– Бүгінгідей жаһандану үрдісінде көптеген салалар, оның ішінде адами капитал мәселесі ерекше маңызға ие. Форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты ерекше толғандырып отырған осынау жайттың санқырлы проблемалық қырларына тоқталып, жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жасыл экономикаға, IT-технологияға басымдық беру, білім, денсаулық, әлеуметтік салаларды жандандыру міндеттерін алға тартты. «Үшінші жаңғыру» бағдарламасы адами капитал сапасын нығайту, ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту талабын қойып отырғаны жақсы мәлім.
Елбасы бірлескен экономикалық өзара іс-қимылдың арқасында өңіраралық ынтымақтастықтың ілгерілеп келе жатқанын атап көрсетті. Биыл тоғыз айда қос тарап арасындағы тауар айналымының 31 пайызға артуы ауқымды міндеттердің шешілуімен қатар, мүмкіндіктеріміздің молдығын да аңғартады. Мұндай алқалы басқосулар Ресей Федерациясындағы әріптестермен кәсіби қарым-қатынас көкжиектерінің одан әрі кеңеюіне айқара жол ашады. Біз Түмен, Омбы және Қорған облыстарымен кезек күттірмейтін келелі мәселелер төңірегінде әркез ашық пікірлесіп отырамыз. Жыл өткен сайын сыртқы сауда айналымының көлемі өсіп келеді. Биылғы 8 айда 31 пайызға көбейді. Бес жылда бірлескен кәсіпорындардың саны 40 пайызға артып, жергілікті қазынаға 20 миллиард теңгеден астам салық құйылды.
Солтүстікқазақстандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлер көрші мемлекетке мұнай-газ қондырғыларын, спутниктік стансаларды, электр оқшаулағыш материалдарын, ауылшаруашылық тауарларын ұсынса, олар өз кезегінде әртүрлі салаларға қажетті тауарлар мен шикізаттар жеткізеді. Достыққа, түсіністікке негізделген осындай әріптестік байланыстардың арқасында соңғы екі жылда ғана тасымал саласына тартылған инвестиция мөлшері үш есеге молайып, 80 миллиард теңгені құрады. Петропавл халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы күрделі жөндеуден өтіп, ұшақтардың барлық түрлерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды. «Оңтүстік-Орал темір жолы» АҚ өңірді басып өтетін темір жол учаскелерін жақсартты. Келесі жылы Омбы, Қорған, Түмен облыстары аралығындағы жолдар қалпына келтіріліп, ресейлік туристер саны 15 пайызға көбейтілмек.
Осы жұмыс сапары аясында цифрлы жүйеге көшу бойынша тәжірибелер алмасылды. Бізді Челябі облысының IT-технология, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар қызықтырды. Мұнда оқу процесінің құрылымдық тұжырымы теория мен тәжірибені тығыз ұштастыруға негізделген. Бұл орайда алдымен зауыттар мен кәсіпорындардың берік материалдық-техникалық базасына сүйенеді екен. Желілік оқыту зертханаларында студенттер IT- инфрақұрылымдар мен оларды құру жолдарын үйренетін көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысында да ауыр машина жасау саласы мен агроөнеркәсіптік кешен жақсы дамып келеді. Петропавл қаласында төрт қабатты Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ғимаратта инновациялық технологиялар орталығы құрылып, бизнес аймағы бой көтеретін болады. Өйткені цифрландыру үрдісін айналып өту мүмкін емес. Бұл – заман талабы. Оны жастардың еркін меңгеруі үшін цифрлы білім беру жүйесін дамытпай болмайды. Бұл еңбек нарығы үшін өте тиімді. Бүгінгі күні елді мекендерде білім сапасын арттырудың жолдары аз емес. Оның бір дәлелі – мектептерге кең жолақты интернет жүйесі мен мультимедиялық құрылғылардың орнатылуы, мұғалімдердің Кембридж бағдарламасы бойынша білім алуы. Мұның өзі ауылдық мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына түсу легін 1,5 есеге арттырары сөзсіз.
«Адам капиталын дамыту» тақырыбына арналған форум шеңберінде мемлекетаралық, үкіметаралық, өңірлік келісімдер жасалды. Соның бірі ретінде біздің өңірдің Омбы облысымен 2017-2020 жылдарды қамтитын экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімін айтуға болады.
Келесі форумның «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар» деген атаумен Петропавл қаласында өтетінін солтүстікқазақстандықтар үлкен қуанышпен қабыл алып отыр.
Жазып алған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы