Аймақтар • 17 Қараша, 2017

Торғай даласынан зілдің тісі табылды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанкелдин ауданындағы Аққора қыстағынан зілдің тісі табылды.

Торғай даласынан зілдің тісі табылды

Жергілікті тұрғын Мұрат Салмұратов мұны ауыл іргесіндегі қыраттан тауып алғанын айтады. Ол әуелі мұның ежелгі заманғы жануардың тісі екенін білмеген. Дегенмен, тас емес, сүйек екенін ажыратқан соң, ғаламтордағы зілдің сүйектерімен салыстырғанда тіс суреттерімен дәлме-дәл келген. Ол тапқан олжасын жақында ғана Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне әкеліп тапсырды. 

– Торғай кентінен 40 шақырым жерден табылған сүйектің зілдің тісі екені рас. Оның ұзындығы 16 сантиметр. Негізі зілдің 6 тісі болады. Оның екеуі сыртқа шы­ғып тұратын азу сүйек тістері, би­вень деп аталады ғой. Қалған төртеуі жақ сүйектеріне екеуден орна­ласқан, онымен азығын шайнап жеген. Мына табылған тіс сол тамақ шайнайтын азу тісінің бірі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, палеонтолог Андрей Андрющенко. 

Андрейдің айтуынша, зілдің тісі өзеннің жағасынан табылған, оны су шайып шығарып тастаған. Көктемде Торғай өзендері тасы­ған­да қатты екпінмен жағаны ұрып, құлатып ағады. Сондай кез­де тереңде жатқан ежелгі заман жануарларының сүйектері топы­рақтың сыртына шығып қалады. Зілдің тісі табылған жерде басқа да сүйектер жатқан көрінеді. 

– Музейде неше зіл бар? – дейміз палеонтолог Андрей Андрющенкоға.

– Зілдің толық сүйегі бір жерден табылған емес. Бірақ музейде зіл­дің он­даған азу тісі, қабыр­ғалары, жіліктері, омырт­қалары жетеді. Бір емес, он­шақты зілдің сүйегі бар деуге болады, олардың сақталуы да әртүрлі. Айтпақшы, Торғайда өткен ғасырдың 70-ші жылдары ежелгі заман жануарларының сүйегі өте көп кездесетін. Ұлы Жыланшық бойынан жас кезімізде біз толып жатқан сүйек тауып, соның шамамыз жеткенінше бас сүйегін, сосын шамалы басқа сүйектерін ғана алып келген едік. Ал кейінгі жылдары ежелгі сүйектер саудасымен айналысатын «палеонтологтар» көбейді, Жыланшық бойындағы сүйектерді солар қоймай алып кетіп отырған, – дейді Андрей. 

Қостанай-Торғай өңірінен есте жоқ ежелгі заманды елестететін зілдің сүйегі жиі табылады. Күзде Құсмұрындағы көмір карьерінен зілдің азу сүйек тісінің табылғанын оқырманға жеткізгенбіз. Жазда Таран ауданынан зілдің замандасы болатын белгісіз жануардың тасқа айналған сүйегі табылған, оны музей палеонтологтары әлі зерделеу үстінде. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ