04 Қараша, 2011

Білім жүйесін ақпараттандыру оқу сапасын арттырады

560 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім жүйесін ақпараттандыру туралы жыл сайынғы Жолдауында, одан кейінгі сөйлеген сөздерінде нақты тапсырмалар беріп келе жатқаны белгілі. Мысалы, 2007 жылғы Жолдауда «Компьютерлік сауатсыздықты жоюдың және халықтың интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етудің көлемді бағдарламасы қажет» десе, 2009 жылғы Жолдауында «Біздің халқымызға білім алу керек, әлемдегі адамдар ғұмыр бойы білім алады» деген болатын. Қазір Елбасы алға қойған осын­дай міндеттер заман талабына сай жұмыс істей бастағанын күн­де­лікті тірліктен айқын аңғаруға бо­лады. Соның бір дәлеліндей, Білім және ғылым министрлігінің ұйыт­қы болуымен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Білім жүй­есін ақпараттандыру» 5-ші халықаралық форумы кеше елордада, Тәуелсіздік сарайында өз жұмысын бастады. Оған Білім және ғылым министрі Б.Жұма­ғұ­лов, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев бастаған ал­дың­ғы қатарлы отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, педагогтар, ірі ІТ-компаниялардың және АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Түркия, Румы­ния, Польша, Ресей, Беларусь, барлығы 14 мемлекеттің өкілдері, сол секілді «Майкрософт-Қазақ­стан», «Intel», «Доктор Веб», «Katev», отандық «Қазтелеком», «Логиком», тағы басқа компания мамандары қатысты. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­ма­сында электронды оқыту жүйесін енгізудің стратегиясы айқындал­ға­ны белгілі. Форумға қатысушылар осы жұмысты атқару барысы ту­ралы ой бөлісті. Алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма­ғұ­лов алып, еліміздегі білім жүйе­сін ақпараттандыру жайына жан-жақты тоқталды. Мемлекетіміздің соңғы 10 жыл ішіндегі дамуы Катар мен Қытайдан кейінгі үштікке еніп отырғанын, бұл Ұлт көшбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жемісі екеніне тоқ­талған ол бұдан әрі  негізгі екі мәселеге ерекше көңіл аударды. Оның біріншісі инструменталды-технологиялық бағыт десек, со­ның нәтижесінде 5 жылда еліміздегі барлық мектептер компьютерлендірілгенін, 2001 жылы бір компьютерді 62 оқушы пайдаланатын болса, бүгінде 16 оқушыға бір компьютерден келіп отырғанын жеткізді. Ақпараттандырудың екінші ба­ғы­ты бұл оның мазмұндық сипа­тын­да жатыр екен. Оның бас­тауында ақпараттық технологиялар саласына қажет мамандар дай­ын­дау тұр десек, мұны қазір еліміз бойынша 91 жоғары оқу орын­дары іске асырып жатқан көрінеді. Ондай болашақ кадрлардың ұзын саны 40 мың адамнан астам екен. Ал Елбасының «Болашақ» бағ­дар­ламасы бойынша әлемнің 17 елінде 520 стипендиат ақпараттық технологиядан білім жетілдіру үсті­н­де деген министр, мұнымен қоса, электронды оқу құралдарын әзір­леу жайын айта келіп, пәндердің 95 пайызы цифрлы форматқа келтірілгенін, жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық электронды оқу­лық­тар, 690 электронды тренажер мен есептер жинағын әзірле­ге­нін, 900-дей мультимедиялық оқыту бағдарламалары, 13 вир­туалды лабораториялар және 648 тестілеу бағдарламалары жасал­ға­ны­нан нақты мысалдар келтірді. Министр алда тұрған міндеттерге де жете көңіл аударды. Оның ең бастысы, цифрлы контенттің сапасы көңіл көншітпей отыр­ғанын, электронды оқулықтар мек­тепте оқытылатын пәндер маз­мұнының жартысын ғана қамти­ты­нын айтып, алда әлі талай жұ­мыстардың бар екенін жеткізді. Қазіргі уақытта білім беруді ақ­па­рат­тандыру процесі дамудың жаңа кезеңінде тұр. Осындай істі алға апару барысында мазмұндық міндеттерге басымдық беру керек. Себебі, АҚШ пен Еуроодақ ел­дерінің сарапшылары алдағы уа­қыт­та ақпараттық технологиялар стандарттары жылдам жетіледі деген болжамдар айтуда. Елде ин­дус­триялық-инновациялық да­мыту бағдарламасын іске асыруда ақпараттық технологиялар ерекше маңызға ие, дей келіп, ол білім беруді ақпараттандырудың жаңа ке­зеңі e-learning – электронды оқытуды енгізуге байланысты екенін атап өтті. E-learning – білімді дамытудың және көптеген өркен­деген елдерде экономиканы көте­ру­дің негізгі құралы болып отыр. Жалпы, электронды оқыту білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында нақты дәйектелген. Біз мұны оқу процесін иннова­ция­лық жаңарту механизмі ретінде енгіземіз. Қолданыстағы жүйе мен мұғалімнің рөлін сақтай отырып, дәстүрлі және электронды оқы­ту­ды байланыстырамыз. Бұл ұмты­лыс, ең бастысы, білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. 2015 жылға қарай электронды оқыту жүйесін пайдаланушылардың са­ны 50 пайызды құраса, 2020 жылы 90 пайыздан асатын болады, деді ол. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Интернеттің, электрон­ды поштаның, өзіндік құны тө­мен халықаралық телефондық қыз­меттің, ұшқыр телефонның және электронды конференция­ның та­ралуымен әлемде айтар­лық­тай өзара байланыс орнады» деген сөзінің дәйегіне нақты мы­салдар келтіре сөйлеген Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұ­ма­ға­лиев білім саласын ақпа­рат­тан­дыру жөніндегі халық­ара­лық форумның жұмысына жоғары баға беріп, бұл іс елдік жұмыс екенін баса айтты. Ол бұған қоса мемлекетімізде соңғы кездері интернет жүйесінің жақсы жолға қой­ылғанына нақты мысалдар кел­тіріп, бұл алдағы уақытта жал­ғаса беретінін, бүкіл Отаны­мыз­дың барлық аймағын ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету ісіндегі қол жеткен жетістіктерді де талдап, білім сапасын арттыру ісінде оқу теледидарының ерекше орын алатынын, ол да алдағы уақытта өз шешімін табатынын айтып, білім саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға ақпараттық техника мен технология бойынша жасалатын қамқорлықтарды сала-салаға бөліп жеткізді. Парламент Мәжілісінің депу­таттары С.Ферхо, Ақпараттық технологиялар жөніндегі ЮНЕСКО институты директорының орын­ба­сары А.Хорошилов, «Майкро­софт-Қазақстан» компаниясының өкілі А.Андреев, өзге де азаматтар Қазақ елінің білім саласындағы оң өз­ге­рістерге өздерінің көңілі то­ла­ты­нын, ақпараттандыруға осылайша ерекше көңіл бөлу келер күнге ұм­тылудың озық үлгісі екенін айтты. Форум соңында Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов баспасөз конференциясын өт­кізіп, білімді ақпараттандырудың бүгіні мен болашағы туралы сұ­рақ­тарға нақты жауаптар берді. Сүлеймен МӘМЕТ.
Соңғы жаңалықтар