15 Қараша, 2017

Түрлі өмірді бастан кешу мүмкіндігі

547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оны адамға кітап қана бере алады

Түрлі өмірді бастан кешу мүмкіндігі

«Кітап – мәңгілік, өйткені ол адамға көптеген өмірді бастан кешу мүмкіндігін береді» деген екен Рунеттегі Lib.ru электронды кітапханасын құрушы Максим Мошков жуықта журналистердің біріне берген сұхбатында.

Осы сөз бізді ойландырып тастады. Рас-ау дейміз іштей. Осылай деп ойлаймыз да, өзіміздің бала кезден бастап оқыған кітаптарымызды еске түсіре бастаймыз: «Жау тылындағы бала», «Партизан қызы», «Өлгендер қайтып келмейді», «Махаббат қызық мол жылдар», «Күтумен өткен ғұмыр», «Соңғы көш», «Абай жолы», «Қызыл мен қара», «Айвенго», «Жұмбақ салт атты», «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылыш», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина»... осылай жалғасып кете береді.

Ойлап қарасақ 13-14 жастан бастап, 25 жасқа дейінгі өміріміз жүйелі түрде көркем шығармалар оқумен өткен екен. Мұнан кейін кітап оқуды қойып кетпесек те, сирете түстік. Оған қызметке араласу, отбасын асырау, алғашқы нарық қиындықтары, уақыт тапшы­лығы секілді әртүрлі проблемалардың ықпал еткені анық. Бірақ өмірге қажетті рухани азығымызды сол бір кітапты жүйелі түрде оқыған бозбала, жігіттік шағымызда алыппыз. Қазір нақты санын есептеп жатқан кім бар, сол тұста кемінде бір 100 кітап оқыған шығармыз. Демек жүздеген өмірді бастан кешкендей әсерге бөленгендігіміз анық.

Қазір ойлап қарасам, кітап оқудың, соның ішінде көркем шығармалар, әсіресе романдар оқудың қызығына көп ештеңе жетпейтін секілді. Әлемге, қала­берді елімізге әйгілі классиктердің жазған шығармалары жаныңды баурап алатындығы сондай, біраздан кейін сен кітапта жазылып жатқан оқиғалардың ішіне еніп кетесің де, солармен бірге өмір сүре бастайсың. Кітапты аяқтағаннан кейін де біраз уақыт соның әсерімен жүресің. Ол әсерден сені келесі бір қызықты кітап қана алып шыға алады. 

Қазір болса адамдар кітап оқымайтын болды деген пікірлер жиі айтылады. Рас шығар. Нарықтық қатынас орныққаннан бері көптеген адамдар үшін уақыт тап­шылығы сезіле бастады. Екінші жақтан теледидар мен интернеттің дамуы, твит­тер, фейсбук секілді және басқа да әлеу­меттік желілердің іске қосылуы қоғам бетін басқа нәрселерге де бұра бастады.

Мәселен, қазіргі заманның қалада тұратын кез келген адамын алайық. Оның өмірі неден тұрады? Жұмыс істеу, жұмысқа жету үшін кептелісте тұру, әлеуметтік желілерді оқу, үй тұрмысымен айналысу, бала тәрбиесі, спортпен шұғылдану, одан асса, көңіл көтеру. Қысқасын айтқанда, бұрынғыдай қалың кітаптарды оқуға уақыттың тым шектеулі екендігін байқауға болады. Бірақ көптеген адамдар қарын тоғайып, киім көбейгенімен өмірдің барлық қажеттіліктері осылармен ғана өтелмейтіндігін қазірдің өзінде сезіне бастады. Қалай алып қарасаң да, сіздің өміріңізге бірдеңе жетпей тұрған секілді болады да тұрады. Шамасы, ол жетпей тұрған жан азығы – кітап болар. Өйткені сіз қанша жерден теледидардың алдында отырып алып, «Изаура күң», «Қарапайым Мария», «Даллас» секілді ұзаққа созылатын сериалдарды көріңіз, бірақ олар бәрбір сіздің кітап, соның ішінде көркем шығармалар оқудан алатын жан азығыңызды толтыра алмайды.

Өйткені кино мен кітап дегеніміз екі бөлек дүние. Кітап сізге елестету мүм­кіндігін береді. Кітапта сіз өтіп жат­қан оқиғалардың картинасын елестету арқылы өзіңіз жасайсыз. Осылайша көруге қарағанда оқудың әсері әлдеқайда мол болатындығын байқайсыз. Оның үстіне, сериалдарда кейіпкерлердің жан күйзелістері, ой толғаныстары кітаптардағыдай әсерлі беріле қоймайды. Мәселен, мен өз басым бұрынғы оқыған романдарым, повестерім кейіннен киноға айналып шыққан кезде оларды көруден кітаптағыдай әсер алған емеспін. Үнемі екеуі екі басқа өмір немесе оқиға секілді сезіледі де тұрады. Сөйтіп кітаптың салмағы қашанда болсын басым екендігіне көз жеткіземін.

Демек кітап оқу ешуақытта өлмей­ді. Қоғамда ұзақ сонар оқиғаларды қызыға оқитын адамдар бәрібір болады. Адамның уақыты қанша тапшы десек те, өмірдің өзі анекдоттағыдай қысқа қашықтықтардан тұрмайды ғой. Кітаптағы, роман, повестердегі өмір қанша жерден бөтеннің өмірі болса да, сіз оқу арқылы сондағы кейіпкерлердің өміріне араласасыз. Солайша өзіңіз де сол өмірді бастан өткергендей боласыз. Ендеше, заман ауысқанымен адамзат пен халқымыздың ұлы суреткер жазушылары жасап кеткен шығармалар ешуақытта өлмейді. Бәлкім кітаптың формасы өзгерер. Ол енді электронды түрде болар. Бірақ мағынасы, жанры бұрынғысынша қала береді деген ойдамыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»