Медицина • 16 Қараша, 2017

Ит пен мысыққа чип қою – еріккеннің ермегі емес

873 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ірі қалаларда қараусыз қалған жануарларға байланысты мәселе көп. Осы мәселе бойынша Алматы қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы елімізде қанатқақты жол картасын дайындады. Қызу пікірталас тудырған «Мейірімді қала» жобасы жөнінде басқарма басшысы Айдын КЕРІМБЕКПЕН әңгімелескен едік.

Ит пен мысыққа чип қою – еріккеннің ермегі емес

– Айдын Жанұзақұлы, ит пен мысықтың санағын жүргізуді қабылдай алмай жатқандар бар...

– «Ветеринария туралы» заңға, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік жануарлардың құқығы декларациясына», «Жануарларды қорғау туралы Еуропа конвенциясына», «Жердегі жануарлар денсаулығының кодексіне» сәйкес қала әкімінің тапсырмасымен қараусыз қалған жануарлар мәселесі бойынша жол картасы дайындалды. Бұл мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және жануарлар құқығын қорғаушылар арасында қызу талқыланып, сараптамадан өтті. Алматыда құстар мен кеміргіштерді есепке алмағанда, 8 мың ит пен мысық тіркеуге алынған. Бұл көрсеткіш есепке алу мәселесі дұрыс жолға қойылмағандықтан әлі анық болмай тұр. Мысалы, қалада 140 мыңнан аса жеке аула бар. Көп қабатты үйлерде ұсталатын ит пен мысық қаншама?! Ветеринарлық іс-шаралар осы аяда жоспарланған. Жұқпалы ауруларға қарсы қолданылатын екпе және басқа да жұмыстар толық жүргізілмеген. Соңғы 4,5 жылда 91 мың қаңғыбас ит пен мысық ауланған. Соған қарамастан қаңғыбас жануарлар жылдан жылға артып келеді. Екпе салынбаған, иесіз иттен келетін қауіп көп. Адам қауіпсіздігін көздейтін карта алты бағытқа, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, санақ жүргізіп бірыңғай дерекқор жүйесіне енгізуге, қатыгездік танытпай аулауға, инфрақұрылымды дамытуға, ветеринарлық орталықтар жұмысын ұйымдастыру және жануарлар иелерінің жауапкершілігі мен мәдениетін арттыруға негізделген.

Әрине, изоляторлар халықаралық стандартқа сай келмейтіні рас. Мұның өзі кәсіпкерлерден жалға алынды. Ұсталатын жануар саны артса, сыймайды. Бірақ ас-суы мол. Изоляторға түскен жануарлар сол күні суретке түсіріліп, түр-түсі сипатталып, қай ауданнан ұсталғаны туралы дерек арнайы мекеменің сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланады. Үш күннің ішінде иесі табылған жағдайда алып кетеді немесе сұранысқа ие болған жануар жаңа қожайынын табады. Биыл қала әкімдігінің қолдауымен жер бөлінді. Қазір халықаралық стандарт бойынша жаңа үлгідегі орталық салу жобасы қарастырылуда.

– Жанарларды есепке алып, чип қоюдың қандай сыры бар?

– Негізі міндет – тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету. «Алматы-2020» бесжылдық даму бағдарламасында жеті бағыт айқындалды. Бұл бағыттар біріншіден, қала тұрғындары үшін жайлы болса, екіншіден, қауіпсіз болуы керек. Жол картасы – қаланың даму бағдарламасының бір бөлігі. Іргесі кеңейген Алматыда үй жануарларын ұстау мен серуендету қиынға соғып барады. Қалада жануар асырайтын адамның жауапкершілігі мен құқығы тиісті дәрежеде қорғалмаған. «Ветеринария туралы» заңда жергілікті атқарушы органның қаңғыған иттер мен мысықтарды ұстау және оларды жою жөніндегі құзыры туралы ғана жазылған. Алайда қалалық мәслихат шешімімен бекітілген бұл ережелер нақты талапты орындай алмай отыр. Мәселен, жануарларды пәтерде және жекеменшік аулада ұстаудың, сондай-ақ тасымалдау мен дезинфекция жасау сияқты сауалдар ашық күйі қалуда. Құзырырлы органдарға әлдекімдердің жануарларға қатыгездікпен қарағаны туралы шағым жиі түседі. Соңғы алты жылда Қылмыстық кодекстің 276-бабы (жануарларға қатыгездікпен қарау) бойынша қозғалған 800 істің тек 11-і ғана сотқа жеткен. Сондай-ақ қайдан әкелінгені белгісіз экзотикалық жануарларды үйде ұстау деректері де анықталды. Кім, қайдан, қанша қаржыға, қандай мақсатпен әкелді – белгісіз. Тіпті Салық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте де жануарларды асырау, өсіру, көбейтуге байланысты азаматтарды жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмапты. Жануарларды асырауға байланысты жеке тұлға жауапкершілігін анықтап, нақты категориясын белгілеген шаралар Белоруссия мен Украина заңдарында 2007 жылдары қабылданды. Ресейде «Қараусыз жануарлар туралы» заң жобасын әзірленуде. Яғни әлемдік қауымдастық заңда нақты көрсетілген бап болмаса, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнетінін түсінді.

Қазір кей адамның бір бөлмелі пәтерінде 20 мысық, 2-3 сотық жері бар ауласында 10-15 ит ұстайтыны туралы естігенде, елең етпейтін болдық. Қала ортасындағы аулада 50-60 қой, 2-3 сиыр немесе жылқы ұстап отырғандарды қосыңыз. Тар жерде көп жануар ұстаған дұрыс па? Оның да шекті мөлшері болғаны жөн. Тұрғындардан түсетін арыз-шағым шаш-етектен болғанымен, заңда екі жақтың да құқығы мен міндеті айқындалмағандықтан, шара қолдануға қауқарсызбыз. Сол себепті қала аумағында инфекциялық ауруларды таратпас үшін және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарта түсу мақсатында ережеге өзгеріс енгізіп, қаңғыбас жануарлардың санын ізгілікті реттеуге бағытталған бағдарлама түзу қажет. Иесіз иттердің санын тізімдемесе, қаланың эпидемиологиялық ахуалына қауіп төндіретін аурудың таралуы, қауып алады деген қорқыныш, аулау, тасымалдау, жеткізу, түсіру кезінде қатыгездік көрсету, ит пен мысықты қорлап, қайшы әрекеттерге бару, тұрғындар тарапынан әлеуметтік қарсылықтың шектен тыс көбеюі секілді мәселелер күннен күнге тереңдеп барады. Әлбетте, қаңғыбас жануардың қаптауына жауапсыз қожайындар кінәлі. Олар жазда саяжайға барғанда ит пен мысық асырай бастайды да, күн суытып, қаладағы үйіне қайтуға тура келгенде немесе сенімінен шықпаса, қараусыз қалдырып кете береді. Екінші себебі, Алматы облысының Алматы қаласына іргелес орналасқан аудандардан келген иттердің миграциясы. Баспанасыз иттердің көбейіп кеткені соншалық, қаладағы хайуандардың біртұтас реестрі болмағандықтан, олардың қожайынын нақты анықтау мүмкін болмай отыр. Осы уақытқа дейін жаңа қожайын табу және қайтарып беру жүйесі де белгіленбеді. Адам қауып алған иттің иесі белгісіз болып шығады. Муниципалды немесе мемлекеттің қатысуымен құрылған орталық та жоқ. Көше кезген иттерден құтылудың жалғыз жолы – қуып жүріп ұстап, жүйке тамырын жансыздандырып, өлтіру ғана. Бұл тұрғыда дамыған шетелдің тәжірибесін пайдалану қажет. Жануарларды тізімдеп, тіркеуге тұрғызып, екпе салсақ, қараусыз қалып, қаңғыбас атанса немесе әлдекімнің өміріне қауіп төндіріп жатса, иелері айыппұл төлеп, жауапқа тартылса, қатыгездік те қысқарар ма еді. Жануарлар санын тізімдеп реттеу үшін істің салдарымен емес, себебіне негізделген шаралар жиынтығы ретінде мейірім мен ізгілік қағидаларына сүйенуді көздейді. Сондықтан сәйкестендіру құралы ретінде чиптендіру ісі сөзсіз қажет. Айлалы әрекет жануарларға тасығыштар туралы ақпараты бар құрылымды тері астына егу арқылы жүзеге асырылады. Аулау кезінде қолға түскен чипсіз ит пен мысық кезбе деп танылып, тиісті шара қолданылады. Барлық ветеринарлық емханаға чипті сәйкестендіретін сканер алу ұсынылады. 2020 жылға дейін 113 000 микрочип қою көзделген.

Ең алдымен, үй мен көшедегі ит пен мысықтың нақты есебі белгілі болады. Хайуандар категория бойынша жіктеліп, құқықтық-нормативтік акт белгіленеді. Қаңғырған хайуандар саны он есеге азаяды. Төртаяқтыларды асырап отырғандардың жауапкершілігі артады. Иті мен мысығы жоғалған жағдайда, тауып алудың мүмкіндігі артады.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»