Бұл орайда Елбасының бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы әлеуметтік көмекті атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландырудың орны ерекше. «Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады», делінген еді. Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңі 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталғаны мәлім.
Нақты істерге өңірлердегі тұрғындар да куә болып отыр. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті. 2015 жылы қанатқақты жоба Оңтүстік Қазақстан облысының 4, ал 2016 жылы барлық аудан, қалаларына енгізіліп, 11,1 мың адамға 468,0 млн теңгеге шартты ақшалай көмек төленген. 2083 еңбекке жарамды жан жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 2016 жылы «Өрлеу» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша республикалық рейтинг жүйесінде облыс 3-орын алса, 2017 жылғы 6 айдың қорытындысында 1-орын алды. Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің айтуынша, 2017 жылдың 1 қарашасына 20703 отбасындағы 118879 адамға 7,2 млрд теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалыпты. 24,6 мың еңбекке жарамды азаматтың 23,3 мыңы немесе 95%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, 84,7% -ы тұрақты жұмыспен қамтылған. «Халыққа «Өрлеу» жобасының ерекшеліктерін көрсету, әлеуметтік көмек алушылардың санын тиімді түрде төмендету үшін, облыста шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемдеріне басымдық берілуде. Шартты ақшалай көмектің біржолғы сомасы жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға пайдаланылуда. Ағымдағы жылдың 10 айында «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 1160 адам өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді», дейді М.Отаршиев. Ал жобаны іске асыру нәтижесінде, шартты ақшалай көмек алушылардың табыстары облыста 4,3 есеге артып, орта есеппен айына 1 адамға 24,3 мың теңгені құраған. Әлеуметтік көмек алушылардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 23%, оның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың үлесі 1,3%, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алушылардың саны 7 % төмендеген.
Келесі жылы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайтыны мәлім. Бұл орайда облыста жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 296,5 мың адамды, оның ішінде 25% шартсыз ақшалай көмек және 75% шартты ақшалай көмек көрсетілетіні жоспарланып отыр. Еңбекке жарамды 44 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ әлеуметтік көмектің жаңа форматына ауыртпалықсыз өту үшін тиісті шаралар атқарылуда. Яғни семинарлар өткізіліп, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»