Үкімет • 14 Қараша, 2017

Орталық Азия үшін тарихи оқиға

638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Өзбекстанның тарихи қаласы Самарқанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов және Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге қол қойды.

Орталық Азия үшін тарихи оқиға

Бұл келісім Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың халықаралық-құқықтық ресімдеу кезеңі аяқталып, өзара сыйлас­тық­тың, теңдіктің және аумақтық тұтастықтың берік діңгегі қаланғанын білдіреді. Қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов журналистерге: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіздігіміздің алғашқы күнінен бастап мемлекеттік шекараның делимитациясын бірінші кезекке қойған. Шын мәнінде бұл мемлекеттің жауапты құрылымы мен қауіпсіздігінің мәселесі болып табылады. Бүгін қол қойылған үш жақты келісім, негізінен, Орталық Азия үшін тарихи оқиға болып табылады, себебі ол үш мемлекеттің шекараларын құқықтық ресімдеуді қорытындылайды», деді.

 Қол қою рәсімі Самарқан қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Орталық Азия: тарихы бір, болашағы бір, тұ­рақты даму мен өзара өркендеу жолындағы ынтымақтастық» атты халықаралық конференциясы аясында өтті.

Бұрын Қазақстан Түрік­мен­станмен және Өзбекстан Рес­пуб­ликасымен шекаралар бо­йынша екіжақты деңгейде уағдаластықтарға қол жет­кізген болатын. Қазақстан Рес­публикасы мен Түрікменстан арасындағы «Қазақстан–Түрік­менстан Мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау үдерісі туралы» келісімге 2001 жылғы 5 шілдесінде, Қазақстан Респуб­ликасы мен Түрікменстан арасындағы «Қа­зақстан – Түрікменстан Мем­ле­кеттік шекарасын демар­кациялау туралы» ке­лі­сімге 2017 жылғы 18 сәуірде, Қа­зақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Респуб­ликасы арасын­дағы «Қазақстан – Өзбек­­стан Мемлекеттік шекарасы туралы» ке­лісімге 2001 жыл­ғы 16 қарашада, «Қазақ­­стан – Өзбекстан мемлекеттік шекара­сының жеке учаскелері туралы шартқа» 2002 жылы 9 қыркүйекте қол қойылған.

Мемлекеттік шекараларды құқықтық ресімдеуді аяқтау халықаралық нормада осылай – түйісу нүктесіне қол қою деп қабылданған. Бұл барлық қол қоюшы жақтардың бір шешімге келіп, өзара мәселелер толықтай қарастырылып, шешімін тапқанын білдіретін құжат. Мысалы, бұған де­йін де Қазақстан Қытай Ха­лық Республикасымен, Қырғыз­стан­мен мемлекеттік шекара­лардың түйісу нүктесі туралы келісімге қол қойған. Бұл құжат 2000 жылғы 17 мамырдағы заң­мен ратификацияланған еді. Ал мына құжат кезекті көрші­лерімізбен түйісу нүктесіне қол жеткізіп отыр.

Осы жолғы Самарқанға жасаған сапарында Қазақстан Сыртқы істер министрі Қай­рат Әбдірахманов өзінің қыр­­ғызстандық, тәжікстандық, түрікмен­стандық және өзбек­стандық әріптес­терімен 2018-2019 жылдарға арналған сырт­қы істер министрлері ара­сын­дағы Орталық Азияда­ғы ынтымақтастық бағдарла­масына да қол қойды. Бұл құ­жат аймақ елдері СІМ-дерінің өзара байланыстарын кеңейту мен сыртқы саясаттағы іс-әре­кеттерін үйлестіруді көздейді. Сонымен қатар министрлер кездесулерін сапалы дайындап, оларды мазмұнды істермен толықтыруды қарастырады.

Ынтымақтастық бағ­дар­ламасы қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвес­ти­ция­лық, су-энергетикалық, мәде­ни-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды дамыту бойынша келісілген позиция мен ұсыныстар дайындауды да көздейді. Сондай-ақ, Орталық Азия мемлекеттерінің СІМ басшылары халықаралық өзекті мәселелерді қарастырудың күн тәртібіне, сонымен қатар халықаралық және аймақтық халықаралық ұйымдар шең­берінде өзара іс-қимыл жасауға келісті.

Аталған конференцияда сөйлеген сөзінде Сыртқы істер министрі Қ.Әбді­рах­манов Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстанда аймақтық бей­біт­шілік, қауіпсіздік және ын­тымақтастық зона­сының үлгі­сін құруды қалайтынын жет­кізді. «Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан өз Тәуел­сіздігін алған күнінен бас­тап Президент Нұрсұлтан Назарбаев аймақ­тағы барлық мем­лекеттердің мүдделері мен үміт­терін ескерген аймақтық инте­грация саясатын белсенді түр­де ілгерілетіп келеді. Бү­гін­гі таңда бұл процесс жаңа­ша қар­қын алуда, оны аймақ­тық бар­лық деңгейдегі бай­ла­ныс­тардың кө­беюі көрсетіп отыр», деді министр өзінің сөзінде.

Бұл кездесуге Орталық Азия Сырт­қы істер министрлерінен басқа Ауған­станның, Иран­ның сыртқы саясат ведом­ство­лары­ның басшылары, ЕО жоғар­ғы өкілі Федерико Моге­рини, БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ТМД және басқа да халық­ара­лық ұйымдардың хатшы­лық­тары­ның басшылары қатысты.

Қатысушылар назары­на, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің баста­масымен қолға алынған Ас­тана ха­лық­аралық қаржы ор­та­лығы мен ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің аясын­да құрылған жасыл технология­лар жөнін­дегі халықаралық орталық туралы да айтылды.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»