Қазақстан • 17 Қараша, 2017

Ескерткіш түбіндегі әйел. Бақытжан Құрманбайқызы кім?

999 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кешегі білімді болуға ұмтыл­ған кеңестік дәуір­де өмірден құйрықты жұл­дыздай өте шыққан, бар болғаны 15 жасын­да халық жастарын ізіне ілестірген Ғани Мұрат­баевты білмейтіндер некен-саяқ еді. Биыл Ғани Мұратбаевтың 115 жыл­дығын туған топырағы Қызыл­орда облысы Қаза­лы өңірі атап өткені аян. Белсенді жастар арасында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық марапат тағайындалды. 

Ескерткіш түбіндегі әйел. Бақытжан Құрманбайқызы кім?

Әр заманның өз жұлдыздары бар. Ғани Мұратбаевтың Орта­­лық Азия мен Қазақстан жас­тар қоз­ғалысын ұйым­дас­тыру­шы­лар­дың бірі және БЛКЖО мен Ком­мунистік Жастар Интер­нацио­н­а­лының қайраткері бол­ғанын ұмыт­тырмас есте­ліктер, көше ат­тары бар. Егер сарғайған тарих парақ­тарына көз салсақ, он бес жасар боз­бала­ның аласапыран кезеңде мәр­те­белі де өкілетті ұйымның мү­ше­лігіне қабылдануы да тегін емес. 

Ендеше сол жарқырап өткен жалынды қыршын қазақты іздей­тіндер бар ма? Біздің «Бір сурет­тің сыры» айдарының аясында, ар жақта бұлыңғыр тартқан Ғани Мұ­рат­баевтың ескерткішінің түбін­де гүл ұстап тұрған әжей кім?

Қысқасы, 1924 жылы қазан айында Ғани Мұратбаев Қазалы­ның қызы Бақытжан Құрманбайқызы үйленеді. Бақытжан әжейдің естелігіне сүйенсек, былай дейді: «Мен елден ерекше көрікті болға­ным жоқ. Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Бар-жоғы 16 жаста едім. Шамасы, жастар жиналған жерде өткір пікір айтып, көзге түссем керек. Мәжі­лістен соң Ғанидың өзі келді. Әңгімеміз бірден жарасты. Көп ұзамай бірлесіп отау құрсақ де­ген ниетін аңғартты. Содан кейін, Ғани екеуміз Мәскеуге келіп, комсомол қызметкерлеріне арналған үйдің аядай бір бөлме­сіне қоныстандық. Маған бәрі таң­сық Ғани жұмыстан қолы қалт еткенде Мәскеу көшелерін аралататын.

Ғани ажарлы, онымен әңгіме­лескенде бетіне қарай бергің келетін еді. Жәй сөйлейтін. Біз­дің қуанышымыз, бақытты күндеріміз ұзаққа созылмады ғой. Ғани 1925 жылы 15 сәуір­де 23 жасында «Биік тау» сана­торийінде ұзақ науқастанып, сол науқастан көз жұмды. Мәс­кеудегі Ваганьков зиратына жер­лен­ді. Ғаниды ақтық сапарға аттан­дыруға арналған қаралы митин­гі жасалынды, оған 15 мың адам жиналды...».

Ал сирек суретті түсірген қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев ол кісіні екі рет көріп, фотоға түсіргенін айтады. Ғани Мұратбаевтың мерейтойына орай, Қазалы қаласында ашылған мұражайдың тілек кітабына Бақытжан апай естелік жазып жатқанда түсіріп алдым дейді. 

– Бұл суретті 1985 жылдары түсірдім. Қызылорда қаласының орталық стадионы алдында Ғани Мұратбаевтың ескерткіші тұратын. Бір күні сол жерден өтіп бара жатсам, үлкен кісі еңкейіп ескерткішке гүл қойып жатыр екен. Тоқтап қарасам, Бақытжан апай. Жалғыз өзі жүр. Сол жерде осы суретті түсірдім. Апай жылаған-ау шамасы, бетін ормалымен сүртіп тұрды. Көңілсіз өңін көріп, ешқандай артық-ауыс сұрақ қоя алмадым, – дейді Болат Омарәлиев. 

Қаншама жылдар өтіп, замана өзгерсе де Ғанидай арысын іздеп жүрген Бақытжан апай жайлы деректер іздестіргенімізде, тыл және еңбек ардагері Шырын­күл Ахметованың Ғани Мұрат­баевтың жұбайымен араласқаны жайлы қысқа әңгімесін таптық. 

«Бақытжан апаны кездестіріп, дос, туыс болу тарихы марқұм жолдасым Аюп Алдоңғаровтың арқасы. Жолдасым қызмет бабымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етті. 1944 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданына жұмыс бабымен келдік. Міне, сол уақытта Аюп осы Ғанидың жұбайы болған Бақытжан апа мен кейінгі күйеуі Жұмағалимен танысып, дос болып, туыс етіп алды.

Жұмағали аға екеуінен Роза және Болат есімді балалары болды. Білуім­ше, Бақытжан апа 1992 жылы дүние салған. Ол кісімен 1949 жылдан бері кездескен емеспін... Бақытжан апаның айтуынша, Ғани Мәскеуден елге оралған кез болса керек. Жанында – сенімді «нөкері» Жұмағали Елеусізов болады. Он бес шақты жастың басын біріктіріп, оларды оқуға шақырады. Солардың ішіндегі Бақытжанды жар етіп таңдайды. Сөйтіп қолаң шашты, бота көзді ару Бақытжан апа мен Ғани бас қосады», делінген осыдан бес жыл бұрынғы «Халық» газетіндегі сұхбатта.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген
Болат ОМАРӘЛИЕВ