– Өткен ғасырда халқымыздың басынан заманның қандай қиындықтары өтсе, осы №2 Жітіғара қазақ орта мектебі де соның барлығымен бетпе-бет келді. Бірақ жабылып қалмады, өрге ұмтыла бердік. Педагогтар ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұйымшыл еді ғой. Өзге ұлты көп Жітіғара ауданындағы, қаласындағы қазақтың нағыз қара шаңырағы болды десем, бір өтірігі жоқ. Мектеп үшін жанымызды сала еткен еңбегіміз қазақ тіліміз, ұлттық діліміз үшін күрес екен ғой, – дейді білім саласының ардагер қариясы Жәмила Жанұзаққызы.
Аталмыш мектеп 1927 жылы ашылады. Халқымыздың басына нәубет төнген 30-шы жылдардың ішінде мектепке де оңай болмайды. Одан кейін соғыс басталғанда ұстаздар да, түлектер де майданға аттанады. Мектептің 1938 жылғы 12 түлегі ұстазы Шұғай Қыстаубаевқа еріп, майданға аттанады. Солардың арасында он боздақ туған жерге қайтып оралмайды, сүйегі ұрыс даласында қалды.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақ даласында тың және тыңайған жерлерді игеру, қазіргі «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының бастауы болған асбест комбинаты ірге тепкен жылдары Жітіғараны ормандай орыс қаптап, қазақтар азшылық болып шыға келеді. Еліміздің солтүстік облыстарында қазақ мектептері жабыла бастағанда, №2 қазақ орта мектебіне де тықыр таянады. Сонда мектеп ұстаздары ешкімнен көмек сұрамай, облыстағы қазақ ауылдарына аттанады. Әр ауданнан бала жинап, ата-аналарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, орыс мектептерінде оқып жүрген қазақ балаларын ауыстырып, әупіріммен оның жабылуына жол бермейді.
– Сол орыс мектебінен ауыстырылған оқушының бірі мен едім, қазір алғысымды айтып отырамын. Қазақ мектебінде оқып, көштен қалған жоқпыз, қайта ана тілімізге сусынымыз қанып өстік, – дейді мектептің 1960 жылғы түлегі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы іріктеген дәрігерлердің ондығына кірген белгілі балалар дәрігері Мария Кененбаева.
Мектептің мерейтойына келген Отан соғысының ардагері, белгілі жыршы Қасымхан Алдабергенов, Жаңылсын Жәкенова, Жаңылсын Жандырова, Наурызбай Әлмұхамбетов секілді ардагер ұстаздардың қайсысын әңгімеге тартсақ та, олар мұғалімдер ұжымының бірлігін алдымен ауызға алды.
– Осы төңіректегі жалғыз қазақ мектебі болған соң ба, біздің ұжымда намыс алдыңғы орында тұратын. Бір мұғалімнің ашық сабағы өтетін болса, соның жұмысына барлығымыз кірісіп, тілектес болып жүрер едік, – дейді Жаңылсын Жандырова апай.
– 90-шы жылдары мектебімізге тағы да қауіп төнді, барлығы 70 бала ғана қалды. Сонымен ұстаздар намысты қолдан бермей, тағы да атқа қонды. Ауылдарды, тіпті өзге аудандарды араладық, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Соның арқасында 1992 жылы тек бірінші сыныпқа ғана 60 бала келіп отырды. Оқушы саны бірте-бірте көбейіп, 2005 жылы 620 болды. Мектеп тарлық етіп, білім сапасы төмендейтін болғандықтан, аудан басшылары екінші қазақ орта мектебін ашты, – дейді мерейлі мектепті көп жыл басқарған Наурызбай Әлмағамбетов.
1973 жылы мектеп директоры Мұса Шожановтың көп ізденісімен мектеп те, оның интернаты да жаңа ғимаратқа көшеді, кабинеттік жүйе, тағы да көптеген жаңалықтар енгізіледі.
– Мектепте ұстаздық еткен әр күнім қуанышқа толы болатын. Оқушыларымның мені ренжіткен күні болмапты. Соның барлығы да жерде қалған жоқ, бір-бір мамандық иесі, тамаша адамдар болып қалыптасты, – дейді ардагер ұстаз Жаңылсын Жәкенова.
«Сіздің оқушылардың бүгінгі балалардан айырмашылығы неде деп білесіз?» деген сауалымызға, ұстаз көп ойланған жоқ.
– Ол кезде балалар биязы болатын. Олардың бойынан ұлттық мінез арылмаған еді-ау...– деп жауап берді.
– Біздің кезімізде үлкен үзіліске шығысымен оқушылар сынып-сынып болып тұра қалып ән айтатынбыз. Сондай дәстүр болды. Патриоттық әндер. Қандай керемет еді! Біздің сыныпта әр екі бала жарысып оқитынбыз. Менің бәсекелесім Жақсылық Ысмағұлов деген сыныптасым еді, – деп еске алады Мария Кененбаева.
Тоқсан жыл ішінде мектепті екі мыңнан аса түлек бітірген екен, соның алпыстан астамы «Алтын медаль», кейіннен «Алтын белгі » иегерлері атанған. Сол үздік оқушылардың бірі Берлин Иришев – Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі, Абдрахман Бегалинов – алтын кенін өндіру әдістерін өндіріске енгізген ірі ғалым, Ақылбек Шаяхмет – елімізге танымал ақын. Білім ұясының мақтаныштарын осылай жалғастыра беруге болады. Мектеп ардагерлерін, ұжымын аудан әкімі Абай Ыбыраев құттықтады. «Қостанай минералдары» кәсіпорны 23 миллион теңге қаржы бөліп, мектептің барлық терезелерін пластикке ауыстырып, 5 интерактивті тақта алып беріпті.
Мектеп түлегі, жас әнші Жұмахан Жәнібеков, мектептің үшінші сынып оқушысы, биыл өткен «Бала даусы» республикалық байқауының жүлдегері Ясмин Аюпова білім ұясы мерейтойын әнге бөледі. Шара соңында мектепті басқару ісін қолына алған Айзада Дюкова бастаған ұстаздар мен оқушылар бүкіл сахнаны алып тұрып, білім ошағының гимнін шырқады. Бұл намысты, бірлікті жоғары ұстайтын мектептің ішкі дәстүрінің жоғалмағанын айтып тұрғандай еді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Жітіғара қаласы