Дәстүрлі сыйлыққа Web of Science Core Collection ресурсында 2014-2016 жылдары ғылыми мақалалар жариялап, жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған отандық ғалымдар қол жеткізеді.
Айтулы шараға еліміздегі білім, саясат және экономика саласында еңбек етіп жүрген беделді тұлғалар қатысты. Шараны ашқан «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ президенті Әділ Ыбыраев: Бүгінде ғаламдық заманауи даму үрдісі жаһандану мен ынтымақтастыққа негізделегені аян. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан алты жыл бұрын отандық ғылымды дамыту үшін дүние жүзіндегі беделі мықты ғылыми мәліметтер қорына қолжетімділікті арттырудың маңызын атап өткенін білесіздер. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтиже беріп, Қазақстан ғылымы әлемдік ғылыми қоғамдастықпен қоян-қолтық араласуына ықпалы айтарлықтай артты. Ғаламдық маңызы жоғары сондай мәліметтер қорының бірі – Clarivate Analytics компаниясы. Аталмыш ғылыми мәліметтер қорының сараптамалық, ғылыми қызметтің негізгі индикаторларын және ғылым саласындағы әлемдік үрдістерді анықтауда маңызды рөл атқарады. Бүгінде «Ғылым көшбасшысы- 2017» байқауының ұйымдастырылуы ынтымақтастықтың жемісі деп есептеймін. Мақалалары жоғары сілтемеге ие болып, отандық ғылымның өрге басуына еңбек сіңірген ғалымдарды шын жүректен құттықтаймын!» деді.
Ғалымдардың еңбектерінің еленуіне септігі жоғары сыйлық екі аталым бойынша беріледі. Бұл – «Қазақстандағы үздік ғылыми басылым» және «Шетелдің авторларынсыз ғылыми мақала жариялап, жоғары сілтемеге ие болған қазақстандық ғалым» болып жіктеледі. Бірінші аталым бойынша Emerging Sources Citation Index (Clarivate Analytics) индексіне ие болған қазақстандық ғылыми журналдар марапатталады. Ал «Шетел авторларынсыз ғылыми мақала жариялап, жоғары сілтемеге ие болған қазақстандық ғалым» аталымы бойынша физика, техника, медицина, биология және аграрлы ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар марапатталады.
Халықаралық Clarivate Analitics компаниясының Emerging Sources Citation Index индексіне биыл Қазақстанның алты ғылыми журналы ілігіп, үздік ғылыми басылымдар деген атаққа ие болды. Осылайша, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Eurasian Mathematical Journal», Жану мәселелері институтының «Eurasian Chemico-Technological Journal» басылымдары арнаулы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің үш бірдей ғылыми журналы – «Bulletin of the University of Karaganda – Chemistry», «Bulletin of the University of Karaganda – Physics», «Bulletin of the University of Karaganda – Mathematics» және «Назарбаев Университетінің» Central Asian Journal of Global Health ғылыми басылымы үздіктер қатарына ілікті.
Ал «Шетел авторларынсыз ғылыми мақала жариялап, жоғары сілтемеге ие болған қазақстандық ғалым» аталымы бойынша физика саласынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ-Британ техникалық университетінің бір топ ғалымдары Тілекқабыл Рамазанов, Ғабдуллин Маратбек, Томирис Исмағамбетова, Математика және математикалық модельдеу институтының ғалымдары Махмуд Садыбеков, Берікбол Төребек, химия саласы бойынша Д.Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институтының ғалымдары Шолпан Итқұлова,Ержан Нұрмақанов марапатталды. Химия саласы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары – Тимур Дәулетбақов пен Нұрлан Шоқыбаевтың ғылыми жұмыстары жоғары сілтемеге ие болған. Медицина саласынан «Назарбаев университетінің» ғалымдары Болат Сұлтанқұлов Тимур Салиев, Денис Буланин айтулы сыйлықпен марапатталды.
Ал биология және аргарлық саласы бойынша Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми зерттеу институты мен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің ғалымдары Болат Мұқанов, Виталий Кириллов, Мария Серафимович, Гаянэ Атажанованың мерейі артты.
Дәл осы биология және аграрлық сала бойынша Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институтының бір топ ғалымдары Абылай Сансызбай, Болат Еспембетов, Нұрика Асанжанова, Жайлаубай Қыдырбаев, Надежда Зинина ғылым көшбасшысы атанды. Сол сияқты гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша Қазақ мемлекеттік заң университетінің ғалымы Ғалымжан Сейлов арнаулы сыйлыққа ие болды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»