Жыл сайын әлемде микробтарға қарсы препараттарға төзімділіктен 700 мыңдай адам қайтыс болады екен, яғни сырқат жанға қандай антибиотик те әсер етпей, ақыры оның соңы өлімге апарады. Антибиотиктерді қалай болса солай қолдану, дәрігердің нұсқауынсыз шамадан тыс ішу – организмдегі микробтардың дәріге төзімділігін туғызады, дейді жиынға қатысушылар. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қазір адамдар интернет деген «дәрігерден» бәрін сұрап алады да өзін-өзі емдеп жүре береді. Оның үстіне құс, мал еті арқылы да адам бойына антибиотиктер еніп, бұл да микробтардың дәрілерге төзімділігін арттыра түседі. Сондықтан мал емдеп жүрген ветеринарлар да жан-жануарларға антибиотиктерді байқап қолдану керектігін еске салды.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Ұлттық сараптама орталығының маманы Гүлжан Мақсұтованың мәліметінше, былтыр құс етіне жүргізілген сынамада тетрациклин тобына жататын антибиотиктер шамадан тыс көп қолданылғаны анықталған. Ал биылғы 9 айдың ішінде сүт өнімдерінің төрт сынамасында левомицетин мөлшері шекті деңгейден асып кеткен.
Антибиотиктерді теріс пайдалану микробтарға төзімділікке әкелетіні өз алдына, адамзат жақын арада қарапайым инфекцияларды да емдей алмайтын жағдайға жетуі әбден мүмкін. Сондықтан мамандар антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауымен қабылдауға кеңес береді. Әрі антибиотикпен емдеу курсын уақытынан бұрын тоқтату да микроорганизмдердің оған деген тұрақтылығын арттырады. Сол себепті сырқат адам өзін жақсы сезінсе де, антибиотиктерді кемі 5-7 күн қабылдап, ағзадағы инфекция қоздырғыштар жойылғанша дәріні үзбеу керек.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»