Қазақстан • 13 Қараша, 2017

Астанада қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті

540 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйымдастыруымен Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті. Басқосуда қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мен осы бағытта оң тәжірибелермен алмасу жайы, сондай-ақ олардың мемлекеттік органдардың арасында өзара ынтымақтастыққа негізделген әріптестік аясын одан әрі дамытудың тетіктері мен бағыттары талқыланды.

Астанада қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісі өтті

Жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Премьер-Министрдің  орынбасары Ерболат Досаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Мунхтуи Алтангерел және қоғамдық кеңестер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Алқалы кеңестің ашылу салтанатында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаев Қазақсан Республикасы Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Баршаңызды қоғам, Парламент және атқарушы билік өкілдерінің басын біріктірген І республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісінің өтуімен құттықтаймын. Бүгінгі таңда "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында түрлі деңгейде 229 Қоғамдық кеңес құрылды, олардың құрамында 4 мыңнан астам адам қызмет етеді. Қоғамдық кеңестер қызметі мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық пен билікке деген сенім деңгейін ұлғайтуға, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар туралы жариялылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуына мүмкіндік берді. Бүгінгі мәжілістің сындарлы ой мен салиқалы пікір алмасу, тәжірибе бөлісу алаңының бастауы болатынына үлкен үміт артамын. Республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестерді дамытуға үлес қосып, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімді жұмыс істеуіне жаңа серпін беретініне сенімдімін», делінген құттықтау хатта.

Бүгінде еліміз бойынша өз қызметін ұсынып отырған 200-ден астам қоғамдық кеңестің 16-сы республикалық деңгейде болса, 213-і өңірлік деңгейде жұмыс істейді екен. Ал жалпы Қоғамдық кеңестердің құрамына мүшелікке тіркелгендер саны 4 055 адам әрі оның 818-і үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері.

Негізінен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын  іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың нысаны ретінде Қоғамдық кеңестер өткен жылы құрылған еді. Мемлекеттік емес ұйымдар ретінде тіркелген мұндай кеңестер үкіметтік шешімдерді қабылдаудың ашықтығын арттыруға арналған консультациялық бақылаушы органдар ретінде танылған. Сондықтан да қоғамдық кеңестер құрылғалы бері 9 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралып, Кеңес мүшелері тарапынан аталған жобаларға қатысты тиісті ескертулер мен ұсыныстар беріліпті. Атап айтқанда, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту және медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларда 600-ден астам әлеуметтік маңызды проблемалар да қарастырылған.

«Кеңестердің қызметі есеп беретін және ашық мемлекет қалыптастыру үдерісіне оң әсерін тигізуде және мыңдаған белсенді азаматтарға елдің қоғамдық өміріне қатысуына мүмкіндіктер беріліп, билік пен бұқараның арасына дәнекер болатын байланыстырушы жолдар ашылуда», деді Н.Ермекбаев.

Алғаш рет ұйымдастырылған Қоғамдық кеңестердің жалпы жиынында олардың қазіргі қызмет аясындағы мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, мәслихаттардың қызметіне ұқсас қоғамдық кеңестердің функцияларын жою үшін кеңестің өкілеттіктерін өзгерте отырып, ұйым жұмысында мемлекеттік органдар мүшелерінің өкілдік деңгейін төмендету сияқты бірқатар өзекті мәселелер де күн тәртібіне шығарылды.

«Нәтижесінде, бүгінде қоғамдық кеңестер қызметінің тәжірибесі қалыптасып, қызмет ауқымы кеңеюде. Оған қоса, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша азаматтардың пікірі ескеріліп, оңтайлы шешімдер қабылдануда. Әсіресе, ауыз су мен денсаулық сақтау саласы сынды түйіні тарқатылмаған әлеуметтік мәселелерді шешуде мұндай кеңестер нақты қоғамдық институт ретінде тиімді диалог алаңына айналды деп айта аламыз», деді Н.Ермекбаев.

Бүгінде кеңес жұмысын жетілдіру мақсатында халықпен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын нығайту, жұмыс тиімділігін дамыту, оңтайлы тәжірибелерді талқылау тақырыптарында ұдайы пікірталастар мен семинарлар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестердің қызметіне арналған және олардың тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік беретін kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық ресурсының құрылғанын ескерте кеткен жөн.

«Қоғамдық кеңестер: іс-тәжірибе және мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесу тетіктері» тақырыбында ұйымдастырылған пленарлық отырыс қорытындысы бойынша қатысушылардың нақты шешімдері мен ұсыныстары негізінде арнайы қарар қабылданды.

Осы күні түс ауа Президент жанындағы  Орталық коммуникациялар қызметінде Қоғамдық кеңестердің республикалық мәжілісін қорытындылаған баспасөз мәслихаты өтті. Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова, Дін істері және азаматтық қоғам саласындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Аймақ» ҚҚ төрайымы Айгүл Соловьева, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Болашақ» халықаралық қозғалысы мен «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Шығыс Қазақстан Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышев, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина қатысқан баспасөз мәслихатында спикерлер ауқымы кең алқалы басқосудың жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру жөніндегі әдістемелік нұсқаулық пысықталғаны да айтылды.

Ә.Ғалымова Қоғамдық кеңестердің І республикалық мәжілісінің негізгі міндеті – қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша оң тәжірибе мен ұсыныстарды ортаға салу және пікір алмасу арқылы оңтайлы шешімдер қабылдау болып табылатындығын тілге тиек етті.

«Екі жылдық жұмыс барысында қоғамдық кеңестер тиісті міндетті іске асыру арқылы өздерінің тиімділігін дәлелдеді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестер тарапынан қоғамдық бақылаудың 4 тетігі енгізілді. Олар: мемлекеттік органдардың негізгі бағыттары бойынша қоғамдық мониторинг өткізу, мемлекеттік органдардың қоғамдық маңызы бар шешімдерін қоғамдық тыңдаулар мен талқылаулар, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілер жобаларын сараптаудың тетіктері, мемлекеттік органдар және лауазымды тұлғалар жұмысының нәтижелері туралы есептерді тыңдау», деді ол өз сөзінде.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ