Әдебиет • 16 Қараша, 2017

Абайдың фотосын Әуезов сақтап қалған

1378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай заманында фотоға түсіру өнері елімізде енді-енді қалыптасып келе жатқан еді. Қазақ жеріндегі тұңғыш фотосалондар ХІХ ғасырдың аяғына таман Семейде ашылып, қалада «Каримов», «Кузнецов», «Белослюдов» т.б. фотосалондары жұмыс істеп тұрған екен. Олар әртүрлі тапсырмалармен қыр даласына келіп, әйгілі адамдарды, қазақтың тұрмыс-салттарын фотоға түсіріп алып, өз қажеттеріне жаратқан.

Абайдың фотосын Әуезов сақтап қалған

Тіпті кейбіреулері Ресейдің үлкен қалаларында қазақ өмірі­нен көрме ұйымдастырып, фото­альбом жасап, сатуды жалғас­тырған. Бұл фото-барлаушылар Абай ауылын айналып өтпеді. Ол тұста қыр елі мұндай фото түсірушілерді таңсық көріп, алма-кезек қонақ етіп, суретке түсуге барынша әуестенген. 

Заман өзгеріп, жаңа низам орнағанда, байдың тұқым­­дары, би-болыс болғандар, дін тара­тушы молдалар қуғанда­лып, осы тұста ел қорыққаннан қол­да бар құжат-суреттерін жыртып, өртеп, жойып жіберуге мәжбүр болды. Сөйтіп көп сурет құрдымға кет­ті. Десе де кей­­бір жүрек жұт­қан адам­­дар­дың арқасында ой­шыл, дана аталарымыз Абай мен Шә­кәрім­нің бір-екі фотосы жа­сы­­рын сақталып, біздің зама­нымызға жетті. 

Соның бірі –  1896 жылы Абай екі әйелінен туған ұл­дары­мен бірге түскен суреті. Ортада отырған Абай 51 жас­та. Елағасы ретінде кемеліне келіп, кемеңгерлікке жеткен шағы. Сонымен қатар ол  тоғыз баланың әкесі және сегіз немере сүйіп отырған ардақты ата. Абайдың оң жағында бәйбішесі Ділдәдан туған тұңғышы Ақыл­бай 35 жас­та, соның өзінде 5 баланың әкесі. Сол жағында екінші әйелі Әйгерімнен (Шүкі­ман) туған ұлы Тұрағұл 21 жаста, әлі үйленбеген. Екеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзін­дік із қалдырған тұлғалар. 

Бұл фото Семейде Н.Куз­нецов фотосалонында түсіріл­ген екен. Түпнұсқадағы көлемі –  9 х13см. Суретті жазушы Мұх­тар Әуезов  1941 жылы 6 ақ­пан­да актісі бойынша Абай мұра­жа­йына өткізіпті. Егер бұл фото Мұ­­қаң­ның қолына тимегенде бү­гінге жетпей де қалуы кәдік еді.  

Кемеңгер қаламгер музей қорының тіркеу кітапшасына: «Абай с сыновями Акылбаем и Турагулом (подлинник) снято 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Кузнецовым. В дар музею Абая от Мухтар Омар­хановича Ауезова» деп жазып, қол қойған. 

Бұл суреттің тағы бір түп­нұс­қасы Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық қорық-музейінің қорында сақтаулы тұр. Бұл фотоны 1941 жылғы 6 наурызда №40 қабылдау актісі бойынша қорық-музейге тапсырған Қа­йым Мұхамедханұлы. Қайым аға фотоны ұстазы Мұхтар Омар­ханұлынан алған көрінеді.  

Қайыржан КҮЗЕМБАЕВ,
Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері