«Заң және тәртіп» айлығы аясында ұйымдастырылған театр фестивалінде сахна өнері арқылы оқушылар бүгінгі күннің өзекті мәселесін дәл бейнелеп берді. «Тәртіп пен жауапкершілік» атауымен өткен театр фестиваліне мектеп ұжымы, оқушылар, соымен қатар ата-аналар, арнайы Іс-шараға «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қуаныш Нұрданбекұлы мен Байқоңыр ауданы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Сымбат Рахманбетқызы қатысып, тәрбиелік мәні зор ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне «Үйде» жастар әлеуметтік жобасының негізін қалаушы, Ішкі істер министрлігі жанындағы есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Саят Жармұханбетұлы атсалысып, жастарға бағыт-бағдар беретін мазмұнды пікірлер айтты.
Фестиваль шымылдығы «Сәт» би тобының «Қазақ» биімен ашылып, ұлттық рух пен сахна мәдениетінің үйлесімін көрсетті. Көрермендер назарына «Street Soul» командасы «Открытие» биін ұсынып, кештің шырайын аша түсті. 6 «З» сынып оқушылары Каримова Айлин мен Бралинова Дильназ өнер көрсетсе, 5 «В» сынып оқушылары Қайсар Айсану мен Камали Аялу дзюдо жаттығуларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Театрландырылған қойылымдар да көрерменді терең ойға жетеледі. «Асыл» командасы «Новая одноклассница» қойылымы арқылы мектептегі қарым-қатынас пен түсіністіктің маңызын көрсетті. «Второй шанс» командасы «Там, где не хватало мамы» қойылымында отбасы жылуы мен ата-ананың орнын ешнәрсе алмастыра алмайтынын әсерлі жеткізді. Ал «Шабыт» командасы «Ата-аналармен қақтығыстар: неге бізді естімейді?» қойылымы арқылы жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы түсініспеушілік мәселесін шынайы бейнеледі. «Arys» командасы «Вещества и лудомания» тақырыбындағы қойылымымен зиянды әдеттердің адам өміріне тигізер ауыр салдарын көркем түрде көрсете білді.
Фестиваль барысында 5 «Л» сынып оқушысы Хайруддин Алия «Тау ішінде» әнін орындап, көпшілікті баураса, «Ақжелең» домбырашылар ансамблі Ұлан Бакижановтың «Есіл-Нұра» күйін орындап, ұлттық өнердің биік деңгейін паш етті. Мәдени, рухани шара оқушылардың актерлік қабілетін ғана емес, олардың өмірге көзқарасын, заң мен тәртіпке бағынудың маңызы жоғары екенін айқындай түсті. Сахнадағы әр қойылым – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің көркем көрінісіндей әсер етті.