алысты нұсқар, асқарға бастар жарық жұлдыз сияқты.
Сонау зеңгір аспанда жұлдыздар қаншалық көп болса, аты мен заты белгілі жарқыраған жарық жұлдыздар соншалық аз. Әдебиет әлеміндегі сондай жарық жұлдыз Мұхтар Әуезов екенін ешкімнің ажарына қарамайтын қатал уақыттың өзі дәлелдеді. Бір ғана дәлел. Кеңестік кезде әлем әдебиетінің 200 томдығы жарыққа шықты. Он бес республиканың әдебиетшілері мен ғалымдарынан түзілген қатал қазылар тобы адамзат тарихындағы барлық асыл қазынаның ең таңдаулыларын іріктеп, тарих тезінде, замана дауылында азып-тозбаған жауһар шығармаларды сол 200 томға топтастырды. Сол асылдардың асылы жинақталған баға жетпес қазынадан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының төрт кітабы ойып тұрып орын алды. Николай Тихонов, Шыңғыс Айтматов, Константин Симонов, т.б. әлемге әйгілі тұлғалардың өзі көп қаламгерлермен бірге жалпы жинақта ғана бас қосқанда, бір өзі білдей бір төрт томмен топ жарған ұлылықты құдірет десе болар!
Тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Африкада кимберлит трубасынан ХХ ғасырдағы ең үлкен алмастардың бірі табылды. Одан гауһар алу үшін әлемдегі ең таңдаулы зерлеуші шақырылды. Атақты шебер кимберлит трубасындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Содан соң ғана алмасты қырнап, өңдеп, зерлеуге кірісті. Одан кейін төгілген тер мен асқан шеберліктен өмірге қай қырынан қарасаң да жарқырап тұрған асыл текті гауһар келді. Соншалықты тыңғылықты зерттеусіз, оның табиғатын ұқпайынша, шелектеп тер төкпейінше, сондайлық ғаламатты өмірге әкелу мүмкін емес еді, зерлеушінің бір ғана қателігі сәтсіздікке әкеліп соғар еді. Әлемдік деңгейдегі ұлы суреткер Әуезов еңбегін, Әуезов талантын жусан иісті гауһар зерлеушінің аса нәзік, аса ауыр асқан шеберлігімен бейнелеуге болады.
«Бәлкім, сырт көзге бұл сөзіміз ерсі де көрінуі мүмкін. Алайда, Әуезовтен кейін қазақ жазушыларына әдеби еңбек тым қиындап кеткенін жасыра алмаймыз. Ол жарық жалғанның алдында жақсы аттандырып кеткен әдебиеттің биік деңгейін төмендетіп алмау қай-қайсымызға да оңайға түсе қоймас», – деп ескертіпті көркем сөздің көрнекті шебері Тахауи Ахтанов «Сөз сиқыршысы» атты мақаласында. Орайымен айтылған осы орынды сөзді ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовтің өсиеті деп қабылдасақ жаза басып, жаңылыспасымыз айдан анық.
Қазақ әдебиеті Әуезов кезіндегіден әлдеқайда тереңдеп, әлденеше өсіп кетті. Әсіресе, проза жанрындағы жауһарларымыз бірнеше ғасырлық тарихы бар Батыс пен Шығыстың озық үлгілерімен иықтасып тұр. Осы өсуге Әуезов шығармашылығының әсері, ұстаздық көмегі көп болды. Әйтсе де, «Әуезовтен кейін тым қиындап кеткен әдеби еңбек» әзірге Әуезов деңгейіне жете алмай жатыр. Ахтанов айтқан ақиқаттың бір сыры осы.
Үшінші ой
Кемеңгермен кездесу
Біздің көз алдымыздағы осынау ірі мәдени құбылысты мен именбей-ақ нағыз ұлылардың сапына қосар едім...
Всеволод Иванов
Бұл оқиға өткен ХХ ғасырда, дәл айтқанда 1959 жылдың күзінде болып еді. Сол кездегі Киров, бүгінде әл-Фараби атындағы ұлттық университетке оқуға қабылданған бір топ бозбала Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мақта теріп жүргенбіз. Үлбіреп тұрған аппақ мақтаны қауашағынан алып, беліңе байлап алған ала қапшыққа салатын бұл жұмыс жігіттің қолы емес екен. Еңкейе-еңкейе белің талады, мақтаны тез терсең қолыңды мақта қауашағы жарақаттайды, баяу терсең күндік нормаңды орындай алмай, қабырға газетінде сыналып, күлкіге ұшырайсың. Таң алдында тұрып, асығыс тамақтанып, күн ұясынан шықпай жатып мақта теруге кірісеміз. Үзіліс жоқ. Түскі асты мақталыққа әкеліп береді. Содан қас қарайып, күн батқанша дамыл жоқ. Жататын жерімізге келіп, кешкі ас ішіп болғанша түнгі он екі болады. Таңертең ерте, сағат алтыда тұру керек. Шаршағанымызға қарамастан түнгі он екіден кейін болатын киноға не биге барамыз. Ертесіне ұйқылы-ояу жүріп таңғы ас ішіп, тағы да ауыр жұмысқа жегілеміз. Соның бәріне шыдас берген қайран жастық-ай! Сол бір бір сарынды өтіп жатқан күздің сұп-сұр сұрғылт күндердің бірінде Алла тағала бізге күтпеген қуаныш сыйлады. Қойнымызға сыймаған ол қуаныш ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовпен жүздесу қуанышы еді.
Атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемді аралап кеткен Әуезов енді бүгінгі күн тақырыбына қалам тартып, заман талабына орай замандастар бейнесін жасауға бекініпті. «Жаңа романына жаңа кейіпкерлер іздеген Әуезов оңтүстіктің аудан, ауылдарын аралап жүр» деген хабарды құлағымыз шалған. «Шіркін-ай, Әуезов біз жұмыс істеп жатқан Мақтааралдың Киров бөлімшесіне келсе ғой» деп армандап жүрген күндердің бірінде өзіммен бірге университеттің бірінші курсына қабылданған жерлесім Қойшығара – бүгінгі белгілі қаламгер Қойшығара Салғарин:
– Әне, ана жаққа қараңдар, – деді. Бірнеше жеңіл машина таспадай тартылған теп-тегіс асфальт жолдан бұрылып, ойқы-шойқы дала жолымен тура бізге қарай беттеп келеді екен. Алда – ұзын қара «ЗИМ». «Бұлар кімдер?» деп ойлап үлгергенше машиналар легі мақталықтың шетіне келіп тоқтады. Алдыңғы машинадан түскен ортадан жоғары бойлы, кереқарыс кең маңдайы күн нұрымен шағылысқан, етжеңді, бұйра шаш кісіні жазбай таныдық. Ол ойлы жүзін өзіміз газеттерден жиі көріп жүрген сөз зергері, ой алыбы Мұхтар Әуезов еді.
Күтпеген қуанышқа кез болған біздер жүгіре басып Әуезовтің қарсы алдына келіп кілт тоқтадық та:
– Ассалаумағалейкум, Мұхтар аға! – деп жапа-тармағай жарыса сәлем бердік.
Сәлемді алып бізге сүйсіне қараған Әуезов шабыттана сөйледі:
– Пәлі, өздерің төркіндерің келген келіндей қуандыңдар ғой. Жөн, жөн-ақ! Мен сендердің төркін жұрттарың университеттен келдім ғой. Иә, балапандарым, жағдайларың қалай? Жұмыстарың жеңіл емес, әрине. Жатын орындарың жайлы, ас-суларың сайлы ма? Ешкім ренжіткен жоқ па, сендерді? Бәрі дұрыс па?
– Бәрі дұрыс.
– Жақсы, – десіп жарыса сөйлеп жатырмыз бәріміз.
– Ал мұнда университет ұстаздарынан кім бар? Басшыларың кім? – деп сұрады Әуезов.
– Мен бармын, Мұхтар Омарханұлы, – деді отыздың о жақ, бұ жағындағы сұңғақ бойлы сұлуша келген орыс жігіті.
– Сәлеметсіз бе? Аты-жөніңіз?
– Плахин.
– Қай кафедрадансыз?
– Әскери кафедрадан.
– Шамасы, жаңа кадр боларсыз? Біраздан бері болса білсем керек еді, – деді Әуезов Плахинге барлай қарап.
– Университетке жұмысқа тұрғаныма бір-ақ жыл болды, – деді Плахин Маршалдың алдында тұрған офицердей тіп-тік, ашаң денесі сымдай тартылып.
– Ал Плахин жолдас, не айтасыз? Студенттердің жағдайы жақсы ма? Олардың еңбегі, тұрмыс жағдайына орай жергілікті басшыларға айтар талап, тілектеріңіз бар ма? Қысылмай баяндаңыз.
– Ешқандай өтініш жоқ. Бәрі жақсы, Мұхтар Омарханұлы.
– Біздің филфактан, журфактан қанша студент бар мұнда?
– Филфактан отыз, журфактан жиырма.
– Е, менің лекциямды тыңдайтындар елу екен ғой.
– Елу деген де бір қауым ел, – деп қалды Плахин.
– Көріп тұрсыздар ғой, – деді Әуезов енді бір сәт арқа тұсында тұрған жол серіктеріне басын бұрып – бұл тұстан зу етіп өте шықпай қырық шақырым кері жүріп келген еңбегіміз еселеп қайтты емес пе? Балапандарымның қуанғанын көрмейсіңдер ме? Адамның адамға қуаныш сыйлауынан асқан бақыт бар ма?!
– Дұрыс айтасыз, Мұха! Студенттер ғана емес, сіз өзіңіз де толқып тұрсыз ғой.
– Қуанып та тұрмын. Бұл жастар біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңін көріп тұрмын бұларға қарап, – деді келбетті кең маңдайын күн сәулесі аймалаған кемеңгер Әуезов жұмсақ жымиып.
– Өзіңіздей ұлы ұстаздан тәлім алатын бұл жастар бақытты ғой, – деді әңгімеге араласып, Әуезовтің тағы бір жолсерігі.
– Бізге ат басын бұрғаныңызға рахмет! Сізге мың мәрте тағзым, – деді ортамыздағы біздерден бес-алты жас үлкен Шафқат атты студент.
– Рахмет деген ұлы сөз, – деді Әуезов оң қолымен мұрынын саумалап – Біздің қырық шақырым бері бұрылып, қырық шақырым кері қайтатын ұзын-ырғасы сексеннен аспайтын аз еңбегімізге бұдан артық баға болмаса керек.
– Дұрыс айтасыз.
– Дәл солай, – десті Әуезовтің жол серіктері.
– Ал, жас достарым, Алматыда, университетте кездескенше. Жолыққанша жол жақсы, көріскенше күн жақсы болсын! – деп студенттерге мейірлене қарады ұлы ұстаз. Сол сәт мұңлы, ойлы жанары таңғы шықтай мөлдіреп, нұр төгілген Әуезовтің жүзінен оның тебіренген терең сезімін көргендей болдық.
– Біздер, сол жылы студент атанған жастар кедір-бұдыр дала жолында шайқалып бара жатқан жеңіл машиналарға қадала қарап біраз тұрып қалдық.
– Қап, фотоаппараттың болмағаны-ай, – деді Өтежан Нұрғалиев. – Әуезовтің өзімен суретке түстік деп мақтанып жүретін ек.
Сол күнгі сол бір қуаныш әлі есте...
Сол керемет көркем кермиық көрініс, сол сымбаты бөлек сұлу сурет күні бүгін де көз алдымда. Сірә да естен кетпейтін сол бір сәулелі сәт еске түскенде жүрек шіркін сыздап сала береді. Алыстаған сайын биіктей беретін ұлы Әуезовті бір біз ғана емес, келер ұрпақ, кемел тарих аңсайды, сағынады. Сағындым сені, ұлы ұстаз! Аңсадым сені, Мұха!
Бұл сарқылмайтын сағыныш, мәңгілік сағыныш!
...Әуезовті аса жоғары бағалаған парасатты пікірлерді Михайл Шолохов та, Александр Фадеев те, Андре Стиль де, Николай Тихонов та, Александр Корнейчук та, Берді Кербабаев та, Мұстай Кәрім де, Расул Ғамзатов та, Бенжамин Матип те, өзіміздің Ғабит Мүсірепов те, талай елдің талай тарланбоздары айтыпты. Солардың бірі – Николай Погодиннің: «Қазақстан үшін Әуезов екінші Абай, біз үшін шығыстың Шолоховы» деген сөзінің екінші бөлігіне бақиға аттанған сәтте айтылған сөз ұлы суреткер тұлғасын ашуда кемел емес, кем соғып отыр. Олай дейтінім, Әуезов шығыстың ғана емес, әлем әдебиеті мен мәдениетінің Шолоховы. Ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов ұлт әдебиетін ғана емес, әлем мәдениетін да жаңа биікке көтерген ұлы суреткер. Көркемсөз бен кемеңгер ойдың алыбы ол!
Тарих – Ана ұзақ толғатып, сиөрек туатын ұлы тұлғалар бір халықта ғана емес, бар халықта да бар. Олар бір ұлттың ғана емес, барлық ұлт, барша халықтың мақтанышы. Әлемдік асыл қазынаға олар қосқан жауһарлар адамзаттың ортақ игілігі. Көркемсөз бен кемеңгер ой алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов осы санаттағы саңлақ. Ол өткен – жиырмасыншы ғасырдағы алыптар тобының көшбасшысы.
Төртінші ой
Кемеңгердің жарығы
Оның табиғи болмысы, өз халқының мәдениеті мен еліміздің интеллигенциясы табыстарындағы алатын орны шектен тыс маңызды да поэтикалық құбылыс.
Константин Федин
Сонау ту алыста қалған аты белгісіз арғы дәуірлерден күні бүгінге дейін адамның ақыл-ойы мен қиялынан небір ғажайыптар туып, адам қолымен талай кереметтер жасалды. Перғауындар пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Эфес қаласындағы ғибадатхана, Зевс мүсіні, Мавсол патша мавзолейі, Родос алыбы, Александриядағы ежелгі дүние шырағы – әлемнің жеті кереметі, онан соң сегізінші керемет Тәж Махал мазары өмірге келді. Адамның ақыл-ойы атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалана бастады. Кәрі тарихтың өзін таңғалдырып ғарышқа ұшты. Сөз жоқ, мұның бәрі адамзат туғызған ғажайыптар. Осы кереметтердің бірі ғана емес, бірегейі – адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиет. Ғасырлар бойы сақтала беретін байлықтары бар әдебиеттің ең үздік үлгілерін туғызған талант аспандағы ай мен күндей аяулы. Кемел ойлы кемеңгер таланттың өзі де, оның қайталанбас хас туындылары да зеңгір көктегі күн, алыс жұлдыз жарығындай қуатты да шуақты!
Құдыретті талант Мұхтар Әуезовтің кемел ойлы кемеңгер туындыларының жарығы әлем әдебиетіне нұр шұғыласын төгіп тұр. Тас төбеден құйылған сол сәулеге шомылған, кемеңгерлік пен ғұламалықтан нәр алған Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Евгений Евтушенко, Римма Казакова, Анар, Момын Каноат, Герман Кант, Робель, Пауло Куэло, Алекс ла Гума сынды сан елдің саңлақтары бұл күнде әлем әдебиетіне үлкен олжа салған әлемдік деңгейдегі тұлғалар. Кемеңгердің жарығы ойын оятқан, санасына сәуле құйған оқырман саны мың емес, миллиондармен өлшенсе керек.
Кемеңгер жарығы әлемге ортақ!
Ол аспандағы Ай мен Күндей әлемге үнсіз сәуле шашып тұр!
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы