«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында экономиканың барлық салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Ақмола облысында өңірге инвестиция тарту көлемі артып, өткен 9 айда 175 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артық. Елбасының Ақмола облысының алдына қойған ауылшаруашылық өндірісін ғылымды пайдалану арқылы дамыту, сондай-ақ ауылшаруашылық кооперативтерін жандандырып, елді мекендерді өркендету тапсырмасы бүгінгі күні облыста белсенді жүзеге асырылуда», деді Мәлік Мырзалин.
Өңір басшысы биылғы жылы аймақ диқандары 5,1 млн тонна астық жинағанын, жиналған ырыстың 88 пайызы жоғары сапалы екенін тілге тиек етті.
«Облыста мемлекеттік қолдау алған агроқұрылымдар саны артып олардың саны 40 пайызға өсіп, элиталы дақылдар себілген алқаптар көлемі 1,4 пайызға ұлғайды. Бұл тұрғыда егістік алқаптарда агрохимия, минералды тыңайтқыштарды пайдалану жұмысы өріс алды. Мал шаруашылығын дамытуда да өңірде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Биыл облыста 3300 мал басына арналған 155 мал бордақылау алаңы ашылды. 11 тауарлы-сүт фермасы құрылып, 600 бас сүт бағытындағы ірі қара сатып алынды. Сондай-ақ Астана іргесінде 5 мың басқа арналған ешкі фермасы мен терең өңдеуге бағытталған сүт фабрикасы іске қосылды», деді ол.
Мәлік Мырзалиннің сөзінше облыста азық-түлік өндірісі биыл 17 пайызға өскен. Оның ішінде күнбағыс майы 1,9 пайызға, ет 35 пайызға, шұжық өнімдері 24 пайызға, ұн 22 пайызға артқан. Сонымен қатар ол өңірде 35 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, құрылған кооперативтерге 9 мыңнан астам жеке шаруашылықтардың басы біріктірілгенін баяндады.
Аймақ басшысы ақмолалық кәсіпорындар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өндірістік процестерді одан әрі жетілдіру мақсатында 5 үздік әлемдік технологияны енгізуді көздеп отырғанын тілге тиек етіп, бұл орайда жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Индустрияландыру бағдарламасының аясында облыста алтын өндіру 4 есеге ұлғайып, республикалық көрсеткіштің 34 пайызын құрап отыр. Жүк автомобильдерін өндіруде еліміз бойынша облыс көрсеткіші – 55 пайызды, кірпіш – 30 пайызды, ұн 10 пайызды құрайды. Қазақстандық уран кені қорының 10 пайызы бізде. Облыс аумағында ТМД елдері ішіндегі жалғыз темір жол подшипнигін шығаратын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда ішкі нарықтан бөлек, өнімдердің 80 пайызы, яғни басым бөлігі Ресейге экспортталады», деп атап өтті өңір басшысы.
Оның мәліметінше, шағын және орта бизнестің саны облыста 7 пайызға артып, шығарылатын өнім 20 пайызға, бюджетке түсетін салық көлемі 22 пайызға артқан. Және де әкім «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Бағдарлама аясында 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 133 пайызды құрады. Мұнымен қатар жеке тұрғын үй салу көлемі 1,6 есеге өсті. Жеке тұрғын үй құрылысын одан әрі жандандыру үшін өңірдің 14 елді мекенінде 7 мың тұрғын үйге инженерлік коммуникациялар тартылды», деді М.Мырзалин.
Аймақ басшысының айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аударылып келеді.
«Биылғы жылы өңірде 8 жаңа мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар білім беру нысандарының құрылысына жеке инвесторлар тартылуда. Бүгінгі күні Целиноград ауданында 2 мектеп салынуда, құрылысы біткен соң бұл нысандар мемлекеттік меншікке беріледі. Мектепке дейінгі білім берумен қамтуда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамту деңгейі 98 пайызға жетті. Өңірдің сапалы және қолжетімді медицина саласы да жіті назарымызда. Биылдың өзінде облысқа 214 медицина саласының қызметкері тартылды. Олардың 91-і дәрігер», деді М.Мырзалин.
Сонымен қатар ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 4500 түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылғанын да айтып өтті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»