Жартылай финалда 91 кило салмақта Антон Пинчук пен Абзал Құттыбековтің арасындағы жекпе-жекте төрешілер оңтүстікқазақстандық оғланға жақ тартқан.
Биылғы чемпионаттың ерекшелігі, Қазақстан Бокс федерациясы АІВА-дан «үш жұлдызды» екі төрешіні шақырған еді. Ағылшын және ирландық төрешілердің міндеті – қазақстандық қазылардың жұмысын бақылап, әділ бағасын беруге жәрдемдесу.
Жарыс барысында шетелдік төрешілер Пинчук пен Құттыбеков арасындағы жекпе-жекті қайта қарап, ақтық айқасқа Антон Пинчукті жіберді.
Тап осындай жағдай финалда да кездесті. 51 кило салмақта маңғыстаулық Азамат Исақұлов пен оңтүстікқазақстандық Олжас Байниязовтың арасындағы текетіресте 4-1 есебімен төрешілер жеңісті Азаматқа берген. Қарсыласын қарымта айқаста күтіп алып, аса көп күш жұмсамай жеңіске жеткен Азамат өзіне күмәнданбағанымен, АІВА төрешілерінің шешімімен жеңіс Олжасқа берілді. Осындайда сұрақ туады. Бес төрешінің төртеуі Азаматқа жақ тартып жеңіс беруі біздің әділқазылардың біліктілігі төмендігін байқата ма?!
Жалпы алғанда, Қазақстан чемпионаты жеңімпаздардың ешқайсына оңай тиген жоқ. Өз салмағында даусыз дараланған боксшы болмағаны Қазақстан боксының өсу деңгейі биіктігін аңғартады. Проблемалар да жоқ емес. Талантты жастардың шоғыры аз.
60 кило салмақта Закир Сафиуллин (ОҚО) мен Берік Әбдірахманов (Маңғыстау) ақтық айқаста тоқайласты. Екеуі де тәжірибелі, екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екеуі де халықаралық, әлемдік додалардың дуын көрген. Берік Рио Олимпиадасының тезінен өткен. Алапат айқас салды екеуі. Қара күші басымдау Берік салған беттен қарсы шабуылға өтті. Закирді тықсырып, дәл ұруға тырысты. Закир де ұрыс мәнері ешкімге ұқсай бермейтін ерек боксшы. Бір-бірін бес саусақтай біледі. Әлемдік деңгейдегі екі боксшының ұрысында Берік күштірек көрінді, жеңіске жетті. Айтайын дегеніміз, екеуі де 1986 жылғы. Орда бұзар отыздан асқан жігіттерге ендігі Олимпия ойындарының ауылы алыс. Өткен жылғы ел чемпионы Әділет Құрметов бастаған жастарға қамшы басатын кез осы.
69 кило салмақта жамбылдық Аслан Шымбергенов алымдырақ болды. Бұл салмақ өзімізде ғана емес әлемде де «қазақ салмағы» деп аталады. Афиныда Бақтияр Артаев, Лондонда Серік Сәпиев, Рио де Жанейрода Данияр Елеусінов тап осы салмақта алтын алды. Бақтияр Артаев үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін барлық төрешілердің дауысымен елге әкелді.
Чемпионат барысында Данияр Елеусіновті әңгімеге тартқанбыз. Бокс қолғабын шегеге ілуге асықпайтын атақты жампоз чемпионатқа дайын болмағандығын айтқан.
– Он бес жасымнан бері елішілік жарыстардан бөлек халықаралық турнирлерден қалғаным жоқ, – дейді Данияр. – Адам темір емес қой. Әбден діңкелетеді екен. Сондықтан біраз уақыт демалғанды жөн көрдім. Рас, бұл салмақта маған оңай тимейді. Абылайхан Жүсіпов, Аслан Шымбергенов және Қанағат Маралов сияқты мықты жігіттер бар. Ал Садриддин кәсіпқой боксты таңдағанын айтты. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген бар ғой. Жаттығуға толық кіріскен соң бұл жігіттермен есеп айырысуға тура келеді. Кім мықты, шаршы алаң көрсетеді.
Ал талантты боксшы Абылайхан Жүсіповтің қолында жарықшақ бар екен. «Бұл соңғы жарыс емес. Жарадар қолын одан әрі ушықтырмау үшін Абылайханға бапкерлер үзіліс берді», дейді Серік Сәпиев.
Бұл жолы Қанағат Мараловтан өткен жылғы чемпионатта жіберген есесін қайтарған Аслан Шымбергенов жеңімпаз атанды.
75 кило салмақтағы Ерік Әлжанов (Маңғыстау облысы) оңтүстіктің оғланы Төлеш Абайды еркін еңсереді деп тон пішкендер болған. Өзбекстанда айтулы Бектемір Меликузиев деген боксшы бар. Қос қолмен бірдей ұрады. Ұрыс мәнері де сұрапыл. Күтпеген жерден соққыға көміп тастайды. Ерік екеуі екі рет кездесті. Атақты боксшыға Ерік табандап ұрыс салды. Тықсырып, шаршы алаңда дабыл тапқызбаған. Сәл шеберлігі жетпеді. Меликузиевтің өзі Ерік жайлы «талантты боксшы» деп іш тарта жақсы сөз айтқан. Бұл жолы 3-2 есебімен Төлеш Абай алға шықты. Осы салмақта тағы бір талантты жастың өсіп келе жатқандығы қуантты.
81 кило салмақта Әділбек Ниязымбетов шаппай бәйге алды десе де болады. Ширек финалда әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын сүріндірген қостанайлық Михаил Коханчик жартылай финалда маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовтың бекінісінен өте алмаған. Екеуі де түйдей жасты. Бекзат мықтылық танытты. Бірақ ол жарақат алуына байланысты финалда Әділбек ағасына жол берді.
Сонымен биылғы ел чемпионатының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар.
Теміртас Жүсіпов (49 кг, Ақмола облысы), Олжас Байниязов (52 кг, ОҚО), Ілияс Сүлейменов (56 кг, Астана), Берік Әбдірахманов (60 кг, Маңғыстау), Аслан Шымбергенов (69 кг, Жамбыл облысы), Төлеш Абай (75 кг, ОҚО), Әділбек Ниязымбетов (81 кг, Маңғыстау), Антон Пинчук (91 кг, Қостанай) Ең ауыр салмақта Жамбыл облысының боксшысы Нұрсұлтан Аманжолов топ жарды.
Жарыс барысында Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен сөйлестік. «Алда жарыс көп. Негізгі құрама осы чемпионаттағы жігіттерден жасақталады» деген бас бапкердің ой-жоспарын келесі мақалада айтармыз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы