– Кеше кешкісін ауданға Мәскеуден Нұрғиса Тілендиев келіпті. Газетіңе ұлы композитор жайлы жазып бермейсің бе? – деп Жақан Тайжанұлының таңдайы таңқ етті. – Бұдан артық қандай жаңалық болады?
Ойланып қалдым. Күтпеген кездесу болатындай. Редакция тапсырмасын күтіп отыра берсем, уақыт өте бермей ме деген оймен Жақаңа қарап:
– Нұрғиса ағаны қайдан табуға болады? – деп сауал тастадым.
– Естуімше қонақүйге орналасқан тәрізді. Біздің үйдегі Алуа жеңешең Нұрғисаның қарындасы болып келеді. Біреуі шапыраштының ұлы, біреуі шапыраштының қызы. Мен жұмысқа жиналып жатқанда ол: «Ағама барып сәлем беремін», деп айтқан еді. Шамасы, қазір сол жақта шығар. Сен де барып қайт, – деп, тиянақты тапсырма берген болды.
Редакция мен қонақүйдің арасы қол созым жер деуге болады. Екінші қабаттағы №1 люкске жақындап келіп, бөлме есігін қолымен жай ғана тақылдаттым. Менің дыбыс бергенім естілмеді ме, әлде басқа себебі болды ма, іш жақтан жауап болмады. Қалың есіктің тұтқасын мығым ұстап, есікті айқара ашып, «Ассаламағалейкум, ардақты Нұрғиса аға», деп бөлмеге батылдау болып кіре бердім.
Қадірлі қонағымыз бар пейілімен беріліп, сол қолымен күй тартып, шабыттанып отыр екен. Күмбірлетіп күй тартқанда қорғасындай балқитын болуы керек, көз алдына түсіп кеткен шашын қайыруға да шамасы жетпей жатқан сияқты. Арқасының қозғаны соншалық, бір орнында бәйек тауып отыра алмайтын тәрізді. Ақыры, тартқан күйін аяқтап барып:
– Сіз кім боласыз? – деп назар аударды. Дауысы өктем әрі тосын шықты. Мені жақтырмаған сыңайлы.
– Облыстық газеттің меншікті тілшісімін, сізден сұхбат алуға келген едім.
– Мен ешқандай тілшіні шақыртқан жоқпын. Бөлмеден шығып тұрыңыз, – деді ашу шақырғандай.
Ұлы тұлғадан осыншама сөз естимін деп ойламаған мен абайсызда шоқ басып алғандай шошындым.
Салым суға кетіп, түске жақын үйіме әзер жеттім. Табалдырықтан аттай бере телефон шырылдап қоя берді. Жедел трубканы құлағыма тосып едім, хаттар бөлімінің меңгерушісі екен:
– Жақында ғана Мәскеуге «Отырар сазы» ұлт-аспаптар оркестрін бастап барған Нұрғиса Тілендиевке КСРО Халық әртісі атағы беріліпті. Сол кісі Алматыға бара жатып, Шуға ат басын бұрыпты. Жеделдетіп жолығып, сұхбат алғаның дұрыс болар еді. Жазған дүниең бүгінгі нөмірге салынады, – деп ескертті.
Бөлім басшысына мен Нұрғиса ағай туралы жазып бере алмайтынымды ашып айттым. Ол:
– Неге жазбайсың? – деп таңырқағанын дауысынан аңғардым. Болған жайды боямасыз баяндауыма тура келді. Ол бас редактормен ақылдасып алып, хабарласатынын айтты. Арада сүт пісірімдей уақыт өтпей жатып бөлім меңгерушісі тағы да хабарласып, маған түс ауа аупарткомның бірінші хатшысы Нұрғали Торғаевқа жолығуымды ескертті. Жазған құлда шаршау бола ма? Түстен кейін аупарткомды бетке алып, ұшып бара жатқанмын. Алдымнан Әбекең қарсы жолықты. Асығып, аптығып бара жатқанымды байқаған болуы керек.
– Қос өкпеңді қолыңа ұстап қайда барасың? – деп алдымды бөгеді.
– Өткен-кеткен жайларды қысқаша баяндап бердім. Ол көп ойланбастан:
– Бірінші хатшыны мазалап қайтесің, менімен бірге жүр. Нұрғиса ағаңмен жолықтырамын – деді.
– Сіз ол кісіні танисыз ба?
– Танығанда қалай, жақсы танимын...
Бөлмеге кіріп барғанымыз сол екен, қонағымыз оң қабақ танытып:
– Қалай қусирақтарым, келдіңдер ме? – деп жарқын үн қатты. Түске дейінгідей емес, Нұрағаңның жүзі жадырап тұрғанына сенер-сенбесімді білмедім.
– Нұреке, мына жігіт облыстық газеттің тілшісі еді, сізден сұхбат алғысы келеді, – деп Әбекең төтелей сөз сабақтады.
– Бұл жігітті танып қалдым. Қадалған жерінен қан алмай қоймайды екен. Алдымен ертеңгі сағат 10-да басталатын репетицияға қатыссын...
Ақыры не керек, ойға алған шаруамның оңтайлы сәті түсіп, Нұрағамен сұхбаттасып, оқырмандар назарына көркем дүние ұсындым. Атап айтар жай, Нұрекең Әбекеңді шынайы сыйлайтындығына көз жеткіздім. Өзара бір кездесуінде Нұрғиса Тілендиев Әбдімомынды құшағына алып тұрып:
– Мен сен сияқты күйші емеспін, музыкантпын, – деп қадір тұтқандығы күні бүгінге әлі есімде.
Таңертеңгілік уақытта Әбекең жақсы доспен өткен жарқын жүздесулерін еске алып, шабыттанып отырған сәтінде телефон шыр ете қалды.
– Иә, тыңдап тұрмын.
– Папа, сүйінші, немерелі болдыңыз, отбасыңыз тағы да бір батырмен толықты, – деді үлкен ұлы Талғат.
– Бәрекелді балам, байғазыңды беремін.
– Есімін қоюды сізге жүктеп отырмыз.
– Шешімдерің дұрыс екен. Ұлдың аты Нұрғиса болсын! Қазақтың игі дәстүрі осы емес пе? Аты аңызға айналған тарихи тұлғаның атын телісек, атымен бірге атағы да жұғысты болар...
Ұлыларды ұлықтауда, олардың есімдерін есте сақтауда Әбекеңнің ісі көпке үлгі бола алады. Мәселен, кенже ұлы дүниеге келгенде оның есімі Әбілахат болсын деп өзі қойған-ды. Бұл абзал да ардақты ағаның есімі елге кеңінен танымал композитор Әбілахат Еспаевқа деген зор құрмет десек, жарасымын тапқандай. Еспаевтың басқа әндерін былай қойғанда, «Ұстазым, менің ұстазым» әні арқылы бүкіл қазақ мұғалімдерінің атақ-даңқын асыратын рухани ескерткіш іспетті.
Қырық төрт жылдан аса уақыт өнерсүйер қауымының ыстық ықыласы мен сүйіспеншілік сезіміне бөленген Әбекеңнің «Ерке сылқым» күйінің даңқы алысқа тарап тұр. Осы күй жаңа шыққан кезде Шымкенттегі бауыры, інісі, қаламы жүйрік қаламгер Қарауылбек Қазиев арда тұтқан ағасына телефон шалғанда: «Ақсақал, біздің Оңтүстіктің таңы «Ерке сылқыммен» атады, кеші «Ерке сылқыммен, батады» деп қуанышын бөлісетін көрінеді. Бір орайы келгенде Әбекеңнен ініңіз сізді неге ақсақал деп атап кеткендігін сұрағаным бар. «Қарауылбек пен Әлдиханнан екі жас үлкендігім бар. Бәлкім, содан болар екеуі де мені «ақсақал» дейтұғын. Оның жай-жапсарын екеуінен ашып сұрамаппын.
Құдайға шүкір, сұлулықтың символына, жастық шақтың жалынына, мөлдір махаббаттың мәйегіне айналған «Ерке сылқым» күйінің айы оңынан туып, бағы жанды. Қолына домбыра ұстаған екі қазақтың бірі «Ерке сылқымды» тартпаса сахнаға шықпайтын болды. Балғын жастан бастап, қарттыққа қадам басқандар да «Ерке сылқымды» шертпейтін болса, көңілдері көншімейтінін, айыздары қанбайтынын анық сезінді. Қандай ауылда қандай той болса да, қай қалада қандай байқау ұйымдастырылса да «Ерке сылқым» күйі орындалмай өтпейтін болды. Бұл күнде «Ерке сылқым» күйін Желдібаевтың күйі дегеннен гөрі елдің күйі, халықтың күйі десек жарасатын сияқты.
Өмірде шаттанып, қуана білетін Әбекең тіршілік түйткілдеріне тебірене де біледі. Ауылға ат басын бұрғанда әкесінің құрдасы Ыдырыс ақсақалға арнайы сәлем бермесе көңілі көншімейтін, көңілі көтерілмейтін. Ол қай кезде де сәлем беріп бара қалса: «Өзіңдей перзенті бар Желдібайдың арманы жоқ шығар» деп сақалын сауып, өзегін өртеген өксігін баса алмайтын. Бұл көріністі көзбен көріп, жүрекпен сезінген Әбекең алғашында «Ыдырыстың шертпесі», кейін «Ыдырыс» атты күй шығарды. Жар сүйсе де бала сүймеген шерменде көңілдің ішкі жан күйзелісін күй арқылы жеткізе білді.
Ердің жасы елуге жетпей, өмірден ерте озған Қарауылбектің қазасы да оның қабырғасын қайыстырып, ет жүрегін езгіледі. Болашағынан көп үміт күттірген қаламгер бауырын таусыла жоқтаған Әбекең «Бозжігіт» күйін шығарды. Өйткені Қарауылбек аға республикалық байқауларға қатысқанда өз тегін жасырып, «Бозжігіт» деген бүркеншек атын пайдаланатын. Бұл күй жазушы ағаның өзі тірі кезінде өзіне қойған аты сақталсын деген ниетті қуаттаумен сабақтасып жатқан сыңайлы. Сонымен қатар Ә.Желдібаевтың «Сұлу төр», «Қызыл гүлім қырдағы», «Шырайлым» және тағы басқа әндері әлі күнге дейін күміс көмей әншілердің репертуарынан түсіп көрген емес. Оның рухани мұрасы бай болғандықтан, жыл сайын шығармашылық кештері өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, көрермендер алдындағы есепті кездесулері Алматы, Шымкент, Атырау, Астана, Тараз қалаларында өткізілгеннің өзі айтуға ғана жеңіл нәрсе. Бұл кездесулердің астарында қаншама тер мен ізденіс жатыр десеңізші?! Осы кездесулердің көбісінде Әбекеңнің күйлері мен әндерін Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі сүйемелдегенін сүйіспеншілікпен жеткізе білу бір ләзім. Аталмыш оркестрге белгілі дирижерлер Жанас Бекентұров пен Айтқали Жайылов жетекшілік жасады. Ұзақ жылдардан бері Әбекең академиялық оркестрмен шығармашылық одақ құрып, тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан жайы бар. Бұған ұлттық оркестрдің жиырмадан аса туындысын сүйемелдеп келе жатқанын айтсақ та жеткілікті.
Бірде Шуға Әбекеңмен бір жылда туған құрдасы, сырласы, қоғам қайраткері, ақын Арғынбек Бекбосын арнайы іздеп келді. Құтты қонағына қой сойып, өзіндік құрмет көрсеткен күйші-композитор ақ дастарқан жайғызып, 1937 жылы дүниеге келген жақсылар мен жайсаңдардың біразын жинап алды. Балғын шақтарын Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы жаншыған құрдастар түннің бір уағына дейін өзара әзілдесіп, қалжыңдасып күлкіге қарық болған-ды. Бәрімізде де қатар – құрбы бар-ау, бірақ бұл кісілердің бір-біріне деген шынайы қарым-қатынастарын қара сөзбен айтып жеткізу екіталай дүниедей көрінді.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жарық жұлдыздары Қарауылбек Қазиев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев және Әбдімомын Желдібаев бір-біріне бауыр басқан, бір-біріне қадірі асқан дарқан көңіл достар еді. Олардың әрқайсысының орны бір бөлек екенін үнемі мақтан тұтатын Әбекең ізгі жандар жайлы әсерлі әңгімелерін аузынан тастамайды. Достыққа адал, парасатты пейілінен айнымаған жанның жүрек жылуы алаулағанның үстіне алаулап келеді. Бұл да болса оның жақсы жақтарының бір парасы деуге болады.
Тәңірі тал бойына талант дарытқан елден ерек туатын өнер иелерінің де болмысы бөлек. Сайын даланың үнін күмбірлеген күйіне теліп, домбырадан төгілте тасытып, сегіз сері күн кешіп, өнерде өзінің қолтаңбасын қалдырып, өнердің өресіне шығып қана қоймай дәстүр жалғастығын жаңғыртып, ұлы өнер ұрпаққа да ұласатынын дәлелдеген өнерлі жандар өлкесі өнерге өз үлесін қосуда. Перзенттерінің ішінде ата өнерді үлгі тұтқан, бойына таланттың дәні егілген ұлы Талғаттың да, Талғатынан тараған немерелерінің де өнерге бейімдігі басым. Талғаттың жары Сәуле Желдібаева да өнер ауылынан алыс емес. Өнерлі отбасының өлкесіне табан тіреген келіннің келістігі, бұл да бір Алланың қалауымен шығар. Талғат пен Сәуле ортасының көрігін қыздырып, көрген жанды сүйсінтумен келеді. Заман ағымынан қалмай өнерді білім-біліктілікпен ұштастыру жолында еліміздің маңдайалды оқу орындарын бірі үздік тәмамдаса, бірі әлі де оқу үстінде. Талғат Желдібаев А.Жұбанов атындағы музыка мектебін, одан соң консерваторияны бітірсе, Талғаттың қызы Меруерт Желдібаева Қазақ ұлттық музыка академиясының домбыра факультетін ойдағыдай тәмамдады. Немерелері Меруерт пен Шалқар да бірнеше рет шетелдерге де барып, қазақтың ұлттық өнерін үлкен сахналарда асқақтатып жүр.
Елбасының саясатының нәтижесінде елімізде ұлттық мәдениет пен өнерге мемлекеттік қолдау жан-жақты жасалып жатқаны белгілі. Соның айғағы – екі жылда бір рет Тәуелсіздік күні қарсаңында берілетін мемлекеттік сыйлық. Міне, осы сыйлыққа «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев лайық деп білемін. Өткен ғасырдың 70-жылдарында дүниеге келсе де, күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған «Ерке сылқым» күйін білмейтін қазақ кемде-кем шығар...
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жамбыл облысы,
Шу ауданы