Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ІІ-тоқсанында халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы табыстары 45 530 теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 4,3 пайызға өскен. «2017 жылдың ІІІ-тоқсаны бойынша облыста іріктемеге түскен 3 393 үй шаруашылығы зерттелді. Нәтижесінде, облыс бойынша жұмыссыздар саны 62,6 мың адамды құрап, 2016 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 0,6 мың адамға кеміген. Осылайша жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрап отыр», - деді ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков.
Облыстық статистика департаментінің 10 айдағы мәліметі бойынша, өңірде инфляцияның деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі 106,1% құраған. Бұл өз кезегінде өткен жылғы тиісті кезеңге қарағанда 0,7 пайызға төмен.
Бұдан бөлек, облыста азық-түлік тауарларының бағалары мен тарифтері 4,3 пайызға, ал азық-түлік емес тауарлар 8,6 пайызға өскен. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 5,8 пайызға қымбаттаған.