Аймақтар • 13 Қараша, 2017

ОҚО-да 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы 2018 жылы 4 бағытта дамитын болады.  Өндіріс, егістік, мал шаруашылығы және туризм саласын дамытуда аудан, қала әкімдері мен жауапты сала басшылары жұмыстарын жандардыру керек. Бүгін бұл туралы облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

ОҚО-да 13,8 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады

Күн тәртібіндегі «Күзгі жиын терім жұмыстарының аяқталуы және ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2017 жылға белгіленген индикаторларға қол жеткізу туралы» облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл өңірде егістік көлемі 29 мың 300 гектарға артқанымен, жалпы дәнді дақылдар бойынша өнім алу 1 гектардан 24,3 центнерден 22,8 центнерге кеміген. Сондай-ақ, биыл мақта алқабының да көлемі 25 мың гектарға артық егілгенімен, өткен жылдан әр гектардан өнім алу 2,6 центнерге азайған. Мамандар мұның себебін егістік көлемінің артып, зиянкестердің көбейіп кетуімен байланыстырады.

«Биыл мақтадан бөлек, масақты дақылдардың түсімі мен алынған өнімі былтырғы жылмен салыстырған азайғанын байқап отырмыз. Мысалы, 2016 жылы әр гектардан 20,2 центнер масақты дәнді дақылдары алынған болса, биыл әр гектардан 18,3 центнер өнім алынды. Мақтарал, Созақ аудандары және Түркістан, Кентау қалаларынан басқа барлық аудандарда өнім алу көрсеткіштері азайып отыр», - деді Серік Ордабекұлы.

 Биыл оңтүстік көкөніс пен бақша өнімдері өндіруде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Жаңа бағыт ретінде жаңғақ пен бадамша егу жұмыстары да қарқын алып келеді. Алдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 7 мың гектарға артып, 825 мың гектарға орналастырылады деген болжам бар. Оның ішінде интенсивті баулар 804 гектарға, жаңғақ шаруашылығы қосымша 500 гектарға егіледі деп жоспарлануда. Алдағы жоспарларды бүгіннен бастап пысықтауды ескерткен өңір басшысы егістік көлемін арттырып қана қоймай, өнім сапасы мен көлемін ұлғайтуға да мән беруді тапсырды.

Келесі жылы облыста 220 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1514 гектарға жеткізілмек. Сондай-ақ, 13,8 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылатын болады. Ал, тамшылатып сурару әдісі 8,1 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 66, 6 мың гектарға ұлғаймақ.