Банктердегі қолма-қол ақша қозғалысы бойынша кіріс-шығыс операцияларының сомасында да өсім байқалады. Оған коммерциялық мекемелердің қызметтері, шетел валютасын сатудан, жеке тұлғалармен жасалатын аударымдардан түскен сомалардың көбеюі себеп болып отыр. Ал шығыс операцияларының сомасы заемдар, жеке тұлғалар аударымдарын беру, еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеу, банкоматтарды нығайту есебінен артты.
Өңір тұрғындарының қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мән бере бастағаны байқалады. «Соның нәтижесінде көрсеткіш 52,2 %-ға көбейді және 52,9 млрд теңге сомасына 2,9 млн транзакция болды. Бұл республика бойынша барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы көлемінің 3,2 пайызы», дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының басшысы Айнұр Көшербаева.
Облыс бойынша депозиттер 12 %-ға өскен. Қазір банк филиалдарындағы салымдар 331,3 млрд теңге болды, бұл республика бойынша банктердің депозиттік базасының жалпы көлемінің 3%-ы. Сондай-ақ несие портфеліне қатысты көрсеткіштерде де өзгеріс бар. Бір ғана тұтынушылық мақсатта берілген несиелер 75,5 пайызға артып отыр.
«Биыл заңды тұлғаларға – 134,9 млрд теңге, жеке тұлғаларға – 187,7 млрд теңге несие берілді.Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол заңды тұлғалар берешектерінің азаюы есебінен 0,2 %-ға төмендеді. Заемдар заңды тұлғаларға экономиканың өнеркәсіп, көтерме және бөлшек сауда, автокөлік құралдарын жөндеу салалары бойынша, жеке тұлғаларға тұтыну мақсатында берілген», дейді А.Көшербаева.
Жалпы, аймақта сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын 910 шаруашылық субъектісі Ұлттық банк филиалына төлем балансы бойынша есеп тапсырады. Жыл басынан бері қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың 125 өтініші қаралды, оның 105-і облыс тұрғындарынан түскен.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ