Қазақстан • 17 Қараша, 2017

Дархан Қыдырәлі Forbes Kazakhstan басылымына сұхбат берді

761 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Егемен Қазақстан" РГ" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Forbes Kazakhstan басылымына БАҚ туралы заңдағы өзгерістер, дәстүрлі басылымдардағы жарнама ісі, газет болашағы, латын әліпбиі туралы сұхбат берді. 

Дархан Қыдырәлі Forbes Kazakhstan басылымына сұхбат берді

Басылым тілшісінің "БАҚ туралы жаңа заңның баптарына қалай қарайсыз?" деген сұрағына Дархан Қуандықұлы бірнеше бапқа ерекше тоқталып өтті. "Жаңа заңда мемлекеттік органдар журналистердің ресми сауалдарына 15 күннің ішінде жауап береді делінген. Әрине, газет басшысы ретінде мен мемлекеттік органдардың журналистер сауалына жылдам әрі сапалы жауап қайтарғанына мүдделімін. Дегенмен, 15 күннің ішінде сараптамалық, статистикалық және басқа да ақпараттарды толық дайындауға жақсы мүмкіндік туады", деді. Өз сөзінде "Егемен Қазақстан" басшысы бұрын баспасөз қызметінде жұмыс істеген тәжірибесіне тоқталып өтті. "Газетке дейін мен баспасөз қызметінде жұмыс істегенмін. Сол кезде осындай мәселелермен жиі бетпе-бет келдім. Қазір құқықтық сауаттылық артты. Яғни, жеке адамдардан келетін өтініштер көбейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының саны да артып жатыр. Заң бойынша "Егемен" мен кеше ғана ашылған сайттан түскен сауалдың статусы бірдей. Осының барлығын ескеріп, мемлекеттік органдағы баспасөз қызметкерлерінің әрқайсысының алдында күнделікті қанша хат келетінін елестетіп көріңіздер", деді Дархан Қыдырәлі. 

Сонымен қатар ол жаңа заңдағы баптардың бірі - жеке адамға қатысы бар ақпаратты тарату үшін оның рұқсатын алу туралы бапқа қатысты пікір білдірді.

"Ақпарат тарату - тек қоғам назарын аудару емес, журналистің үлкен жауапкершілігі екенін естен шығармау керекпіз. Сондықтан журналистік этика мәселелерінің көтерілуі орынды. Фейк жаңалықтар көбейіп кеткендіктен, шынайы әрі тексерілген ақпарат тарату талабына қажеттілік артты. Яғни, ақпарат адамның конституциялық құқығын шектемеу керек және адам өміріне кері әсер етпегені жөн. Кейбіреулер бұл бапты сөз бостандығын шектеу деп қабылдапты. Мұны жеке өмірін көпшілік назарына ұсынғысы келмейтін адам құқығын қорғау деп түсіну керек", деді Дархан Қыдырәлі. 

Сұхбат барысында Forbes тілшісі Дархан Қыдырәліден "Егеменнің" орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат тарата бастаған сайты оқырманды газеттен алыстатпай ма?" деген сұрақ қойды. "Телеарна пайда болғанда газеттің шығуы тоқтайды деген пікір болды. Электронды кітап шыққанда, енді қағаз кітаптар мен газет-журналдар жоғалады деген ой айтылды. Бірақ, соған қарамастан, кітап пен газет-журналдарға деген сұраныс төмендеген емес", деді "Егемен" басшысы. Сонымен қатар ол сұхбат соңында латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді. "Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының шешімі тарихи таңдау деп айтсақ та болады. Президенттің Жарлығы шықты, енді бұл бағытта негізгі жұмыс басталады. Атқарылатын жұмыс көп, оның ішінде орфоэпиялық және орфографиялық ережелер де жасалады", дей келе Дархан Қыдырәлі жаңа әліпбидің оқырман ыңғайына лайықталып жасалу керектігін айтты.