Қазақстан оңтүстіктен ғана тұрмайды ғой. Оның өмір жолын біле бермейтін былайғы жұрт үшін ол тындырған істі сыдырта бір шолып шықсақ та жеткілікті.
Отырарда туылды. Әкесі мұрап болды. Шәуілдір өңірінде алғаш жеміс-жидек еккен диқан атанды. Ол қазған арық әлі күнге дейін «Айтахан арығы» деп аталады. Ел ішінде «Қыз Жібек» атанған анасы Айжамал Қуаныштың 13 жасында дүниеден өтті. Ана үшін баласының ержеткенін көрмей өтуден өткен қайғы бар ма екен, сірә?..
Мәскеу Ветеринария академиясын үздік бітіріп келген жас жігіт бел шешіп, шаруашылық шырғалаңына қойды да кетті. Жұмыс істегеніне бір жыл толғанда Алғабас ауданының бірінші хатшысы Нұртаза Ысмайылов оны аудан комсомол ұйымын басқаруға шақырды. Алдында тындырар ісі мол жас маман кеңседе отырып қалудан қауіптеніп, ол ұсыныстан бас тартты. Екі жылдан соң облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, көп ұзамай комсомол комитетінің екінші хатшысы болып бекіді.
Арада ұзақ жылдар өткен соң ол қызмет еткен кезеңдерге назар сала қарасақ, ол қайда болсын, қай салада қызмет атқарсын, бәрінде де асқан іскерлік, талмас ізденіс, сарқылмас қайрат, өткір батылдық таныта біліпті. Қазіргі Қазығұрт ауданының екінші хатшысы болып бекігенде ол 28 жастағы жігіт еді. Партиялық субординацияның мызғымас шеңберінде жүрсе де ол өзіне тән батылдықпен «Аудандық экономикалық талдау бюросын» құрды. 1977 жылы мамырда Шардара аудандық атқару комитетінің төрағалығына бекіді. Д.Қонаевтың өзі оған бата беріп, республикадағы ең жас төраға деп арқадан қақты.
Бұл жұмысқа да ол белсене кірісті. Сол белсенділіктің арқасында Қызылқұм массиві Бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналды. Жаңа кеңшарлар ашылды. Суландыру, көгалдандыру, қаланы тәртіпке келтіру, жаңа типтегі үйлер салу, еңбекші елдің еңсесін көтеру, еңбегінің еш болмайтынына сендіре білу болды мақсаты. Бұдан да ауқымды істерді еңсеруге білек сыбана кірісе бергенде тағы да қызмет ауыстыруға тура келді. Тағы да төрағалық. Баяғы өзі істеп кеткен Ленин ауданына ауатком төрағасы лауазымына қайта оралды.
Мал шаруашылығымен ғана айналысатын Ленин ауданы мүлдем жаңа бағытқа бет бұрды. Жобада жоқ болса да, Айтахановтың бастамасымен аудан орталығына каналдан су тартылып, барлық көшелермен сылдырап су аға бастады. Арықтар бетондалып, лотоктар тартылды. Ауданда егіліп жатқан он сегіз өсімдік дақылының қалай себіліп, қалай суарылуы және қандай тыңайтқыштарды қай мезгілде беру керектігі жайлы арнайы қойын кітапша шығарылып, әр диқанның қолына берілді.
Айтахановтың әлеуетін бұрын да көріп-біліп жүрген облыс басшылары оны облыстың агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының бірінші орынбасарлығына лайық деп тапты. Ауылшаруашылық басқармасы бастаған бірнеше құрылымды біріктірген алып агроөнеркәсіп бірлестігін қалай шыркөбелек айналдырғанын көрген соң, қырық жылдан кейін құрамына Бөген ауданының біраз кеңшарын қосып, қайтадан ашылып жатқан Арыс ауданына бірінші хатшы етіп жіберді.
Ауданның жеке билігі өзіне тиген Қуаныш күндіз-түні құлшына, құшырлана жұмыс істеді. Бұл оның өміріндегі ең бір өнімді кезең болды. Ол күн өткен сайын заманның тарылып келе жатқанын көріп, аудан халқын нарыққа күні-түні дайындады. Басшылар түрлі семинар, курстарға оқуға қайта-қайта жіберіліп жатты. Қала халқы түгелдей егін егетін, саяжай салатын жер теліміне ие болды. Қалалықтар бау-бақша өнімдерімен өздерін өздері толық қамтамасыз ете алды, артығын базарға шығаруды үйренді. Дала мен қаланың арасында өте тығыз байланыс орнады. Қала халқы ауыл шаруашылығы өнімдерімен, жеммен, шөппен толық қамтамасыз етілді. Жылыжайлар көптеп салынып, олардың өнімі базарда қымыз, қымыран секілді ұлттық тағамдармен қатар тұрақты түрде сатыла бастады. Арыс қаласының базары Айтаханов тұсында облыстағы ең арзан базарға айналды. Бәрінен бұрын халықтың рухын көтерді. Ақындар айтысы, Наурыз тойы, шопандар тойы керемет қызық та мазмұнды өтіп тұрды. Оларға Арыстан шыққан ақындар, жазушылар, ғалымдар шақырылды.
Бір күнде 33 көшеге қайта оралған арыстарымыздың есімі берілді. Елімізде бірінші болып билер кеңесі құрылды. Қала абаттандырылды. Арыс – Байырқұм жолы қайтадан тақтайдай етіп жөнделді. Монтайтасқа жаңа асфальт жол салынды. Мектеп тәрізді әлеуметтік сала құрылыстары қатты қарқынмен жүргізілді. Адамның ойына келмейтін нәрсені ойлап табуға мықты Айтаханов КСРО-да ресми түрде теміржолшылар қаласы жоқ екенін біліп алды да, Мәскеуге барып, Жол қатынастары министрлігі алдына Арысқа осындай мәртебе беру мәселесін қойды. Нәтижесінде, министрліктің бұл жөнінде арнайы қаулысы шықты. Қалаға орталықтан қаржы құйыла бастады.
1991 жылы Кеңес өкіметі құлап, байланыстар бірден үзілді де, көптеген тамаша бастама аяқталып үлгермеді. Әйтсе де жаңа орта мектеп, көше арықтарын науаландыру секілді талай іс атқарылып қалды.
Атқарылып үлгерген істердің ішіндегі ең бір сүбелісі – Арыс ауданын Арал апат аймағына жататын аудандар қатарына кіргізуі еді. Отырар, Алғабас, Созақ ондай дәрежеге ие емес кезде мұндай шаруаны іске асыру оңай болған жоқ. Ол үшін Монтайтаста Кеңес өкіметі ядролық сынақ жүргізгенін дәлелдеуге тура келді. Аудан халқы бірнеше жыл бойы жалақы мен зейнетақыға ай сайын 20 пайыз үстеме ақша алып отырды. Қалекең кеткен соң оның алып тасталғаны да шындық, бірақ Айтахановтың көмегімен ол қайтадан қалпына келтірілді.
1993 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін Қуаныш Айтаханов облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ордабасыдағы үш елдің президенттері бас қосқан ұлы тойдың басы-қасында жүрді. Маусым айында облыста идеология мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Айтахановқа жүктелген әлеуметтік, сауда салалары да бір ретке келіп қалып еді, тек облыс басшысы ауысты да, Айтаханов жұмыссыз қалды.
Біраз күннен кейін оған қатал қыстың қаһарына тап болған Созақ ауданына бару ұсынылды. Айтаханов ойлануға бір ай сұрап, еңбек демалысына кетті. Демалыстан келген соң Мәжіліс сайлауына түспей, жауды көрсе арқаланып кететін батырларға тән мінезбен қиындыққа қарсы шапты. Қарашаның ортасынан бері малы қорадан шыға алмай қалған аудан жүз жылда бір ғана болатын жұттың алдында тұр еді. Малынан түгел болмаса да соған жуық айырылуға тиіс аудан Айтахановтың төтенше жағдай жариялап, Премьер-Министрге тікелей шығып, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Орал, тағы басқа да облыстардан жем-шөп, жанар-жағармай, Үкіметтен облысқа тиесілі 44 миллион теңгенің, сол кездегі 8-і бір долларға тең теңгенің кезінде 24 миллион теңге көмекті Созаққа бөлдіртіп алып қайтуының арқасында апаттан аман қалды. Жем мен шөп мемлекеттің де, жекеменшіктің де малына тағы екі жылға жетті...
Бұдан соң жекешелендіру әкімнің талабының арқасында малдың басы бар кезінде тез жүргізілді. Аудан оны облыста бірінші болып аяқтады. Сол себепті аудан қазір облыстағы мал басы ең көп аудан атанып отыр. Ал кейбір әкімді тыңдағысы келмей, кеңшар директорының айтқанынан шыға алмай, меншігін алуға асықпаған жерде, мысалы, «Созақ» совхозында үш жылдан кейін 70 мың қойдан 7 мың қой ғана қалды. Бәрін бастық бартермен тауысты...
«Ең алдымен халықтың рухын көтеру керек, өйткені экономиканы өркендету ертелі-кеш орнына келетін нәрсе, халық діңгегінен айырылса оны қалпына келтіру қиын», дейтін Қалекең Созақта да елді бірлікке, татулыққа, ынтымаққа, намысын оятуға шақыратын талай игілікті іс-шаралар өткізді. Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдық мерейтойы Сүгір, Төлеген Момбеков, Төлеген Тоқбергенов, Бәтима Батырбекова, Асқар Сүлейменовтің мерейтойлары да республикалық деңгейде өтті. Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Қарабура, Саңғыл би кесенелерінің жөнделуіне, жаңадан салынуына әкімнің септігі тиді.
1999 жылы өмір жолы Қалекеңді Сайрамға алып келді. Сырты жақсы көрінгенмен ішкі дүниесі ойсырап, қарызға белшеден батқан ауданның алты жыл қордаланған қарызынан құтылып қана қоймай, бюджет кірісін үш жылда үш есе өсірді. Аудан тарихында қазақ тілі тұңғыш рет өзінің мемлекеттік мәртебесіне ие болды. Сайрам қазақша сөйледі. Аудан орталығы Ақсукенттегі базарға айналып кеткен орталық дүңгіршектерден тазартылып, «Мәртөбе» жаңадан салынды. Оған Үкіметтің арнайы рұқсаты алынып, Абылай ханның асқақ ескерткіші орнатылды. Ардагерлер мен Құрметті азаматтар саяжолдары ашылды. Әбіш Кекілбаев «Қазақта бұдан асқан киелі жер жоқ» деп атаған, Еуропа қара түнекте отырған кезде қазақ парламентаризмінің алтын бесігі болған, Тәуке хан «Жеті жарғы» секілді заңнамалар жинағына қол қойған атақты Мәртөбе қалпына келтірілді, жан-жағы абаттандырылды, қайтадан ел жақсылары бас қосатын орынға айналды. 2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Сайрамға келген сапарында оны арнайы барып көрді.
Бала кезінде кетіп, қырық үш жылдан соң туған жеріне әкім болып оралған Қуаныш Айтахановтың Отырарға айналдырған екі жылдың ішінде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бәрінен бұрын ол халықты оятты. Аудан әкімшілігінің қызметкерлері демалыс күні дегеннің, еңбек демалысы дегеннің не екенін ұмытты. Екі жыл олар үшін екі күндей зу етіп өте шықты. Есесіне қанша жұмыс тындырылды, қанша маман, қанша басшы «Айтахановтың академиясынан» өтті, тәлім-тәрбие алды.
Халықтың бағы болған «Ауданның 2004-2007 жылдарға арналған даму бағдарламасы» жасалды. Бағдарлама негізінде ауданға миллиардтаған теңге қаржы бөлінді. Болашақта жаңадан 60 мың гектар жер игеріліп, оған сырттан ұшарға қанаты болмай отырған мыңдаған қандастарымыз көшіріліп әкелінді. Бұл үрдіс басталып та кетті. Ауданда таза ауыз су мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жерді тұздандырып жіберген ыза суға қарсы күрес пәрменді түрде жалғасып жатты.
Үлкен үйге не керек болса, отау үйге де сол керек. Облысқа не керек болса, ауданға да сол керек. Үлкен республика ауданнан, ал аудан ауылдан құралады. Аудан басқарған адамның жұмысы облысқа қарағанда, әлдеқайда қарбалас.
Орын адамды емес, адам орынды көркейтеді. Аудан басқарып жүріп беделі мен абыройы облыс басшыларынан да асып түсіп жататын Айтахановқа осы абыройы алдынан көлденеңдеп шыға берген секілді. Бірақ Айтаханов ешкімге өкпелемейді. «Басшылық қайда жіберсе, бәрінде де өз міндетін адал атқаратын» іскер де парасатты азамат. Ол атақты Жаяу Мұса секілді: жаяу қалса да есімі атты кісіден ешқашан кем аталып көрген емес.
Ылдидан салса төске озған хас жүйріктің шабысы әлі шау тартқан жоқ. Адам жасына қарап емес, басына қарап бағаланады. Ол жүріп өткен өмір соқпақтары сол жолда қалдырған ісімен, айшықты ізімен өлшенеді. Тіпті жүзеге асыруға реті келмеген іргелі ойларының өзі оның азаматтық тұлғасын ел алдында биіктете түскен.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ