Ұлылардан осындай ұлағат қалған. Бұл орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің туған ұлт тарихының өзекті мәселелерін екшеп, зерттеуде, Қазақстанның рухани және зияткерлік әлеуетін өркендетуге қосқан үлесі қомақты екендігі айдай ақиқат. Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарихшы және ағылшын тілінің мамандықтары бойынша үздік бітірген білікті маманның бірнеше шетел тілін жетік меңгеруі ғылым әлемінде үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.
Нақты әрі шынайы деректерді талап ететін тарих ғылымында «Көне Қазақстанды көргендер» атты алғашқы туындысынан бастап өзінің айшықты дара жолын қалыптастыруға күш салды. Әрине, мұның өзі айтуға ғана оңай, «инемен құдық қазғандай» киелі ғылым жолындағы талай асу оңайлықпен алына қоймайды. Шетелдік мұрағаттар мен кітапханаларда көп зерделеуді қажет ететін Қазақстан тарихының көпшілікке беймәлім, бейтаныс жайттары күрделі тақырыптарға өзек болды. Шебер публицист, профессор Көшім Есмағамбетов қазақ халқының ұлы перзенті – Абай Құнанбаевты Батыс әлеміне бірінші болып таныстырған Америка журналисі Джон Кеннан болғанын алға тартады. Оның XIX ғасырдың 80-жылдарында Семейде болған кезінде саяси жер аударылған А.Леонтьевтен Абайдың қалалық кітапханада Батыс классиктерінің еңбектерімен танысып жүргендігі туралы естігені оқырмандар есінде болса керек. Осы хабарды толықтыра түсуге қажетті материалдар табылар ма екен деген ниетпен Джон Кеннанның Нью-Йорк кітапханасына саяхат кезіндегі жазбалары, фотокөріністері сақталған қоры бар екендігін айтып, қазақ тілінде («Азия»), ағылшын тілінде («Қазақстан») мақалалар жарияланғаны жөнінде тілге тиек етеді. Мұндай құнды деректердің маңыздылығы жоғары екендігіне талас жоқ.
Қандай салада болсын, әсіресе, тарихи зерттеу деректерінің нақтылық пен шынайылыққа және ақиқатқа негізделуі оның құнын да, мәнін де арттырмақ. Бұл орайда азаматтық позициясы мықты тұлғаның қандай да болсын күрделі тақырыпты қозғаса да әрдайым өзінің кәсіби шеберлік биігінен көрінуі, әсіресе, тіл байлығының құнарлығы айқын аңғарылуы сүйсінтеді. Мәселен, көлемі шағын болса да салмағы атан түйедей зерттеу екендігін дәлелдеудің қажеті жоқ сияқты.
Мәселен, жоғарыда аты аталған еңбекте және басқа да кітаптарда көпшілік қызығушылығын тудыратын деректер еріксіз назар аудартады: Үңіліп көрейік – 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Арал теңізі маңындағы ордасында болғаны жөніндегі ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің күнделігі туралы тарихи дерек құнды жәдігер ретінде маңызды. Оның басты себебі Джон Кэстльдің арқасында Әбілқайыр ханның, Бопай ханымның, Ералы сұлтанның суреттерінің сақталып қалуында. Тарихи деректе баяндалғандай, ескі готикалық шрифтімен 1784 жылы жарияланған бұл құжаттың қазақ тіліндегі аудармасы (Э. Төреханов), профессор Көшім Есмағамбетовтің ғылыми түсініктемелері және алғысөзімен 1996 жылы «Арыс» қорынан, ал екінші басылымы Астанада жарық көрді. Зерттеушінің мұндай маңызды оқиғаға оған жауапкершілікпен қарап, күш-қуатын сарқа жұмсауы оның тұлғалық азаматтық келбетін ашып, айқындай түседі.
Табиғат берген дархан дарынымен, дара қолтаңбасымен ерекшелену екінің бірінде кездесе бермейтін сирек құбылыс. Әдетте, қуатты қаламнан ғана танымдық, тәрбиелік маңызы жоғары, бағалы дүниелер туады. Мәселен, кезекті зерттеулердің бірінде «Ұлыбританияда – В.Конолли, Х. Сетон-Уотсон, А.Шихи, Дж. Уиллер, Францияда – А. Беннигсен, Каррер Д.Анкоc, З. Лемарсье-Келькеже, Америка Құрама Штаттарында – Е.Бекон, Л.Крадер, М.Рывкин, Р.Олуорт, Германияда – Е.Саркисянс, Б.Шпуллер т.б. бастаған профессорлардың Қазақстан туралы еңбектерінсіз біздің тарихи танымымыздың толық болуы мүмкін емес» деп атап көрсетіп, жанашырлық танытуы – игілікті істегі кіршіксіз ғылыми тазалықты аңғартқандай. Осылайша Қазақстан тарихын шетел тарихнамасы арқылы сараптаудың негізін салды.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмековтің тұжырымын келтірсек артық болмас:
«Парасат пайымы, табиғи дарыны мол азамат дүниежүзілік өркениет жетістіктерін ұлт мүддесіне пайдаланып, халық игілігіне айналдыру бағытында сүбелі үлес қосты. Атап айтарлығы, профессор Көшім Есмағамбетовтің бір емес, бірнеше шетел тілдерін жетік меңгеруі ғалымның әлемдік тарих ғылымындағы соны ғылыми бағыттар мен мектептердегі заманауи ой-пікірлерді қадағалап отыруына мүмкіндік берді. Қазақстан тарихын әлемдік тарихнаманың құрамды бөлігі екендігі туралы түсінікті орнықтырғандардың бірі ретінде «Действительность и фальсификация», «Что писали о нас на Западе», «Қазақтар шетел әдебиетінде» және басқа да еңбектерін атап айтқан жөн.
...Ғылыми шындық үшін күресте ол жалтақтамай, нақты да дәлелді сөйлей отырып, турасын айтады. Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен түркітектес елдердің азаттығы үшін ғұмырын сарп еткен саяси қайраткер М.Шоқайды танып, танытуда ұлан-асыр қызмет атқарған тағылымды ғалым Көшім Лекерұлы «Мұстафа Шоқай шығармалары толық жинағының» он екі томдығын құрастырып, орасан зор еңбекті аяқтады. Алаш арысының еңбектері орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк, шағатай, түрік, грузин, т.б. тілдерде жазылған немесе жарық көрген. Оның еңбектері Франция, Германия, Англия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, АҚШ, Швейцария т.б. елдердің мұрағаттары мен кітапханаларында шашыранды күйде ұшырасады. Ұлтқа қажет осы асыл қазынамызды инемен құдық қазғандай аршып алып, Отанымызға оралуға жол салды.
Қазіргі уақытта ғылым әлеміндегі өте сүбелі, бұл іргелі еңбектің жарық көрген томдарының тұсаукесеріне арналған Халықаралық ғылыми конференцияда (2013 ж. 12 желтоқсан) отандық ғалымдар Ә.Дербісәлі, М.Әбусейтова, Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев. М.Қойгелдиев, Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі А.Арыстанбекова, Орта Азияны зерттеу институтының директоры, профессор Оливия Феральда, профессор Винсент Фурньд, Францияның Алматыдағы бас консулы Патрик Ренар, түрік ғалымы Вежихи Сефа Хуат Хекимоғлы және т.б. қатысып, аталмыш туындыны бүкіл түркі әлеміндегі маңызды оқиға деп бағалады», дейді ҰҒА академигі Болат Көмеков өз ойын ашып айтып. Ал академик Ә.Нысанбаевтың пікірінше, «біздің тарихымызда ұялатын емес, ұлықтайтын ұлылардың көп екендігіне сара жол сала білген ғалым таза тарихи дәйек пен дерекке сүйене отырып тұлға танудың тұғырын биіктетті».
Қашанда «талантты талант қана мойындайтындығы» шындық. Көкірек көзінің ояу, жүректе сәуле болуы қандай ғанибет, бас иесің... Ғылым әлемінде өзіндік орнықты орны, жарқыраған жолы бар жетекші ғалымдардың айтқанындай, профессор Көшім Лекерұлы ұлықтайтын ұлылардың тұғырын биіктетуімен бірге өзі де сол биікке ұмтылып жанкештілік танытты. Докторлық диссертацияларды қорғау кеңесінің мүшесі, төрағасы және өзге де жұмыстарда азаматтық ұстаным танытып, ғылым докторы мен ғылым кандидаттарын, талапты шәкірттер даярлады. Ғылым әлеміне құлай беріліп, оны саналы ғұмырының күре тамырына айналдырған асыл ағаны П.Лумумба атындағы Мәскеу Халықтар достығы университетінің үздік түлегі ретінде кезінде атағы дүниені сілкіндірген ЦК-ның алыс Африкаға (Сомали) дипломатиялық жұмысқа жолдамасынан неге бас тартқанын қазір түсінгендеймін.
ЦК-ның мүйізі қарағайдай секретарының жас жігітке «Болашағыңа балта шауып отырсың, бұл «бақытты лотерея» жүздің біріне ғана бұйырады. Сол Қазақстаныңнан не табасың?!» деп ашу шақырғанын Көшім ағамның өзі де соңынан, талай рет күліп есіне алып әңгімелейтін-ді.
Абыройлы азаматтың ғұмырының ұлы мақсаты – ғылым жолында ізденіс аясының кеңдігімен ерекшеленгендігін аңғару қиын емес. Мәселен, оның Джордж Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы» және т.б. бірқатар шетел ғалымдарының еңбектерін ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» және өзге де басылымдарда жарияланып, үздік деп бағаланған мақалалары бір төбе.
Көшім ағамның ғұмырлық қосағы Сатыбай Қабдолқызы Алматы қаласындағы клиникалық ауруханада ұзақ жылдар аға медбике болып, жемісті еңбек етті. Ынтымақты үлкен отбасында тәлімді тәрбие, терең білім алған екі ұлды (Абай, Асқар) ұяға, үш қызды (Алмат, Жаннат, Гүлмира) қияға қондырған Есмағамбетовтер әулетінің құтты шаңырағын бүгінде немерелер мен шөберелер балдай тәтті күлкісімен толтыруда. «Ақиреттік жарым, шаңырақтың тіреніші – Көшекең балаларының асқар таудай әкесі ғана емес, менің үлкен ақылшым, өрісім. Өзінің телегей теңіздей білімімен, кемелдігімен өзімнің алғашқы да, соңғы да «үлкен университетім» болды. Бұл имандай шыным», дейді зайыбы.
Менің жазу үстелімде қазір алыс Жапонияда, Мәскеу университетінде бірге оқыған жақын досы, жапон азаматы Террадо Тоционың сарғайған хаты жатыр: «Асахи Симбун» газетінің халықаралық шолушысы және өзге де ірі салаларда жұмыс атқарған азамат өз сағынышын... «Қымбатты Костян, (біздіңше «Көшеке» дегендей), Алматыдағы сенің қонақжайлылығың, ыстық ықыласың, кіршіксіз аппақ дос көңілің мені қатты толқытты. Сонау УДН-дағы бақытты, шаттығы мол күндерге оралтқандай. Өткен қимас сол бір күндер ешқашан ұмытылмайды» деп білдіріпті.
Батыстағы Қаңбақты ауылында (Атырау облысы, Кулагино (қазіргі Индер) ауданында Есмағамбет Лекерұлы мен Мүгілсім Мұратқызының шаңырағында тұла бойы тұңғыштары – Ермағамбеттен кейін Көшім ағам (1938 ж.) дүниеге келді. Ағаның төлқұжатына Лекер атасының тегіне жазылу себебін мамамнан сұрағанымда «атасына деген ілтипат, құрметтен туындаған» деген-ді. Түсінгенім «ұл бала (мұрагер) туған әкесін ғана емес, ата-бабасын да тасада қалдырмауы тиіс». Бұл – әке сөзі.
Кемел бітімді, тұлғалы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Лекерұлының ерен ерліктің символы – Махамбеттің 200 жылдығына арнаған «Азат рухтың күрескері» атты жинағында «Махамбеттің қарадан тусын, ханнан тусын, ел мүддесіне қызмет еткен, оның азаттығы үшін жанын пида еткен адам артық, оның құндылықтары мен өмірлік мұраттары осымен ғана өлшенеді» деп атап көрсетуі автордың өзінің де ғұмырлық басты берік қағидасы екендігін оның өнегелі өмір жолынан анық аңғарылады.
Туған халқының өткенін зерттеп, зерделеп көне заман тарихының жаңа дәуір белесіне көтеріліп өркендеуі жолында «қатепті қара нардай» ауыр жүк көтерген биік парасат иесі, асқақ рухты асыл аға Көшім Лекерұлының мынау жарық дүниеден озғанына биыл бір жыл толды. Өткен жылы қазан айында республикалық ірі басылымдарда «Қазақстан тарихы үлкен қазаға ұшырағаны» хабарланды.
Отан алдындағы парызын ақтап, қарызын түгелдей өтеген ақ пейілді азамат, көрнекті тарихшы ғалым – Көшім Лекерұлының есімі, өнегелі де өрісті жолы ұмытылмақ емес. Ішінен шыққан туған перзентіндей аялаған ғылыми-зерттеулері оның мәңгі өлмес мұрасындай болашаққа жол тартуда. Сізге мың тағзым, жаны жаздай жарқыраған асыл аға, ақ жол...
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АЛМАТЫ