Сонымен қатар Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктердің алдына кәсіпорындарды жаңғыртудың нәтижесінде туындайтын еңбек ресурстары ағынын басқару үшін жағдай жасау міндетін алға қойды. Президент ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірге тиісті жол карталарын жасау керектігін атап өтті. Осы мәселелерге орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Аймақтағы жұмыс сапарын ведомство басшысы Осакаров ауданының орталығынан бастады. Екі күнгі сапар барысында министр өңірдің бірқатар нысандарында болып, селолық округтердің тұрғындарымен кездесіп, халықпен әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жұмыс сапары кезінде жоғарыда айтып өткен облыс кәсіпорындарындағы жұмыскерлер ағынына байланысты ахуалмен танысты.
Алдымен министр Осакаров ауданындағы жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты және атаулы әлеуметтік көмекті жаңа форматта беруге дайындық деңгейіне баға беріп, материалдық-техникалық жабдықталуына және орталық кеңесшілері мен көмекшілерінің кәсіби дайындығына баса назар аударды.
Аймақ жұртшылығымен кездесу барысында Т.Дүйсенова атаулы әлеуметтік көмек тек ақшалай төлем ғана емес, кедейліктен шығудың кешенді шарасы екенін тілге тиек етті. «Сондықтан бүгінгі таңда еңбекпен қамту орталықтары осы өзгеріс нәтижесінде бұрынғыдан гөрі қолжетімді болуы, ал оның мамандары халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтің барлық түрлерін сапалы көрсетуге дайын болуы үшін дер кезінде қажетті шаралар қабылдау аса маңызды», деді ол.
Жиында «Өрлеу» қанатқақты жобасы туралы өз пікірімен Наталья Федулова бөлісті. Жалғыз басты ана Н.Федулова 2015 жылы 150 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, өзінің жеке кәсібін ашқан болатын. Бүгінде бұл отбасының сүйікті ісі – шаштараз қызметі отбасының негізгі табыс көзіне айналған.
«Осы бірегей бағдарламаның көмегімен шағын бизнесімді аштым және өз жоспарларымды сенімді түрде жүзеге асыра аламын. Енді мен экономиканың дамуына барынша үлесімді қосып, өзімнің ауылдастарыма пайда тигіземін», дейді Н.Федулова.
Бір айта кетерлігі, Қарағанды облысы бойынша алғашқылардың бірі болып, Осакаров ауданында 2015 жылдың шілдесінде «Өрлеу» қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Жоба жүзеге асырыла бастаған екі жылда 50-ден астам отбасы немесе 270-ке жуық адам жұмысқа тартылған. Жалпы сомасы 8 млн теңгеден астам мөлшерде шартты ақшалай көмек көрсетілген.
Бұл шаралар әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың жан басына шаққандағы табыс мөлшерін екі есеге, нақты 6 358,0 теңгеден 12 572,0 теңгеге дейін көбейтуге мүмкіндік берген.
2017 жылы «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру үшін 13 млн теңге шамасында қаражат қарастырылған, оның 2,5 млн теңгесі аудан бюджетінен, қалғаны республикалық бюджеттен бөлінген.
Аудан орталығына сапар қорытындысы бойынша, министр ауылдық округ әкімдерімен, аудандық жұмыспен қамту орталықтары басшыларымен және қызметкерлерімен кездесті.
Ведомство басшысы одан кейін облыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге облыс орталығындағы Достық үйінде өткен үлкен жиынға қатысты. Кездесуде негізінен АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен зейнетақы жүйесінде болатын өзгерістер талқыланды.
Бүгінгі таңда басты міндет ретінде Т.Дүйсенова жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңыздылығын атап өтті.
«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек біздің аймақ үшін таңсық емес. «Өрлеу» қанатқақты жобасы екі жылдан астам уақыттан бері Қарағанды облысында жүргізіліп келеді. Біз іс жүзінде жобаның барлық қыр-сырына қанықтық және ол өзін ақтай алады деп айтуға болады. «Өрлеу» жобасына 2,5 жыл ішінде шамамен 2,5 мың адам қатысты. Олардың біразы қайта оқытудан өтіп, жұмысқа орналастырылды немесе жеке ісін ашты. Олар бұрын кедейлік деңгейінен төменгі адамдар қатарында болатын», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ министр халықты жұмыспен қамту тақырыбына да тоқталды. Бұл бағытта министрлік жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін үлкен алаң бола алатын Электронды еңбек биржасы мен enbek.kz сайтын әзірлеген.
Министрдің іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Нұр Отан» партиясы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуі тиісті деңгейде болды.
Оларда зейнетақы жүйесін жаңғырту жағдайы талқыланды. Бұл реформа – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Жиынға қатысушылар осыған көңіл аударып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Жұртшылыққа базалық зейнетақы көлемінің қалай өзгеретіні туралы Т.Дүйсенова түсіндіріп берді.
«Келесі жылдан бастап базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай тағайындалады. Яғни 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жарна төлеу кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1998 жылға дейінгі мерзім де ескеріледі», деді Тамара Дүйсенова.
Министрдің пікірінше, мұндай көзқарас 30-40 жыл еңбек өтілі бар төмен зейнетақы алып отырған зейнеткерлер үшін әділетті болады. 33 жылдан астам тәжірибесі бар адамдар үшін, 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін, базалық зейнетақының мөлшері қазіргі кездегімен салыстырғанда екі есеге өседі. Егер бүгінгі таңда ол 14 мың теңге болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлердің бұл тобы 28 мың теңге алатын болады.
Министр жұмыс сапарының екінші күні Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығында болып, атаулы әлеуметтік көмекке байланысты консультанттар мен ассистенттердің барлық сұрағына жауап берді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес үшінші жаңғыруға байланысты еліміздегі біраз мекемелерде жаңа технологиялар енгізу көзделіп отыр. Өндіріске жаңа теxнологиялар енгізілгеннен кейін кез келген компания жұмысшыларын қысқартуы мүмкін. Алайда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше мән бере отырып, жаңғырту салдарынан жұмыссыз қалатын мамандардың басқа салаларға бейімделуі мәселесін жіті бақылауда ұстауды жүктеді.
Соған байланысты министр Т.Дүйсенованың бастамасымен Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС өкілдерінің қатысуымен бірлескен кеңес өткізілді. Еліміздің ірі өңірлерінің бірі болып табылатын Қарағанды облысы кадрлар ағынын басқару бойынша қанатқақты жоба енгізуді көздеп отыр.
«Бүгінгі күнде өңірімізде жүйе құраушы кәсіпорындармен жол карталарын жасау бойынша жұмыс басталды. Жұмыскерлер босатылған немесе қосымша қажеттіліктер туындаған жағдайда бірлескен іс-әрекеттер талқылануда. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін өңірлік штаб құрылды», деді облыс әкімі Е.Қошанов.
Жаңа технологиялар енгізілумен дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босатылатын болады. Сонымен қатар жаңа индустрияларды құру мен дамыту азаматтарды жұмысқа орналастыру мен олардың нақты кірістерін арттырудың қосымша көзі болуы керек. Мысалы, қысқартылған жұмыскерлерді қайта даярлау мен одан әрі жұмысқа орналастыруды инвестициялау қарастырылуда. Сол сияқты еңбек күші көп өңірлерден, ауылдық жерлерден қалаға жұмыс күштерін тарту үдерісіне қолдау жасалмақ.
Бүгінгі күнде Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалау мен барлық бос жұмыс орындары мен елді мекендер бойынша бірегей онлайн-платформалар құруға кіріскен.
«Жол картасы бірінші кезекте олар үшін жаңғыртулар нәтижесінде туындайтын әлеуметтік қатерлерден қорғайтын жақсы құрал болады деп санаймын. Мемлекет орталық және жергілікті деңгейлерде қысқартулар және кадрларға қосымша қажеттіліктер болған жағдайда қолдау көрсетуге дайын. Жұмыскерлерге де, қажет ететін кәсіпорындарға да нақты қолдау көрсетілетін болады», деді Т.Дүйсенова.
Министр Қарағанды облысының алаңында қанатқақты жол карталарын іске асыру бұл бағыттағы маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеріне сенім білдірді.
«Біз республика бойынша 10 мыңнан астам мекемеде сауалнама жүргізіп, олардың 48 пайызының жаңғыруды жоспарлап отырғандығын білдік. Айталық «АрселлорМиттал» бойынша ешқандай қысқарту болмайды. Тек қана алты мыңға тарта азамат 2025 жылға дейін зейнеткерлік жасына жетеді. Сол азаматтардың орнына жаңа мамандарды қалай даярлаймыз деген мәселе бар. Ол бойынша «АрселлорМиттал» облыс бо-
йынша үш оқу орнын басқаруға алуды ұсынды. Ол үш оқу орнына 60 миллионнан аса инвестиция тартылмақ. Ал «Қазақмыс» бойынша мыңнан аса әкімшілік басқару жұмысында жүрген азаматтардың жаңғыртуға байланысты басқа мамандықтарға өтуі керектігін білдік», деді ведомство басшысы.
Өңірдегі жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың төрайымдығымен облыс әкімдігінде қала және аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары қатысқан қорытынды кеңес өтті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы