Руханият • 16 Қараша, 2017

Қазақ цирк өнерінің жанашыры

996 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ цирк өнерінің қара­шаңырағы – «Қазақ мемлекеттік циркі» таяу уақытта жарты ғасырлық белеске қадам басқалы отыр. Еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, мыңжылдық Алматы шаһарының көрнекті өнер ордасының іргетасын қалап, ғажайып манеж әлемінің  пайда болуына, кәсіби цирк ұжымының қалыптасуына зор үлес қосқан, саналы ғұмырын сарп еткен өнер марқасқалары мен ел тұлғаларын келер ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Қазақ цирк өнерінің жанашыры

Осынау бекзада һәм мехнатты, си­қырлы өнер жолында асау арманын ерттеп мініп, қияға қанат қаққан, дөңгеленген манежді кәсібінің мәніне айналдырған, өмірімен тәуекел еткен саңлақтар санаулы ғана. Саф алтындай таза өнердің қиындығы сол, еркелік пен қателікті көтермейді, мүлт кеткенді кешірмейді. Сондықтан осындай киелі өнердің бұйдасы көзсіз батырлар мен жолбарыс жүректілерге, қабыландай әбжілдерге ғана бұйырады. Цирк өне­рінің құдіреті мен қасиеті, сиқыры қай­таланбас мәнерімен ерекшеленеді. Бұл өнер жас буынды жылдамдық  пен ептілікке, еңбекқорлыққа, ыждағат­тылыққа, тазалыққа баулиды.  Меніңше, цирк – өнер атаулының інжу-маржаны.

Қазақ халқының дәстүрлі мәде­ниетінің өн бойында цирк өнерінің кө­рінісі шет қалмаған, қайта даланың өмір салтымен біте қайнасқан. Көш­пен­ді халықтың аспан көгінде қалықтаған қыраны, желмен жарысқан жылқысы қазақтың  ұлттық  болмысымен жасасып, заманауи рәміздерден  орын алған. Қазақ халқының көшпелі тұр­мысындағы  жаугершілік, батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағын­дырып, ат құлағында ойнау өнері ежел­ден әйгілі болатын.Табиғатпен етене ғұмыр кешкен көшпенділерді осы өнердің алғашқы иелері десек жарасымды. Қазақтың саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастауы жатыр. Сондықтан сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бағзыдан бар, ата салтымен дарыған қасиет.

Халық ішінде құралайды көзге атқан мергендер, түйені үстіндегі жүгімен көтерген түйе балуандар, желмен жарысқан желаяқтар әлемді мойындатып, айтулы фестивальдарда атой салды. Ұлы далада атадан қалған дәстүрлі мәдениет, сайыпқыран бабаларымыздың бекзат өнері ғасырдан ғасырға жалғасып, заман талабына сай кәсіби цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болды. 

* * *

Әлқисса, Жетісу өңіріндегі Са­ры­тауқұм елінің байы, биі Қали Ор­дабайұлы Гүлжиһан Ғалиқызының әкесі еді. Қолы ашық, жомарттығы ел­де жоқ, мыңғыртып мал айдаған Қали ақ­сақал Кеңес өкіметінің қырына ілігіп, жер аударылды. Ұлы Рамазан Ордабаев Ор­­ман шаруашылығы министрі, кейін На­рынқол ауданын басқарған білікті маман еді. Ол кісі де «жаладан» құ­тылмай, байдың баласы ретінде қу­ғынға түсті. Ол кезде Гүлжиһан Ленинградтағы заң инс­титутында оқып жүрген. Әкесі мен ағасы «халық жауы» деген атқа ие болған соң, Гүлжиһан оқудан шығып қалады. Тұманды суық қалада қаршадай қыз далада қалғанмен ұстаздары көмектесіп, «Мәскеуге Қазақстан өкілдігіне бар» деп кеңес беріп, пойызға отырғызып жібереді. Мәскеуде Тұрар Рысқұловқа кездескені жайлы Гүлжиһан Ғалиқызының немере інісі Майдан Мырзахметұлы былай дейді:

«Тұрар Рысқұловқа кездесудің өзі­­ бір хикая. Гүлжиһан қабылдауға жүз жетпіс сегізінші адам болып тір­ке­­ліпті ғой, содан әйтеуір бір кезде Тұ­­рар шығып қызды шырамытса керек, кезексіз бөл­месіне алып кі­ре­ді. Қарны аш қызға шай ­беріп отырып әңгімелеседі. Сөйтіп: «Сен енді Гүл­жаһан Ордабаева емес, Гүл­жиһан Ға­лиева боласың, – деп құжатын өзгертіп береді. – Қалқам, сен мені таны­маған шығарсың, мен сенің ағаң­ның досы Тұрар Рысқұловпын ғой», – дегенде қыз бас салып еңіреп жылап, көрген қорлығын айтып мұңын шағады. – Ағам мен әкемді ұстап әкеткен соң осындай халге түстім, – деп өксігін баса алмай ұзақ жылайды. Содан Тұрар Рысқұлов оны Мәскеудегі өнер институтының жа­нынан ашылған екі жылдық студияға оқуға түсіреді». 

Гүлжиһан Ғалиеваның идеясы мен күш-жігері арқасында сол кездегі Қаз­КСР ОК-тің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың  тікелей қолдауымен жә­не Мәде­ниет министрі Ілияс Ома­­ров­тың пәрменімен Ал­маты қала­сында Қазақ мем­­лекеттік цирк ғима­ратын салу туралы шешім қабылданды. Кәсіби цирк ұжымын құру жолында Гүлжиһан Ғалиева зор еңбек сіңірді, болашақ цирк өнерпаздарын Мәскеу, Саратов қалаларына да­йын­­дыққа аттандырды, тіп­ті кейбір жастарды өз ақ­ша­сымен оқытты, тәлім бер­ді. Владимир жылқы за­уы­тынан 15 сәйгүлікті өзі мінген по­йызға тиеп әкелді.

Мәскеуден алтынға да айырбастамайтын на­ғыз цирк үшін жаралған тұл­парларды әкелу деген ерлікпен пара-пар іс еді. Одан қала берді Жамбыл облысындағы Луговой ша­руашылығынан да ауыз­дығымен алысқан асау ар­ғы­мақтарды сатып алу үшін Үкіметтен 40 мың рубль бөлгізді. Бұл сол кез үшін қыруар ақша еді.

Қазақ мемлекеттік цир­кі­­нің кәсі­би ұлттық өнер ұжымы Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжиһан  Ғалие­ваның жетекшілігімен 1970 жылы ұйым­дас­тырылды. Алматы қа­ла­сындағы эс­тра­­далық цирк студия­сының  алғашқы әр­тістері бірінші қойы­лымын Саратов қа­л­асындағы цирк мане­жінде қазақтың  ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні ретінде тарихта қалды. 

Қойылымның режиссері Г.Перкун, сценарийін жазған Ю.Благов, көр­кем­­­деп безендіру жұмыстарын жүр­гіз­­­ген суретшілер А.Фальковский мен­­­­­ Е.Кирик, музыкасын КСРО ха­лық­ әр­тісі Н.Тілендиев, Қазақ КСР­ ең­бек сіңірген қызметкерлері Л.Ха­ми­ди,­ А.Ботбаев, М.Моллер жазды. Да­йын­дық жаттығуларын педагог-режиссерлар, ұстаз-жаттықтырушылар В.Ревякин, Г.Тоқаев, А.Соколов, Ю.Кацуба, А.Гутовскийлар жүргізді. Хо­реография сабағын А.Габаева мен А.Боцановский, грим сабағын Г.Дыбов жүргізді, акробаттарды тәжірибелі спорт жаттықтырушысы Г.Корнев да­йындады. Қазақ циркінің алғашқы құ­рамының негізін қалаған әртістер Ал­маты республикалық  эстрада-цирк сту­диясы мен мемлекеттік эстрада цирк училищесінің (ГУЦЭИ, Москва қ.) түлектері болатын.

1970 жылдың тамыз айында­ қа­зақ цирк ұжымының алғашқы тұсау­кесер  қойылымы Спорт сарайында өт­ті. Со­дан бастап Қазақ мемлекеттік цир­кінің әртістері Кеңес Одағы бойын­ша гас­трольдік сапарға аттанып, көрер­мендер тарапынан әрқашанда жоғары бағаға ие болды.

Аз уақыт аралығында талайды таң­дай қақтырған цирк ұжымы 1972 жылы ерек­ше архитектурамен салынған «Си­қырлы киіз үй» ғимаратына көшті. 1980 жылы цирк  өнерінің дамуына қос­қан еңбегі үшін Қазақ циркіне «Қазақ КСР-нің  еңбек сіңірген ұжымы» атағы бе­рілді. Қазақ циркінің шығармашылық өр­леуі мен зор жетістіктеріне мәдениет жанашыры Гүлжиһан Ғалиқызының қосқан үлесі қомақты. Тіпті ондаған жылдар бойы көрерменге жаймашуақ күлкі сыйлаған «Тамаша» ойын-сауық отауының пайда болуына да Гүлжиһан апамыздың себепкер болғанын көпшілік біле бермейді. 

1969 жылы Қазақ КСР-нің ха­лық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның ұйым­дастыруымен «Гүлдер» республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі­ құрылды. 1976 жылы Гаванада өт­­­кен жастар фестивалінде топ жа­рып, лауреат атанды, әлемнің әйгілі сах­наларында қазақтың ән-би өнерінің құдіретін мойындатты. Қазақтың кү­міс таңдай әнші, мың бұралған қа­ракөз аруларының айтұмарындай бол­ған «Гүлдер» ансамблі ешкімге ұқсамайтын, өзге­лерге ұлтымыздың ән-би өнерін әйгілі еткен шоқтығы биік, бағы мен бабы келіскен жұлдызды ұжым болды. Қазақ эстрадасының алғашқы қар­лығаштары, халықтың ыстық ықы­ла­сына бөленген халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, На­ғима Есқалиева, сондай-ақ Қанат және Айт­күл Құдайбергеновтер, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Ай­жан Нұрмағамбетова, Бақыт Шадае­валар  «Гүлдер» ансамблінен түлеп ұшып, өнердің көгіне  қанат қақты. Со­нау 60-70-жылдар қазақтың ән-би, цирк өнерінің «алтын ғасыры» десек, бұ­ған бүкіл өмірі мен қажырлы еңбегін ар­наған Гүлжиһан Ғалиева сынды шебер ұйымдастырушы менеджер, жанашыр жандардың зор үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. 

Биылғы жылдың сәуір айында елі­міздегі тұңғыш Қазақ мемлекеттік цирк ұжымының іргетасын қалаған, ұл­тын шын сүйген, өнерін ұлықтаған ұлы жүрек иесі, Қазақ КСР-нің халық әртісі  Гүлжиһан Ғалиеваның туғанына 100 жыл толуына орай, «Қазақ мемлекеттік циркінде» цирк  майталмандарына арнайы музей ашылды. Қазақ өнерін да­мытуға саналы ғұмырын арнап, қа­ра нардай өрге сүйреген Гүлжиһан Ғалие­ваның есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс деп санаймын. 

Бақыт Бокебаев,
«Қазақ мемлекеттік циркінің» директоры, 
Мәдениет қайраткері