Аймақтар • 14 Қараша, 2017

Тараз қаласының ішкі істер басқармасы лаңкестік оқиғада қаза болған қызметкерлерді еске алды

1232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кешегі қолына найза ұстап, ел мен жерді қорғаған батырлардың жалғасы – қазіргі полиция қызметкерлері десек қате айтпаймыз. Олар тәуелсіз елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзетуде күні-түні кірпік қақпай қызмет етіп келеді. 

Тараз қаласының ішкі істер басқармасы лаңкестік оқиғада қаза болған қызметкерлерді еске алды

Қапелімде қастық қылғандарға қарсы тұрам деп жанын қиғандары қаншама?! Мұндай батыл қадамға шешуші сәтте халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын нағыз елжанды, отансүйгіш азаматтар ғана бара алатындығына көзіміз жетті. Ал қара басынан халқының қамын ойлаған бұл азаматтар қандай құрметке болса да лайық!

Жамбыл облысы ішкі істер департаменті басшылығының бастамасымен қызметтік борышын атқару барысында қаза болған қызметкерлерді кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында  «12 қараша - еске алу күні»  ретінде атап өту дәстүрге айналып отыр.

Қызмет жолында жанын қиған полицейлердің отбасылары мен ішкі істер органдарында бірнеше жыл қызмет жасап, құрметті зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің тыныс тіршіліктері Тараз қаласы ішкі істер басқармасы басшыларының да ұдайы назарында.

Соның бір дәлелі ретінде  биыл да «Милиция қызметінің құрылғанына 100 жыл» толуына орай игі іс өз жалғасын тапты. Тараз қаласы ішкі істер басқармасының басшысы полиция полковнигі Ерлан Мырзаханұлы бастаған жеке құрам 2011 жылғы 12 қарашадағы лаңкестік оқиғада қандықол терроршының қолынан қаза болған облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің жедел ден қою взводының қызметкері, полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен қарулы күдіктілерді құрықтау барысында оққа ұшқан Тараз қаласы ішкі істер басқармасы 1 полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жандос Бекдайыровтың отбасыларына барып, жағдайымен танысты. Елі үшін туған ерлерді тәрбиелеп өсірген ата-аналарына, отбасыларына алғысын білдіріп, бағалы сыйлықтарын тапсырды.

Сондай-ақ ішкі істер органының ардагері Тыныштық Ильясовтың отбасына барып, қарияның мағыналы әңгімелерін тыңдап, ішкі істер басқармасының арнайы дайындаған құттықтау қағазы мен сыйлығын тапсырды.  

Бейбіт тұрғындардың өмірін қандықол лаңкестердің қауіп-қатерінен сақтау жолында мерт болған құқық қорғау органдары қызметкерлеріне құрмет ешқашан толастамайды. Қайта жылдар өткен сайын жаңғырып, жас ұрпаққа отаншылдық рухының белгісіндей жарқырай беретіні хақ.