Қадірлі Қали мырза! Сіздің Мейрамбекке жазған ашық хатыңыз оқыған әр адамның жүрегіне жылылық ұялатты. Өйткені інілердің өресіне мән беріп, қамқор болар ағалар шықпаса «ағаларым аман болсыншы» деп тілейтін інілер қайдан шығады? Хатыңызда кесек-кесек ойлар, салиқалы сын да айтылған. Жапондардың жастарын мысалға алғаныңыз да жарасымды. Осы орайда ұлттық мүддені биік ұстап, ұлттық сананы сақтауда жапон қоғамы неге басқадан озық, ал біз неге рухани құлдырап барамыз деген сұрақ төңірегінде ойланайықшы. Кім кінәлі? Кез келген жапон отбасына қарасақ, әр үй салт-дәстүр мен ұлттық ұстанымын бұдан неше мың жыл бұрынғы ата-бабасы жасап берген қалпында сақтап отыр. Жапондардың отырып-тұруы мен өндірістегі іс-әрекеттеріне дейін ата-баба салған ізден айнымай жалғасуда. Сөйте тұра, олар бүгінгі прогрестің алдын ешкімге бермейді. Спутник ұшыруға қатысатын жапон инженері аштан өліп бара жатса да бұдан мың жыл бұрынғы ата дәстүрін, инженериядағы ұлттық ережелерді берік ұстанады. Иә, жапонның техника жүйесі де ұлттық ережелерге негізделген. Ондай елдің жастары, әрине, ұлтының қамын бірінші орынға қоятыны белгілі.
Жапонның әр әйелі дүкенге кіргенде шетелдік заттарға көз салмайды. Қандай болса да өз елінде өндірілген затты таңдайды. Сондағысы «мен төлейтін сома азғантай болса да ел экономикасына үлес қоссын» деген ұлтжандылықтан туған беріктік.
Жапонның баласы кімге үйленсе де, туған баласы таза қанды жапонға айналады, қай жерде жүрсе де ана тілінде сөйлейді. 127 миллион халқы бар бұл мемлекетте екі жапонның ағылшынша сөйлегенін көрмейсің. Ал бізде ше? Ұлттық тіліміздің қоғамдағы күйі қандай? Осы деңгейде қарасақ, сіздің інілерге айтып тұрғаныңыз «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай қиқаңдаса да мейлі, сендер жастар, артқы дөңгелектердің қозғалыс симметриясы көз қуантарлық, дұрыс болғанын қадағалаңдар» дегендей елестейді. Қали мырза, бұл мүмкін бе?
Империя бұғауынан босаған 1990- жылдан бергі жаққа қарайықшы. Ислам дінін жаппай насихаттау кезінде «VІІ ғасырда арабтар келіп, шаш пен тырнақ алуды үйретіп, қазақты мұсылман қылды» деген сөздер насихат түрінде жағалай айтылды. Сол кезеңде араб тілін үйретуге келген мамандар: сендердің мемлекеттік мейрамдарыңды біз мойындамаймыз, намаз оқымайтынның бәрі кәпір, деген сөзді айтты. Сондай дәрістерге қатысқан қыздардың бірсыпырасы өз әке-шешесінен «харам» деп безініп, мешіттерде түнеп жүрді. Талайы намаз оқитындардың дәрет-суын жылытып беріп, аяғын жуатын күй кешті. Ұлттық санасы сергек, рухани діңі берік ел жастарын азғындауға жібермес болар.
Басқа халықтарда мұндай бей-берекеттік болды ма? Осы республиканы мекендейтін аз санды халықтар бар ғой. Соның қайсысының жастары көрінгеннің тіліне еріп, ұлттық келбетінен айныды? Қайсысына қарасаң да ұлттық ұстанымын берік сақтап, ілгерілеп барады. Барлығы ұлттық намысқа тіреледі ғой. Басқаны былай қойғанда, біздегі жер-су атауларының өзін «кірме сөз» деп, том-том кітап етіп шығарды. Айналадағы басқа халықтардан өз ұлтын аласартып, бөтеннің ырқына жыққанды сіз көрдіңіз бе?
Қали мырза! Есті ел қандай атауда болса да тарихи орындарын, отырған иеліктерін қаз-қалпында сақтайды. Біз болсақ тұрақсызбыз. Осы заманда өмір сүрген жеке тұлғалардың есімін «мәңгілік етеміз» деген алашапқындық жеріміздегі тарихи атаулардың талайын көз алдыңда жоғалтқызды. Ол тұлғалар есімдерін мәңгілік етіп, еңбектері арқылы бекітіп қойды ғой. Ешқайсысы бүгінгі бізден «тарихи жер атауын алып тастап, мені қойыңдар» деп сұраған жоқ. Ана тілдегі сөздік қорды «кірме сөз» деп тергілеу де, жер-су, елді мекен атауларына өзгеріс енгізу де тарихи сауатсыздықтан, білімсіздіктен.
Кейінгі жастар ұлттық дәстүрді берік сақтау үшін алдыңғы толқын үлкендердің ісі үлгі болуға тиіс. Жапон отбасы қызмет бабымен шетелге шыққанда өз елінен бір сынық зат болса да «самурайдың белгісі» деп өзімен бірге ала жүреді де, сырттағыларға соны мақтана көрсетеді. Сол бір ескі зат кішігірім нәрсе болса да, жапон үшін қасиетті бойтұмар. Жапон үйіне кірсең татамиден бастап, көне заманғы тұрмыстық көрініс сақталған. Бізде ше? Қазақтың оюлы текеметі, көркем сырмағы, күмістелген шынықабы, қара кебежесі мен сырлы жүкаяғы қазір кімнің үйінде бар? Маған осы Қазақстаннан әдемілеп текемет, киіз басатын шеберді тауып бере аласыз ба? Табу қиын.
Жапониядағы сияқты ұлттық мұраларды әспеттеп, қасиетін қадірлеу бізде жоқ екенін мойындауымыз керек. 90-жылдары ауылдан қалаға көшіп барған қазақтардың «артта қалған болмайық» деп бүкіл қазақи заттарды лақтырып тастағанын көргенбіз. «Қалалық болуға» талпынған бір келіншектің әп-әдемі текеметті подъездің алдындағы темірге іліп тастап, баласымен тілі келмесе де орысша шүлдірлескенін көріп едік. Сол текемет жауын-шашынның астында бірнеше ай тұрып, шіріді. Текеметтің орнын палас басты. Қараса көздің жауын алатын кестелі тұскиіздің орнына қалың тұсқағаздар жапсырылды. Сөйтіп біз «артта қалған болудан» оңай құтылдық.
Рухани қылмысты тілге тиек еттіңіз. Өте орынды. Бірақ сол рухани қылмысты жасап жатқан кім? Кейінгі буынға рухани қылмысты жасамауды үйрететін алдыңғы ағалары емес пе? Парасатты, саналы азамат азғындыққа жол бермейді. Бір қазақтың бір қазақты менсінбеуі –азғындықтың бір белгісі. Жапонның ең бай бизнесмені қалай киінсе, вагон жөндейтін жұмысшысы да солай киінеді. Дамыған, рухани жетілген елде бай мен кедейдің айырмасы жоқ. Мінген автокөлігі, тұтынған затына қарап ауқатты я кедей екенін айыра алмайсың. Бизнесмен барған шетелдің демалыс орнына қарапайым жұмысшысы да барып жатыр.
Жапон қоғамында менмендік, мақтаншақтық, қызғаныш, бөспесөздік деген жоқ. Әр жапон бір ізбен жүреді. Өзінің іс-әрекетін күнде таразылайды. Бұл елде басшыға жолығып сөйлесу, онымен кездескен жерде тілдесу оңай. Біздегі қазақ бастыққа кіру қиынның қиыны. Мен сізге алдын-ала хабарласып, өтініш айтып, келісіміңізді алып, рұқсатыңызды сұрамай кабинетіңізге баратын болсам, хатшы қыз есікке жолатпасы анық. Бюрократия жойылмайынша рухани даму болмайды. Біздегі қай бастыққа қарасаң да өзін менмен ұстайды. Жай кісіден өзін артық көретіні байқалып қалады. Ал кез келген қарапайым жан оның кемшілігін көріп тұрғанын сезбейді. Жастарда «елім» деген ұлтжандылық сезімі берік болу үшін аға буын бюрократиядан арылып, кішіпейілділікті меңгеру қажет.
Жастарға «сендер мынадай болыңдар» деуден гөрі, аға буынның әр өкілі өзімізге сынмен қарап, ойлануды үйренейік. Жоғары буынды ойсыздық басса, жастарды берекесіздік билейді. Бос мақтаныш, даңғазалық меңдесе, атқарылған істе нәтиже болмайды. Жапондар қанша ғасыр бойында небір тарихи кезеңді бастан өткерсе де ұлттық өнерінің тұнығын лайламай сақтап келе жатқан санаулы ұлттың бірі екені белгілі. Жас өнерпаздарынан бастап сахнадағы саңлақтарына дейін байырғы заманғы өнеріне сызат түспеуі үшін барын салады. Ұлт руханиятының жағдайы дегенде әр қазақ ұлттық сананың тазалығына мән беруі керек емес пе? Бұл дегеніміз, әрқайсымыз өз ісіміздің түзу болуын қадағаласақ, бұл бүгінде жағалай жайлап алған жағымпаздық пен бөспеліктен жиренуден басталса...
Мағрипа ШӨЖЕҒҰЛҚЫЗЫ,
физика-математика ғылымдарының кандидаты