Содан бері жолдың бұл бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Осының салдарынан қазіргі жай-күйі өте мүшкіл деуге болады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша басталған инновациялық маңызы жоғары жобаның ауқымын тек бір ғана Ақтөбе – Атырау аралығымен шектей салуға болмайды. Бұл автожол құрылысы Ресейдің оңтүстік бөлігінде орналасқан Астрахань қаласын жалғайтын магистральға барып қосылмақ. Бұдан әрі Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне шығуға да жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сонымен бірге «Нұрлы жол» арқылы белгіленген жоба агломерациялық аймақтан Маңғыстау бағытына дейінгі автожолды да жалғастыра алады.
«Ірі мемлекеттер арасындағы өзара экономикалық ынтымақтастық пен қарым-қатынастар тұрғысынан қарастырғанда, аталған ауқымды құрылыс Қазақстанның Қытаймен, Ресеймен және Батыс Еуропа елдерімен арасындағы тауар транзитінің көлемін 2-3 есе өсіруге мүмкіндік береді», деп мәлімдеді Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев. «Бұған қоса, аталған жобаның әлеуметтік-тұрмыстық байланыстар мен қарым-қатынастар мәселесіндегі орны да айрықша. Яғни жөнделген жол жолаушылар легінің өсе түсуіне де қолайлы жағдайлар туғызады», деді ол одан әрі.
«Нұрлы жол» бағдарламасының шапағаты аймақтардағы жергілікті кәсіпкерлік пен шағын және орташа бизнесті дамытуға да тиетіні белгілі болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өңірлер арқылы өтетін жолдардың дамуы мен құрылысы жергілікті азаматтарға кемпинг, автосервис және өзге де демалу мен тамақтандыру орындарын салып, табыс табуға мүмкіндік береді. Аталған автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу барысында 2000-нан астам адам жаңа жұмыс орындарына тартылады деп күтілуде. Олардың 90 пайызын жергілікті тұрғындар құрамақ. Құрылыс жұмыстарына Түркия, Әзербайжан және Италия елдерінің компаниялары қатыспақ.
Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің деректеріне сүйенсек, алғашқы кезектегі «Ақтөбе – Атырау» жол бөлігін қайта қалпына келтіруге Азия даму банкі, Ислам даму банкі секілді халықаралық қаржы институттарының қаражаттары тартылмақ. Оның жалпы сомасы 147 миллиард теңгені құрайды. Тағы бір жағымды жайт, жоғарыда аталған елдердің компаниялары өңірдегі атқарушы билікпен жасалған өзара келісімдерге сәйкес құрылыс пен қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті құрылыс индустриясының материалдары мен еңбек ресурстарын пайдаланбақ. Бұл бюджетке түсетін қосымша салымдар мен жаңа жұмыс орындары көбейеді деген сөз.
Аталған жобаның белгіленген кесте мен мерзімге сай орындалуын бақылау жүйесі да қоса ойластырылған. Құрылыс сапасын қадағалау ісі де осы қатарда тұр. Бұл міндет «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен кореялық «Донсунг» компаниясының еншісіне тиіп отыр. Күрделі құрылыс пен қалпына келтіру жұмыстары 2020 жылға дейін аяқталуға тиіс.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ