Оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеттерінің, Қостанай және Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институттарының тарихшы, филолог ғалымдары, өлкетанушылар, жұртшылық өкілдері, студенттер қатысты.
Конференцияда ғалымдар мен өлкетанушылар еліміздегі ономастиканың бүгінгі жай-күйін, проблемаларын, оның тіл тазалығына, туризмді дамытуға әсер-ықпалын әңгімеледі.
– Жер-су атаулары қоғамдық мәдени, тарихи ғана емес, жалпы рухани мұра ретінде халықаралық маңызға ие болып отыр. Сондықтан тарихымызға қатысты жер-су аттарының сақталуы мен оның дұрыс жазылуына, дұрыс дыбысталуына сақ болғанымыз жөн. Мысалы, Қостанай қаласының жанындағы Тобыл өзенінен бөлінген шағын көл «Инспектор көлі» деп аталатын. Оны кейіннен бір кәсіпкер жекешелендіріп алып, «Безымянное» деп тіркетіп жіберген. Ал жергілікті тұрғындар оның әуелгі атын кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсарин өмірімен байланысты атау екенін жақсы біледі. Тарихымызға қатысты атаудың көз алдымызда өшіп жатқаны өзекті өртейді. Оны құжат жүзінде қалпына келтіру мәселесі кезек күттірмесе керек, – деді философия ғылымдарының кандидаты, профессор, өлкетанушы Қалқаман Жақып.
Расында, «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегендей, жер-су аттары тұнған тарих. «Инспектор көлі» атауынан Ыбырай Алтынсаринге қатысты қаншама тарихтың шеті шығады. Кемеңгер ағартушы Торғайдан оралған соң, Тобылдан бөлінген иіндегі судың жағасына ағаштан үй салады. Сол үйде қайтыс болғаны жөнінде де әңгімелер айтылады. Балғожа би әулетінің бейіті болған сол маңдағы Ыбырай Алтынсариннің кесенесі биыл қайта жаңғыртылып, мемориалдық кешенге айналды. «Безымянное» болып тіркеліп кеткен «Инспектор көлі» де осы мемориалдық кешенге неге кірмеуі керек?
Конференцияда жер-су аттарын қалпына келтірудің проблемалары жан-жақты айтылды. Олардың мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру де мақсатты жұмысқа айналуы тиіс мәселе екені көтерілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ұлттық рухты көтеруде, жас ұрпақтың бойында туған жерге, елге деген перзенттік, патриоттық сезімді тәрбиелеуде ономастиканың да орны ерекше. Кезінде солақай сая-
сат ықпалымен ретсіз өзгертіліп, қазір ұмытыла бастаған жер-су аттарын жаңғырту арқылы тарихи жадымызды сақтап, ұлттық генетикалық кодтарымызға қайта жан бітіру мәселесі конференцияда орынды қозғалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жер-су аттары қалпына келтіріле бастады. Бірақ бұл жеткіліксіз еді, кейінгі жылдары үдеріс тым баяулап кеткені де белгілі. Оның үстіне ономастиканы реттеуді уақыт талап етіп отырғандай.
– Елімізде жер-су аттарын өзгертудің үлкен жоспары жасалды, ол Тіл туралы заңнамаларда да қарастырылды. Соның аясында бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылып келеді. Мысалы, жер-су атауларын қалпына келтірудің сипатын айтсақ, ол оңтүстік облыстарда тез, солтүстік облыстарда баяу жүзеге асты. Ономастикалық өзгерістер осы кезге дейін жүргізіліп, жалғасын тауып келеді. Дегенмен бүгінгі жаһандану уақытының талабын да ескеріп, жұмысты тездету керек. Тәуелсіз елдің ономастикасы ұлттық руханиятымыздың бай бір саласы деуіміз орынды, – дейді ЕҰУ профессоры Бекжан Әбдуәли.
Конференцияда латын графикасына көшуіміз ономастика мәселесіне оң ықпал ететіні де айтылды.
– Бұрын бір атауды орысша, қазақша екі тілде жазатын едік, ол екі түрлі дыбысталатын. Кириллицамен жазылған қазақ сөздері орыс мақамында оқылып, қазақша мәнін бұрмалайтын. Ал латын әрпімен жазудан ол бірізділікке түседі. Мұның халықаралық, тіпті туризмді дамытып жатқан елімізде экономикалық та маңызы бар, – дейді филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық.
Конференцияға қатысушылар екі секцияға бөлініп жұмыс істеп, ономастика проблемаларын тереңдете талқылады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ