Қазақстан • 15 Қараша, 2017

«Ақтөбе – Атырау» автомобиль жолы қайта жөнделеді

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республикамыздың батыс өңірінде мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес тағы бір ірі жоба қолға алынды. Бұл бірінші кезекте сонау кеңестік дәуірде алпысыншы жылдардың аяқ кезінде салынған «Ақтөбе – Атырау» автомобиль жолын қалпына келтіруді көздейді. 

«Ақтөбе – Атырау» автомобиль жолы қайта жөнделеді

Содан бері жолдың бұл бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілмепті. Осының салдарынан қазіргі жай-күйі өте мүшкіл деуге бола­ды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша басталған инновациялық маңызы жоғары жобаның ауқымын тек бір ғана Ақтөбе – Атырау аралы­ғымен шектей салуға болмайды. Бұл автожол құрылысы Ресейдің оң­түстік бөлігінде орналасқан Ас­трахань қаласын жалғайтын магис­тральға барып қосылмақ. Бұдан әрі Орталық Азия мен Парсы шыға­нағы елдеріне шығуға да жаңа мүм­кіндіктер ашылады. Сонымен бірге «Нұрлы жол» арқылы бел­гіленген жоба агломерациялық ай­мақтан Маңғыстау бағытына дейінгі автожолды да жалғастыра алады. 

«Ірі мемлекеттер арасындағы өз­ара экономикалық ынтымақтастық пен қарым-қатынастар тұрғысынан қарастырғанда, аталған ауқымды құрылыс Қазақстанның Қытаймен, Ресеймен және Батыс Еуропа ел­де­рімен арасындағы тауар­ тран­зитінің көлемін 2-3 есе өсіруге мүмкіндік береді», деп мәлімдеді Ин­вестициялар және даму ми­нистрлігі Автомобиль жолдары ко­ми­­тетінің төрағасы Мереке Пі­шембаев. «Бұған қоса, аталған жо­баның әлеуметтік-тұрмыстық байланыстар мен қарым-қатынастар мәселесіндегі орны да айрықша. Яғни жөнделген жол жолаушылар легінің өсе түсуіне де қолайлы жағ­дайлар туғызады», деді ол одан әрі.

«Нұрлы жол» бағдарламасының шапағаты аймақтардағы жергілікті кәсіпкерлік пен шағын және орташа бизнесті дамытуға да тиетіні бел­гілі болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өңірлер арқылы өтетін жолдардың дамуы мен құрылысы жергілікті азаматтарға кемпинг, автосервис және өзге де демалу мен тамақтандыру орындарын са­лып, табыс табуға мүмкіндік бере­ді. Аталған автомобиль жолына күр­­делі жөндеу жүргізу барысын­да 2000-нан астам адам жаңа жұ­мыс орындарына тартылады деп кү­тілуде. Олардың 90 пайызын жер­гілікті тұрғындар құрамақ. Құрылыс жұмыстарына Түркия, Әзербайжан және Италия елдерінің компаниялары қатыспақ. 

Инвестициялар және даму ми­нис­трлігі Автомобиль жолдары­ ко­­ми­тетінің деректеріне сү­йен­­­­сек, алғашқы кезектегі «Ақтөбе – Аты­рау» жол бөлігін қай­та қалпына кел­тіруге Азия даму банкі, Ислам даму банкі се­кілді халықаралық қаржы инсти­тут­тарының қаражаттары тар­тыл­мақ. Оның жалпы сомасы­ 147 мил­­лиард теңгені құрайды. Тағы бір жағымды жайт, жоғарыда атал­ған елдердің компаниялары­ өңірдегі атқарушы билікпен жасал­ған өзара келісімдерге сәйкес құ­ры­лыс пен қалпына келтіру жұ­мыстарына жер­гілікті құрылыс индус­трия­сының материалдары мен ең­бек ре­сурс­тарын пайдаланбақ. Бұл бюд­жетке түсетін қосымша салымдар мен жаңа жұмыс орындары көбейеді де­ген сөз. 

Аталған жобаның белгіленген кес­те мен мерзімге сай орындал­уын бақылау жүйесі да қоса ой­лас­­тырылған. Құрылыс сапасын қадағалау ісі де осы қатарда тұр. Бұл міндет «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен кореялық «Донсунг» ком­паниясының еншісіне тиіп отыр. Күрделі құрылыс пен қалпына кел­тіру жұмыстары 2020 жылға дейін аяқ­талуға тиіс.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ