Жиында сөз сөйлеген Н.Назарбаев Астана клубының аймақтағы бірегей алаң екенін және тиімді түрде өткір мәселелерді талқылауға, өзекті түйткілдердің шешімін табуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Елбасы сарапшылардың отырысында ашық пікірталас болатынына, Еуразия құрлығы мәселелерінің тиімді талқыланатынына сенім білдірді.
«Жаһандық мәселелерді шешу үшін қазіргі таңдағы әлемге жетіспей тұрған бірлік, тұтастық пен толеранттықты әкелуге талпынамыз. Қазақстандық дипломатия диалогқа, мәмілеге, өзара тиімді әріптестік түсінігіне негізделген. Мұның бәрі Сирия мәселесі бойынша бітімгершілік әрекетімізден, ядролық қаруға қарсы бастамаларымыздан, күн тәртібіндегі мәдениет, өркениет және әлеуметтік-экономикалық мәселелердегі дағдымыздан анық байқалады. Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі. 2018 жылдың қаңтарында еліміз Кеңеске төрағалық етеді. Соған байланысты әлемде болып жатқан өткір оқиғаларды ескереміз», деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев әлемдегі өзгерістердің бұрыс бағытқа бет алғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, әлемдік дамудың жаңа архитектурасы тереңге кеткен геосаяси, экономикалық және Шығыс пен Батыстың идеологиялық шекарасының бұзылуы жағдайында қалыптасып келеді. «Саяси қудалау, кедейшілік, білім және денсаулық салалары жағдайының төмендеуі, мемлекеттің дамуындағы өмір деңгейінің күрт өзгеруі халықаралық терроризм мен экстремизмнің қалыптасуына ықпал етуде. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке арналған қазіргі жүйе ескі мәселелерді шешіп, жаңа түйткілдердің туындауына тоқтау сала алмай келеді», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы аталған түйткілге себеп болып отырған бірқатар мәселені атап көрсетті. Біріншіден, бүгінгі таңда әлемдегі экономикалық және технологиялық кеңістікте қалыптасқан жағдай күрделі. Н.Назарбаев бәсекелес экономикалық орталықтардың айналасында үлкен блоктардың құрылуы нәтижесінде әлемдік жаңа сауда тәртібі қалыптасып, ол Дүниежүзілік сауда ұйымы рөлінің төмендеуіне, протекционизмнің күшеюіне әкелуі мүмкін екенін айтты. «Саяси қысымды желеу еткен экономикалық мақсаттағы санкциялық соғыстар халықаралық сауда мен әділ бәсекелестікке қауіп төндіріп отыр», деді Елбасы.
Екіншіден, жағдайдың осылай ушығуы кейінгі онжылдықта әлемнің түкпір-түкпірінде қарулы топтардың пайда болып, қақтығыстардың көбеюіне әкеліп соқты. Мемлекет басшысы шиеленістердің өршуін қарулануға қайта ден қойылуымен байланыстырды.
«Жаһандық қысымның өсуі қару-жараққа сұранысты арттырды. Былтыр әскери шығын тағы да өсіп, 1,7 триллион долларға немесе әлемдік ІЖӨ-нің 2,2 пайызын құрады. АҚШ әскери шығынын – 611 млрд доллар, Қытай – 215 млрд доллар, Ресей – 69 млрд доллар, Үндістан 56 миллиард долларға дейін көбейтті. Мұның бәрі аталған мемлекеттердегі ұлттық кірістің көп бөлігі. Әскери шығындардың көбеюі – қауіпсіз әлемге қатер ғана емес, экономикалық және адами капиталды өте өзекті даму қажеттілігі мен жер бетінде береке орнатуға мүмкіндік бермейтін тиімсіз әрекет», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы ядролық қарудың зияны жөнінде де сөз қозғады. Оның сөзіне сүйенсек, Корея түбегіндегі шиеленіс бүкіл әлемді абыржытып отыр. Бұл мәселеде алпауыт елдер арасында ядролық қаруды қысқарту және зымыранға қарсы қорғаныс мәселелерінде ортақ келісім жоқ. Н.Назарбаев 2016 жылы жарияланған өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі жеке көзқарасын мәлімдегенін атап өтті. Елбасы Қазақстанның әлемде тұңғыш рет өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет екенін жеткізді. Сондай-ақ, еліміз ширек ғасырдан астам уақыт атом бомбасын таратпау идеясын және антиядролық қозғалысты тұрақты қолдайтынын мәлімдеді.
Н.Назарбаев халықаралық терроризм мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда халықаралық терроризм ауқымы кеңейіп, оның шекарасы қалмаған. «Қазіргі кезде әлемнің кез келген түкпірі содырлардың нысаны болуы ықтимал. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері террорлық актілерден қаза болғандар саны он есе артты. 2016 жылы 104 елде терактілер болды, яғни бұл – әлемнің жартысына жуық. Солардың географиясы мен ауқымын есепке алсақ, қазіргі әлем шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс пен террорға қарсы күреспен бетпе-бет келіп отыр», деді Президент.
Елбасы кейінгі кезде терактілер бірте-бірте дамыған елдерге ауа бастағанын атап өтті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері үшін 2015 жылдың қиыншылығы көп болды. Президент келтірген мәліметтерге сүйенсек, екі жыл бұрын жер жаһандағы терроризм оқиғаларының саны жеті жүзден асып жығылса, ЭЫДҰ құрамындағы мемлекеттердің 21-і лаңкестердің нысанасына іліккен.
«Ислам атын жамылған ағымдар өздерінің әсер ету аумағын үлкейтіп, көптеген мемлекеттердің территориясына күшпен еніп отыр. Қайшылықтың туындауына қарамастан, бейбіт алпауыт елдер Таяу Шығыста ИЛИМ-мен (ДАИШ) күрестің іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік тапты. Әйтсе де, талқандалған содырлар басқа аймақтарда қайта бас көтеруі мүмкін екенін түсінген жөн. Бұл – барша Еуразия үшін үлкен сынақ», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Тағы бір түйткіл ретінде Н.Назарбаев жаһандық көші-қон мәселесін атап көрсетті. Президенттің пайымдауынша, әлемдегі бақылаусыз миграция алаңдатар жағдайға айналды. Мұның себебін Мемлекет басшысы кедейшілік пен аймақтардағы соғыстармен түсіндірді.
«Көші-қон үдерісі түбегейлі қайта қарастыруды қажет етеді. Адамзат тарихында мұндай демографиялық теңсіздік бұрын-соңды болған емес. Мәселен, дамыған мемлекеттерде халықтың саны бір миллиард төңірегінде болса, дамушы елдердегі тұрғындардың саны 6,5 миллиардқа жеткен. Кейінгі 25 жылда халықаралық көші-қон көлемі 2 есе ұлғайып, олардың саны 250 миллион адамға жетті. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, дамыған елдердегі миграция үлесі 5 пайыздан 10 пайызға дейін артқан. Шамамен солардың 66 миллионға жуығы босқындар мен заңсыз көшіп-қонғандар», деді Елбасы.
Президент заңсыз миграцияның әлеуметтік шиеленіске, қылмыс пен жұмыссыздықтың көбеюіне әкеп соғатынын мәлімдеді. Таяу Шығыс пен Африкадағы босқындар Еуропада әлеуметтік-саяси дағдарысқа душар етіп, сыңаржақ пікірді өршітті. Н.Назарбаевтың сөзіне сүйенсек, Түркия, Иордания және Ливан секілді бірқатар мемлекет босқындарды асырау үшін ІЖӨ-нің 1,5-3 пайызын жұмсап отыр.
Н.Назарбаев жер жаһанды толғандырған келесі мәселе ретінде табиғи ресурстардың тапшылығын атап өтті. Әсіресе, Елбасы таза ауыз судың жетіспеушілігіне кеңінен тоқталды.
«Адам өміріне керек ресурстардың шектеулі болуына лайықты көңіл бөлініп отырған жоқ. Ең әуелі, тұщы су жетіспеуі мемлекетаралық қарама-қайшылыққа әкеліп соғады. Су ресурстарының тапшылығы Үндістан мен Пәкістан қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберді. Мұндай жағдайдың Таяу Шығыс пен Орталық Азияда туындау ықтималдығы жоғары. Жер шарында халық санының артуына байланысты жекелеген өңірлерде азық-түлік дағдарысы орнап, егістік алқаптары қысқарып, топырақтың құнары қайтып барады», деді Мемлекет басшысы.
Президент алдағы 40 жылдың ішінде әлем астыққа арналған егістік алқабы көлемін 2 есеге ұлғайту мәселесімен бетпе-бет келетінін жеткізді. Осы орайда, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ел ретінде аталған салаға ерекше көңіл бөлуі маңызды екеніне тоқталды.
Н.Назарбаев сенім дағдарысы төңірегінде де ой қозғады. Еуразия әлемдік саясат пен экономикада жетекші орынға ие. Сондықтан, өзара қарым-қатынастың оңтайлы тәжірибесін қалыптастырудың маңызы зор. Елбасы көне Жібек жолы бойындағы «Бір белдеу, бір жол» жобасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастырып, күшейген дағдарысқа жауап болғанын атап өтті.
«2017 жылдың 9 айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы тауар айналымы үш есеге өсті. Қазіргі жағдайда Азия, Еуропа, Солтүстік Америкадағы инвестициялық және инновациялық мүмкіндікке ие алпауыт елдер арасындағы тығыз қарым-қатынастың маңызы зор. Одаққа түрлі форматтағы елдер қосылып келеді. Иран, Египет, Үндістан, Израиль және Оңтүстік Кореямен сауда-саттыққа арналған еркін аймақ құру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы одаққа 50-ге жуық мемлекет қызығушылық танытып отыр», деді Н.Назарбаев.
Президент аталған мәселелерді шешу үшін Еуразия құрлығы қауіпсіздік, экономикалық өсім мен диалог саласында біріктіруші күн тәртібін ұсына алатынын айтты. Н.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол», Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық өлшемі атты бастамаларды, «Нұрлы жол» бағдарламасын және басқа да жобаларды іске асыру Еуразия құрлығының жаңа геоэкономикалық кескінін жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиынға төрағалық еткен Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шараның жаһандық үрдістер мен Еуразияға ықпал ететін ең өзекті мәселелер бойынша шешімдер іздейтінін мәлімдеді.
форумға Түркияның бұрынғы басшысы Абдолла Гүл, Словенияның бұрынғы басшысы Данило Тюрк, Чехияның экс-президенті Вацлав Клаус, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, әлемнің жетекші сарапшылары, белгілі саясаткерлер мен дипломаттар қатысуда. Бүгінгі отырыс әлемдік үрдістерді қайта пайымдауға, соның ішінде Еуразияның күн тәртібін талдауға жақсы мүмкіндік береді», деді Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың айтуынша, Астана клубы ауқымындағы Еуразияның үлкен түйткілді мәселелері мен оның келешегі жөнінде сарапшылық талқылаулар, Елбасы Н.Назарбаев әрдайым насихаттайтын ашықтық пен тең қарым-қатынас ұстанымына негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға қосылған сүбелі үлес болып саналады. Клуб мүшелері алдағы онжылдықта құрлықтың даму бағдарын айқындайтын негізгі үрдістерді талқылады.
Жиынға 27 елден 60-тан астам саяси қайраткерлер, беделді ғалымдар мен бірқатар дамыған елдің «ақыл-ой орталықтарының» сарапшылары келді. Астана клубының отырысы «Chatham house» ережесі бойынша өткізілді. Астана клубы отырысы дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ғимаратында өткізіліп келеді. Іс-шара Карнеги қоры (АҚШ), Қытайдағы заманауи халықаралық қатынастар академиясы (CICIR) және Халықаралық істер жөніндегі Ресей кеңесінің пікірталас алаңы саналады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»