Сонымен қатар тәуелсіз, өркениетті мемлекеттерге тән тарихи ұлттық құндылықтарымыздың құлпыруына жол ашылады деген сөз. Латын графикасына өтудің басты тірегі – ұлт тілінің болмысын сақтау, ал білімнің негізгі іргетасы әліпбиден, ұлттық жазу үлгісінен қаланады.
Аталмыш мәселе көтеріле бастағаннан-ақ ҰҒА академиктері Ә.Қайдар, Ө.Айтбай, Р. Бердібай бастаған ғалымдар латын әліпбиіне көшуді қуана құптады. Алайда бұл үдеріс ұзаққа созылып кетпей ме екен деген үрейдің болғаны да рас. Бірақ жаңа әліпби Елбасының тікелей басшылығымен талқыланып, Жарлыққа қол қойылды деген ақпарды естігенде қуанышымыз қойнымызға сыймай тұрды. Өйткені бұл іс аз уақытта тыңғылықты орындалды. Елбасының осындай кемел ісінің нәтижесінде Қазақ елі түбі бір, діні ортақ, тілі ұқсас түркі дүниесімен бір мақсат, бір мүдде жолында жақын араласатын болады. Әліпбиді кириллицадан латын графикасына көшіру қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, туысқан түркі жұртымен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастың күшеюіне жол ашады. Түркі әлемінің қара шаңырағы болып саналатын Қазақстан енді ортақ істерді жүргізуде де кең мүмкіндіктерге ие болып отыр. Латын қарпіне көшу – жаңа құбылыс, жаңа дәуірдің басталғандығының нақты белгісі.
Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді, міне, тәуелсіздігіміздің тұсында қазақ мемлекеті өзінің төл әліпбиін қабылдап, оны бүкіл әлемге әйгіледі. Қазақ қоғамы әліпби мәселесін 1993 жылдан бері талқылап, әбден пісіріп, кемеліне жеткізді. Химия саласының маманы болсам да, тап осы мәселеге байланысты баспасөз бетінде менің де бірнеше мақалам шықты. Бұл мәселемен 1991 жылы, сонау КСРО кезінде Н.Ә. Назарбаевтың өз идеясымен ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ректоры болып қызмет атқара жүріп айналыса бастаған едім. Түркиядан, басқа да шет мемлекеттерден келген студенттер мен оқытушылар көп болды. Олар: «Біз кириллицаны білмейміз, сондықтан бізге университет көлемінде қолданыста болатын латын графикасын жасап берсеңіздер, біз тезірек қазақ тілін меңгерер едік», деген өтінішін айтты. Сөйтіп ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен, университет ғалымдары бірлесе отырып, Ахмет Байтұрсынов жасап кеткен қазақ-латын әліпбиін негізге ала отырып, университеттің ішкі қолданысына арнап қазақ-латын әліпбиі мен қазақ-түрік сөздігін жасап шығарды. Латын әліпбиімен мен сол кезден бастап шұғылданып келемін.
Жақында Президент Жарлығы шықты, бұрынғы 42 әріптен тұратын әрі тіл табиғатын бұзатын ескі әліпбидің орнына 32 әріптен тұратын жаңа, заманауи, өміршең әліпби келді. Енді білек сыбанып, оны тәжірибеге тезірек енгізуіміз қажет. Сонда ғана бұл әліпбидің басқа елдердің әліпбилерінен көш бойы ілгері әрі өте қолайлы екені көрінеді. Тілдің қадір-қасиетін арттыру үшін әр сөздің жазылу ережелері, емлелері сарапталуы керек. Кейбір дыбыстарды дұрыс қолдану мәселесі орфографиялық сөздіктерде дау тудырмайтындай орын алуы тиіс.
Жаңа қазақ әліпбиінің негізгі артықшылығы – оның заманауи әлем стандартына сәйкес компьютерге бейімделгендігінде. Сонымен қатар біз ешуақытта басқа елдерге, соның ішінде Британияның тәжірибесіне тәуелді болмауымыз керек. Олар өз әліпбиін орта ғасырларда қабылдаған. Түркия да өз әліпбиін 1928 жылы қабылдады, ол уақытта ешкім интернет пен компьютерлік техника заманы келетінін білген жоқ. Біздің Елбасымыз бекіткен әліпби ҰҒА ғалымдарының пікірінше ең заманауи болып табылады, сондықтан қабылданған қазақ әліпбиін қолдап, оны тезірек қолданысқа енгізуге байланысты келесі бір ғана, аударма жұмысында кездесетін дәйексөз келтіру үшін қажет ұсынысымыз бар:
– қысқартылған 8 әріптің барлығы нақты белгіленуі қажет, мысалы, ё – «i’o»; ц – «ts»; , ю – «i’y’», я – «i’a», щ – «s’s’», э – «е»; ь – «<» (жіңішкелік дыбыс белгісі), ъ – «>» (жуандық дыбыс белгісі). Кейінгі екі белгі математикада қолданылатын «аз, кіші» немесе «көп, үлкен» деген ұғымдарды білдіретін, стандарттық компьютерлерде бар белгілер.
Қорытындылай келе, Елбасының көрегендігімен қабылданған жаңа қазақ әліпбиі елімізді халықаралық өркениет кеңістігіне жетелейтін үлкен істердің бірі болады. Бұл әліпби әлемдік өркениеттегі қазақ тілі мен еліміздің гүлденген жаңашыл ұлт ретінде беделін одан әрі бекіте түсетініне күмәніміз жоқ.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
ҰҒА президенті, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты