Әлемдік рынокта азық-түлік өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты Қазақстан Үкіметі ауыл шаруашылығы саласының, соның ішінде, мал шаруашылығының дамуына үлкен көңіл бөлуде. Бұл ретте мал өсірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыра отырып, жаңа фермер шаруашылықтарын құрып, дамыту ісіне екпін түсіріліп отырғандығын айтуға болады.
Аталған мақсатты нақты жүзеге асыру ісі «ҚазАгро» холдингіне тапсырылған. Холдинг бұл мәселені бірнеше бағыттар мен несиелік желілер арқылы ұйымдастырып, іске неғұрлым кешенді сипат беріп отыр. Осы ретте айта кететін бір мәселе, «ҚазАгро» холдингі фермерлік шаруашылықтарды ауыл шаруашылығын серпінді дамытудың басты тұлғалары ретінде қарастырады. Өйткені, осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін тиісті өндірістік буындар мен тетіктерді құруға, қажетті технологияларды әкелуге болады. Бұған қарқынды даму үстіндегі Қазақстанның шамасы бар. Бірақ бар мәселе ақыр аяғында нақты адамдарға, олардың іске деген ынтасы мен іскерлік қабілетіне келіп тірелетіні белгілі. Нақ осы мәселеге қозғау салмай істен үлкен үміт күте қою да қиын. Сондықтан адамдардың ынтасын ояту ісіне бірінші кезекте мән беріліп, фермер болуға ұмтылушыларға тиісті қолдау шаралары қараcтырылған.
Соның бірі – түбінде еліміздің әлемдік рынокта ірі ет экспорттаушы аталуына мүмкіндік беретін, етті тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне ірі қара малдың аналық басын және бұқа өндірушілерді сатып алуды көздейтін «Сыбаға» бағдарламасы. Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-сонды болып көрмеген бұл жобаға үлкен мән беріп, 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жететінін хабарлады.
«Сыбаға» бағдарламасы туралы таратып айтсақ, бұл мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту үшін өте қажетті шаралардың бірі болып отыр. Бағдарлама бойынша ірі қара малын сатып алғысы келетін шаруаға несие 6 пайыздық өсіммен 7 жылға беріледі. Жыл басынан бері талай шаруаға қолдау болып, «Сыбағаны» жүзеге асырып жатқан – «Ауыл шаруа-шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Несие алуға ниеттенген шаруаға қор 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін қаржы береді.
Ағымдағы жылы фермерлік шаруашылықтардың алдында елімізге 40 мың бас ІҚМ сатып алу міндеті тұрса, оның 1 600 басы Жамбыл облысының шаруашылықтарына тиесілі болмақ.
Қазіргі таңда осы бағдарламаның шеңберінде Жамбыл облысының фермерлік шаруашылықтарынан мыңдаған бас ірі қара мал сатып алуға өтініштер қабылданды, соның тең жарымынан астамы мақұлданды, дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Әсілбеков.
Бүгінде «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес, осы облыста асыл тұқымды ірі қара өсіретін әрқайсысы 1000 бастан 5 шаруашылық пен әрқайсысы 1 мыңнан 5 мың басқа дейін 5 мал бордақылау алаңы және 180 фермерлік шаруашылық құру жоспарланып отыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қолдау көрсеткен фермерлік шаруашылықтың алғашқы қарлығаштары қазірдің өзінде жұмыс істеуге кірісті, соның бірі Байзақ ауданындағы – «Ниет» шаруа қожалығы.
«Сыбаға» бағдарламасының облыстағы алғашқы қатысушыларының бірі «Ниет» шаруа қожалығы 1998 жылы құрылған болатын. Ол Алматы – Ташкент автокөлік жолынан бір шақырымдай қашықтықтағы Ақшолақ аулына қарайтын аумақта орналасқан. Құрылғанына 13 жылдай уақыт өткенімен «Ниет» шаруа қожалығы бірден дамып кете алмады. Себебі, белгілі. Еліміздегі көптеген шаруа қожалықтары секілді «Ниет» шаруа қожалығы да өз істерін кеңейту үшін ең алдымен қаржыға зәру болды. Дегенмен отағасы Ұзақбай мен отанасы Наурызгүл қолдан келген тірліктің бәрін жасады. Соның арқасында қолдағы ұсақ малдарды қоспағанның өзінде ірі қара санын жиырмадан асырып, өздерінің шағын тірліктерін дөңгелете білді. Бірақ ауылда отырып, мал бағады екенсіз, одан түскен табыс та айтарлықтай болып, осы кәсіппен көркеюдің алғышарттарын қамтамасыз ету керек қой. Осындай ойға бекіген еңбекқұмар жандарға «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ көмекке келді.
Шаруа қожалығы қормен келісім-шартқа отырып, 8,5 миллион теңге жеңілдікті несиеге ие болды. Бұл несиенің жылдык сыйақы ставкасы, жоғарыда айтылғандай, 6 пайызды құрайды. Яғни, екінші деңгейдегі банктер беретін несие ставкасынан әлдеқайда төмен. Оның үстіне несие, қожалықтың дамуы үшін қажетті уақыт ескеріле отырып, неғұрлым ұзақ мерзімге беріліп отыр. Қожалық қолға тиген несиеге 42 бас ірі қара мал сатып алды және басқа да керек-жарақтар үшін өзінің айналым қаржысын толықтырды. Сөйтіп, іске кірісіп, сүт бұлағын ағыза бастады.
– Осы несиені алуға ниет танытып жүрген кезімізде «ҚазАгро» холдингінің басшысы Берік Бейсенғалиев облыс, аудан басшыларымен бірге біздің қожалықта болып, жағдайымызбен танысқан еді. Қазір енді несиеге ие болып, көңіліміз орнықты. Бірақ жауапкершілік жүгі бұрынғыдан арта түскендей. Себебі, ісіміз пәрменді сипат алып отыр. Шынын айтқанда, мемлекеттің алға қойған мақсатына сәйкес жаңаша тірлік бастап жатырмыз. Қожалықта жұмыс істейтін адамдар саны да көбейіп, кәсіпке кәсіп, нәсіпке нәсіп қосылатын сыңайлы, дейді бізбен әңгімесінде қожалық иесінің ұлы Саха Ұзақбайұлы.
Қыдырбек Әбдірахманов.