Қазақстан • 16 Қараша, 2017

ЭКСПО-ның мұрасы тиімді пайдаланылады

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «ЭКСПО-2017 мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің өкілдері қатысты.

ЭКСПО-ның мұрасы тиімді пайдаланылады

Бірінші кезекте баяндама жасаған Сыртқы істер ми­нис­трі Қ.Әбдірахманов ЭКС­ПО-2017 халықаралық көр­ме­сі аяқтал­ғаннан кейін оның орнын­дағы ғимараттарды тиімді пайдалану жұмыстары басталып кеткенін атап өтті. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу салтанатында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, халықаралық Астана хабы, жасыл технология орталығы, IT-стар­таптарға арналған әлемдік алаң шетелдік әріптестеріміздің назарына ұсынылатынын мәлім­де­ген болатын. Қазіргі таңда Қа­зақ­стандағы жауапты министрліктер мен ұйымдар ЭКСПО-2017 ша­расының мұрасын тиімді жүргізу жұмыстарына кірісіп кетті», деді Қ.Әбдірахманов. 

«Астана» халықаралық қар­­жы орталығының басшысы Қ.Ке­­лім­бетов мекеменің жұмыс барысын түсіндіріп, алдағы жос­пар­лары­мен бөлісті. Оның айтуынша, «Астана» ХҚО жұмысын үй­лес­тіру Мемлекет басшысы Н.Назарбаев анықтап берген «100 нақ­­ты қадам» Ұлт жоспары ая­сын­­­да жүзеге асырылып жатыр. Ұлт жоспарында айтылған бес ба­­­­­­ғыт­­­тың үшеуінің тікелей «Ас­тана» ХҚО жұмысына қатысы бар. 

«Астанада құрылатын қар­жы­лық орталық ағылшындардың ортақ құқықтық заңының негіз­дері мен ережелеріне бағынады. Биылғы наурызда Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астанада қаржы саласына арнал­ған арнайы алаң құрылмақ. Осы­ған сәйкес, 2018 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап «Астана» қаржы ор­та­лығының жұмысын бастап кетуге әзірміз», деді орталық бас­шысы. 

Қ.Келімбетовтің пайымдауынша, «Астана» ХҚО-ның Nas­daq және Шанхай биржасымен бірлесе жұмыс істеуі орталықтың аймақтағы бірегей қаржы ала­ңына айналуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қ.Келімбетов инвестициялық дауларды шешуге арналған мекеме құрылатынын мәлімдеді. Өз кезегінде, бұл мекеме Қазақстанға инвестиция салғысы келетіндер мен олар­дың құқығын қорғау мәселесі тол­ғандыратындар үшін пайдалы.

Сонымен қатар Қ.Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс бағдарымен бөлісті. Бірінші, капитал нарығын дамыту жоспарда бар. Бұған қоса, елде жекешелендіру жұмыстары одан әрі жалғаса береді. Келесі жылдан бастап «Самұрық-Қазына» секілді ұлттық компаниялар жекешелендіру бағдар­ламасына кіріседі. Жоспар бойынша, бұл шаралар келер жылдың екінші жарты- жыл­ды­ғында «Астана» ХҚО ая­сын­­да жүзеге аса­ды. Сондай-ақ Қ.Келімбетов активтерді бас­қа­ру, Ислам банкі жүйесі, қаржы­лық технологияларды дамыту жоспарға енетінін атап өтті. 

Энергетика министрі Қ.Бо­зымбаев ЭКСПО-2017 мұрасын жасыл технологияға айналдыру жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Энер­гетика министрлігі арасын­дағы келісімге сай Қазақстанда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. 

«ЕҚДБ таяу жылдары Қазақ­­станға 200 миллион еуро көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жөнінде Энер­гетика министрлігі мен Eni International және General Electric компаниялары арасында меморандумға қол қойылды. Аталған құжатқа сай, елімізде озық технологияларды пайдалана отырып, қуаты 50 мегаватт жел электр стансасын салуға мүмк­індік бар. ЕҚДБ тарапы мен «Samuryk Kazyna-United Green» компаниясы Қызылорда облысында қуаты 50 мегаватты күн электр стансасын салу жөнінде өзара мандаттық хат алмасты. Сондай-ақ қуаты 100 мегаваттық «Astana Expo-2017» жел паркін салу туралы «Қазақстан Даму банкі», «ЦАТЭК Green Energy» және «БРК-Лизинг» компаниялары арасында қаржыландыруға ниет білдірген келісім жасалды», деді Қ.Бозымбаев. 

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев IT-стартаптарға арналған Astana Hub халықаралық технологиялық парк құру жөніндегі үкімет жұмысын таныстырды. Министрдің айтуынша, стартаптың экожүйесін дамыту және құру жөнінде, әлемнің түкпір-түкпіріндегі стартапшыларды елімізге тарту мақсатында қазақстандық жұмыс жоспары әзірленді. 

«Технологиялық парк «Ас­­та­на» халықаралық қаржы ор­та­лығы аймағында тіркел­ген­діктен, корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығы бойын­­ша жеңілдіктерге ие болады. Технологиялық паркке ЭКСПО-2017 аумағынан 10 000 шаршы метр көлеміндегі павильон бөлінді. Қазіргі таңда онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Д.Абаев. 

Технологиялық паркте жұмыс істейтіндерге бірқатар жеңіл­діктер қарастырылған. Мә­селен, стартап-топтарға ЭКСПО-2017 аумағынан жалдамалы тұрғын үйлер ұсынылады. Шетел­діктерге арналған виза жүйесін де жеңілдету жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, 46 ел­дің өкілдері бір ай көлемінде еркін ви­залық жүйенің пайдасын көреді. 

Дөңгелек үстел соңында БҰҰ Даму бағдарламасы кеңсесінің өкілдері мен Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері өздерін мазалап жүрген сұрақтарына лайықты жауаптар алды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»